1.12.2020, 17:10
Қараулар: 13
САТЫБАЛДЫЛЫҚТАР АСАРЛАТЫП АУЫЛДЫҚ КЛУБ САЛДЫ

САТЫБАЛДЫЛЫҚТАР АСАРЛАТЫП АУЫЛДЫҚ КЛУБ САЛДЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еліміздің экономикасымен қатар әдебиеті мен мәдениетін де дамытуды алға мақсат етіп қойған болатын. Осы уақытқа дейін мақала аясында бірқатар жоба мен игі істер жүзеге асырылып келеді.

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Сатыбалды ауылында сәні мен салтанаты келіскен ауылдық клуб ашылды. Клубтың іргетасын 2015 жылы ауыл халқы асарлатып, бастама көтеріп қалаған болатын. Әйтсе де қолдың қысқалығы құрылысты тұралатты. Қаңқасы қаланған ғимаратқа ауыл жанашыры, ауылдық мәслихат депутаты, «Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сарбаев қаржы бөліп, жұмыстың өз деңгейінде атқарылуына атсалысты. Ауылдың бірқатар азаматы да балалардың шыңдалуына, бос уақытының тиімді өтуіне және ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып, қолынан келген көмегін аянып қалмады. Олардың қатарынан бір топ шаруа қожалық жетекшісі де табылды. Атап айтар болсақ, Ақылжан Абужалитов, Қанағат Абужалитов, Орынғали Қабдолов, Аманжол Қойшекенов, Нұрболат Әдиетов сынды ел ағаларының қолдауы арқасында келбетті ғимарат ауылдың ажарын кіргізді. Ғимараттың құрылысына атсалысқан азаматтардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олардың ішінде құрылысшы Абай Хасановтың еңбегін тілге тиек еткен жөн.

Ауыл халқы асыға күткен әсем орынның ашылу салтанатына аудан әкімі Альберт Есалиев арнайы қатысып, ауыл халқын қуанышымен құттықтай отырып, нысанның құрылысына атсалысқан азаматтарға өз ризашылығын білдіріп, Руслан Сарбаевқа облыс әкімінің алғысхатын және Абай Хасановқа өз атынан алғыс хат табыс етсе, ауылдық клубқа музыкалық құрылғыларды тарту етті. Ашылу салтанатынан соң Альберт Темірболатұлы ғимараттың ішінде орналасқан кітапхананың кітап көрмесімен танысты. Клубтың ашылуына арнайы келген облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов та ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, клуб жұмысының жанданатынына сенім білдірді.

– Бүгін Сатыбалды елді мекенінде қуанышты жағдай. Әрине, Тұңғыш Президент күні қарсаңында осындай әдемі нысанның ашылуы халықтың қуанышын еселендірді деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы жерден еліміздің абыройын асқақтатар өнер иелерінің шығатынына сенімдімін. Облыс бойынша игі істер атқарылып жатқанымен, бұл клубтың ашылуы – ерекше жаңалық, – деп ризашылығын білдірді.

Клубтың ішінде мәдениет үйі мен ауылдық кітапхананың орналасуы өнер мен білім іздеген жандардың бір жерде тоғысуына өз септігін тиігізіп қана қоймай, буындар сабақтастығы мен халқымыздың мәдени мұрасының, әдебиетінің дамуына белгілі деңгейде үлес қосады деген сенімдеміз.

Ауылдық клубтың ашылу салтанаты санитариялық талаптарды ескере отырып жүргізілді. Ән айтылып, күй төгіліп, ауыл тұрғындары жүрекжарды туындыларын паш етті. Сатыбалдылықтар үшін бұл күн ауыл тұрғындарының есінде қалар тарихи мереке болғаны сөзсіз.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