1.12.2020, 17:00
Қараулар: 16
БОСТАНДЫҚ САПАРЫНАН (Репортаж)

БОСТАНДЫҚ САПАРЫНАН (Репортаж)

Басылымға жазылудың өзі – бір науқан. Кейінгі кезде қалтафондар мен смартфонға көбірек үңілген ауылдағы ағайынның газеткітап оқуға деген ықыласы төмендеп барады. Жастарды қойып, әлеуметтік желідегі жаңалықтарды оқуға ата сақалы аузына түскен қарттар мен ақ жаулығын кір шалмаған аналарымыз да құмар. Оны алысқа бармай-ақ әрбір отбасындағы әртүрлі гаджетті құшақтап жататын жанұя мүшелерінен аңғаруға болады. Жарайды, мақаламыздың төркініне көшейік. Газет оқырмандарының ынта-ықыласын арттырып, баспасөзге жазылуға үгіттеу үшін және ауылдағы ағайынмен кездесу мақсатында Бостандық ауылдық округіне іссапарға шықтық. Округ әкімі бізді құшақ жая қарсы алып, өзі аудан орталығында өтетін жиынға шұғыл кетіп бара жатқанын жеткізді. Қасымызға әкімдіктен бас маман Әлия Жұмашева мен уақыт пен жұмыс таңдамайтын, әркез қайнаған шаруаның ортасында жүретін қоғам белсендісі, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі Алтын Ақбаева апамыз қосылды. «Біссмилләмізді» айтып, жолға шықтық. Ойымыз қырда мал баққан ағайынды аралау.

Мал бағу оңай емес

Бостандық ауылдық округінде мал бағып, несібесін түгендегендердің қатары көбеюде. Ауылдың шетіндегі Әділжан Меңдіғұловтың шаруашылығына көлігімізді бұрдық. Әділжан ағамыз құдық басында мал суарып жүр екен. Аман-саулық сұрасып, ағамыздың жағдайына қанықтық. Әділжан ағамыз мал бағатын малшы жоқ екенін алға тартты. Иә, расымен, кейінгі жылдары қырға барып мал бағуға құлшынған жандар азайып бара жатыр. Бұл мәселенің төркіні қайда жатқаны бәрімізге белгілі. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, қожалық иелері ауылдағы жұмыссыз ағайынның атаулы әлеуметтік көмек алғаннан кейін мал бағуға деген ынтасы азайғанын айтса, жұмыс істегісі келмейтіндер қожалық беретін еңбекақының төмендігін алға тартады. Расымен кім кінәлі? Біраз бас қатыратын шаруа.

Сапарымызды жалғап, Қызылту бағытындағы «Нұрбек» шаруа қожалығының иелігіне жол тарттық. Шаруашылықты жетпістің жетеуіне келген Қазбек Ғазизов ақсақал басқарып отыр. Қарияның әлі де болса аттан түспей, барлық шаруаның бас-қасында жүруі жастарға үлгі боларлық. Шаруашылықтың шаруасы ширақ. Баласы Әділ де әкесіне көмекші болып, қырда шаруа жасап жүр. Құқық қорғау саласында жемісті еңбек еткен Әділ ағамыз бүгінде еңбек демалысына шыққан. Шаруашылық қарауында 200-дей ірі қара, 500 қой, 50-дей жылқы бар. Өзеннен мал айдап келген ақсақалмен асықпай әңгімелестік.

– Жағдайымыз жаман емес, елмен бірдей еңбектенудеміз. Тек биылғы қуаңшылық қысып жіберді. Дегенмен қамсыз отырғанымыз жоқ. Алдағы қысқа толық әзірміз. Биыл 4000 бума шөпті Жәнібектен, 400 бума шөпті Тасқаладан сатып алдық. 600 қап жем де алып отырмыз. Енді жыл сайын осылай сатып алатын болсақ, мал асырау тиімді болмай қалатын сеілді. Малға су қат. Қаздырған құдығымыздың суы ащы болып шықты. Қазір мал су ішу үшін өзенге барады. Оның үстіне малшы да жоқ. Айына 100 мың теңге еңбекақы беремін деп жарияласам да адам келмейді. Малдың басында Әділ балам екеуміз жүрміз.

