20.12.2020, 17:58
Қараулар: 53
НҰРМҰХАМЕД ДОСЫБАЕВ: Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетін министрлік құрамынан шығару керек

НҰРМҰХАМЕД ДОСЫБАЕВ: Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетін министрлік құрамынан шығару керек

Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетін ҚР Білім және ғылым министрлігі құрамынан шығару керек. Мұндай ұсынысты Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев ADAL BILIM алаңында айтты.

Спикердің айтуы бойынша, менеджмент қағидасында білім саласының сапалы болуы үшін міндеттердің орындалуы мен оларды қадағалау жұмысы маңызды рөл атқарады. Осыған орай Нұрмұхамед Досыбаев елімізде аталған мәселені шешудің жолын ұсынды.

«Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетін министрліктің құрамынан шығару керек. Тіпті Үкіметтің құрамынан шығарса да артық болмайды. Сол кезде еліміздегі барлық мектептің сапасын тәуелсіз бақылай аламыз. Мысалы Англияда мұндай мекеме — мемлекеттік емес, қоғамдық орган, бірақ мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Себебі ол министрлікке бағышынты болса, тиімді жұмыс істемейді», — дейді спикер.

Сондай-ақ Astana Garden School мектебінің негізін қалаушысы мектептегі менеджменттің әлсіз болуына кооперативті басқару қағидаларының болмауы да себеп болатынын алға тартты. Қазақстанда директорларды академиялық тұрғыда дайындағанымен, менеджер болуға үйретпейтінін айтады. Эфир барысында спикер халықаралық тәжірибеде директорлар мен қамқоршылық кеңестің жұмысы қалай жүргізілетіні туралы сөз қозғады.

«Мектепте директор атқарушы органның басшысы болып саналады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мектепте басқарушы және орындаушы орган бар. Шетелдік мемлекеттік мектептерде басқарушы орган – қамқоршылық кеңес. Бізде басқарушы орган – білім басқармасы. Яғни елімізде қамқоршылық кеңестің әлі де құзыреттілігі жоқ. Англияда мектеп директоры тоқсан сайын қамқоршылық кеңестің алдында есеп береді. Ал біздің қамқоршылық кеңестің құрамы да нашар. Олардың құрамына сапалы менеджерлер кіріп, үш комитет жұмыс істеуі керек: аудит және тәуекелдерді басқару комитеті, стратегиялық даму жөніндегі комитет, мамандармен жұмыс және оларды ынталандыру бойынша комитет. Қамқоршылық кеңестің құрамындағы адамдар осылардың бәріне мән беріп, тегін қызмет етуі қажет. Олай жұмыс жасауы үшін Білім және ғылым министрлігінен сондай бағыт-бағдар беретін құжат жүзінде дайындалып, қаржы бөлінуі тиіс»,- деді Нұрмұхамед Досыбаев.