Биыл қыстақ басынан үй салдық. Онымен қоса сал соятын шағын пункт те жасақтап жатырмыз. Тек салған үй мен мал сою пунктін заңдастыра алмай отырмыз. Кезінде бізге жер бергенде дұрыс рәсімделмеген. Соның салдарынан заң бойынша бұл жерден үй, қора салуға болмайды екен. Біз мұның бәрін білмедік қой. Шаруа жасағасын үй де, қора да, басқа да шаруашылық нысандары қажет. Енді не істейміз деп басымыз қатты, – дейді Қазбек ақсақал.

Иә, бұл бір ғана шаруаның басындағы жағдай. Мал ұстау сырттан қарағанда оңай болып көрінгенімен, біраз мәселенің күрмеуін шешуді талап етеді.

«Нұрбек» шаруашылығы қайырымдылық, демеушілік жасаудан шаршаған емес. Ауыл әкімдігімен әркез тығыз байланасып, барлық іс-шарадан шет қалмайды. Жуырда Әділ ағамыз Бостандық ауылындағы салынып жатқан бокс залының құрылысына 1 млн. теңге қаражат аударған. Елге жанашырлық танытқан азаматтың ісіне қалай сүйсінбейсің? Біздің де келген шаруамызға құлақ асқан Қазбек ақсақалдың газетке жаздыруға көмектесемін деген уәдесін алып, сапарымызды жалғастырдық.

Заманауи, зәулім үй салған

Қырдағы ағайынды аралаған кезде байқағанымыз, мал баққандардың жағдайы жалпы жаман емес. Қыстақтар басынан заманға сай үй салып, қорақопсысын түзеген. Бұрынғыдай құлайын деп тұрған қора мен сылағы түскен үйді көрмейсің. Қыздың жиған жүгіндей жинақы. Қыстақ басынан заманауи, зәулім үй соққан жанның бірі – Дарын Батыров. Дарын Сарыөзен бойында атакәсіпті игеріп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Жастайынан малдың артында жүрген азамат 2002 жылы «Нұрбол» шаруа қожалығын құрған. 2012 жылдан бастап шаруасын дамытуды көздеген Дарын «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, пайдасын көрген. Соның нәтижесінде күні бүгінге дейін Үкіметтің бар игілігінен құр қалмауға тырысады. Қыр басынан керемет үй салыпты. Ішіне кірсеңіз «Мына үй далада емес, қалада тұру керек» деген ойға қаларыңыз сөзсіз. Жарық әрі жылы. Қазіргі күнде ұлдарын да атакәсіпке баулып жүр. Дарынның да алға тартар мәселесі – мал қарайтын малшы жоқтығы. Алдағы жоспары – қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіру. «Аз ғана малмен жеткен шаруаның іскерлігіне риза болдық.

Қоян өсірген отбасы

Округ орталығына келгесін Алтын апамыз: «Қайратжан, біздің ауылда қоян өсіріп, табыс тауып жатқан отбасы бар. Соған соғайық. Өзім осы отбасыдан үш қоян сатып алып, аудан орталығындағы арнаулы әлеуметтік орталыққа сыйға тартуды жоспарлап отырмын», – деп көлігімізді бұрды.

Қайырлы Әдиетов пен Арайлым Әліпқалиеваның шаңырағы. Жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасына қоян асырауға ұлдары Ақылбек түрткі болыпты. Аудан орталығында қызмет атқарған жас жігіт бірде үйге екі қоян алып келген. Ақылбек өзі бастап, үйде бауырларымен бірге қоянға деген қызығушылықтары оянып, қояндарды күтіп-баптаған. Нәтижесінде қоян саны қысқа уақытта 100-ге жеткен. Отбасы әр қоянды 2500 теңгеден сатып, табыс табуда. Иә, ерінбегенге қандай да болмасын кәсіппен айналысып, ақша табуға болады. Ең бастысы ынта керек.

Сапармыз кезінде қырдағы ағайынның «Газетке жазыламыз, қолдан келгенше өзге отбасыларды да жаздырамыз» деген уәдесіне де қанықтық. Тіптен «Ақшасын берейік!» дегендері болды. Әйтеуір төл басылымның халыққа әзірге керек екеніне көзіміз жетті. Газетке жазылайық, ағайын!

Қайрат ЖАҚЫП