3.12.2020, 11:24
Қараулар: 106
СҮЙЕКЖЫРА. КІНДІК ҚАНЫМ ТАМҒАН БОЛАР… (ДЕРЕКТІ ӘҢГІМЕ)

СҮЙЕКЖЫРА. КІНДІК ҚАНЫМ ТАМҒАН БОЛАР… (ДЕРЕКТІ ӘҢГІМЕ)

 

Мұғалжар тауының биігіне көз салған Нұржан: – Е-е-е, туған биігім, сан ғасырдың куәсі болған саған уақыт айғыз-айғыз ізін салғанымен, еңсеңді бір түсірмей жасап келесің. Міне, біз болсақ уақыт деген төрешіге бағынып, жүріп келеміз, жүріп келеміз. Осы бір ғұмырымда марқұм анам Зере айтып кеткен бір аманатты орындауды армандап жүр едім. Соның жөні енді келіп тұрған сияқты. Сапарымды оң қыла гөр! – деп іштей күбірлеп, бетін сипады. Жүрдек пойызбен кәрі шаһар Оралға келді. Жетер нысанасы қаладан әрі қарай оңтүстік ауданның бір шалғай ауылы болып шықты. Таксимен бес сағаттай жол жүріп, ауылға да жетті. Ауыл адамдарына жолығып, шаруасының жайын жеткізгесін: – Үлкендер өмірден өтіп кетті, бір білсе, өткеннен хабары бар, түсінігі мол Ахмет деген ағамызға жолықтырайық. Сол жөн сілтер, – деген ақыл қосты олар. Жолсоқты болып шаршап келген Нұржан ас-ауқаттан кейін қабағы жадырап, жайлап әңгімесін бастады. – Ахмет інім, байқап отырсың. Ата жасқа келіп қалған адаммын. Анамның айтқан аманаты болатын. Беймаза тірліктің ығында жүріп, содан бері қырық жылдай уақыт өтіп кеткенін де байқамаппын. Енді сол борышымды өтеп кетейін деп осы өңірге ат басын бұрғаным еді. Анамның әңгімесін айтайын. «Сонау 1922 жылы (мен екі жас шамасында болармын) осы өңірдің сор жағасындағы бір сай жырада үлкені-кішісі бар бір топ адам аштықтан әлсіреп жатқанымызда, далаға құмаршық теруге шыққан адамдар (олардың да өздері қайбір жетіскеннен дала кезіп жүр дейсің…) ауылға алып келген. Алда көретін жарығымыз болып тұр ғой. Үлкендерді білмеймін, мен сияқты екі-үш баланы балалар үйіне өткізіпті. Аудан орталығындағы, одан кейін Ақтөбедегі балалар үйіне ауыстырған. Соғыс басталған уақытта ФЗО-да оқып, майданға киім тігетін фабрикада жұмыс істедік. Сонау елуінші жылдардың тұсында «Өзімнің туған жерім қайда, қай жерде дүниеге келдім, ата-анам кім болған, есімімді кім қойған?» деген сұрақтар жүрегімді мазалай бергесін, өзім тәрбиеленген балалар үйінің архивінен мәлімет іздеген едім. Бар тапқаным көк сиямен жазылған «Бөкей уезі, Саралжын артелі» деген бір жапырақ анықтама қағаз болып шықты. Алпысыншы жылдардың ортасында сол өңірге барып қайттым. Сол кезде ауылдың үлкендері: – «Сүйекжыра» деген сай бар. Сол жерден сендерді тауып алған, – деп алып барған еді. Сонда көнекөздер: – Бұл мекен жер бетіне шығып қалған адам сүйектері көп кездескендіктен «Сүйекжыра» деп аталған. Сор бойынан мал іздеген, жоқ іздеген адамдар сол сүйектерді қайтадан көміп кетіп жүріпті. Зобалаң жылда адамдарды арулап жерлемек түгіл, талғажау етер нәпақа табылмай тұрғанда, бұл жағдай неге бұлай болды деп айта алмайсың. Осыдан келіп бұл жердің атауы Сүйекжыра аталып кетті, – дегенді айтқан». Бұл әңгімеден кейін анам: «Менің кіндік қаным тамған жер сол болар. Зобалаңда шейіт кеткендердің арасында менің де ата-анамның сүйегі жатқан шығар. Өкініш, арманай!» – деп күрсініп отырушы еді жарықтық, – деп Нұржан ақсақал шаршаңқырап барып әңгімесін аяқтады. Ауылдан шыққан көлік отыз бес шақырым жердегі қасиетті Бөкей ордасының қазіргі Темір Масин ауылымен екі ортаны бөліп жатқан «Қақпақсор» жанындағы Сүйекжыраға далалық жолдармен ә дегенше жеткізді. Боз дала, боз жусан, сай аңғары. Жермен-жексен болып еміс-еміс көрінетін тапаулар. «Ұлым, анаңның ата-анасы жатқан жерге келгенің дұрыс болған. Бізді іздесеңдер, біз сендерге бабаларың көрген зұлматты көп-көп қылып айтар дедік» дегендей сар даланың сар желінің үні құлаққа келеді. Ұзақ үнсіздіктен кейін дұға етіп, бетін сипаған Нұржан қолындағы орамалға бір уыс топырақты аялай орап алды.

Көлік ауылға қарай жүйткіп келеді. – Мына оң жағымызда көз ұшымызда мұнартып қалып бара жатқан күмбез – әйгілі қазақ дирижері Шамғон Қажығалиевтің ата-анасының зираты. Анау бір жалғыз үй тұрған жер «Құрманкөл» аталады. Небір жайсаңдар шыққан жер. Қайырғали Имашев, Сағит Садықов, ТұяқбердіШәмілов. Бөкей ордасымен шекаралас жатқан қасиетті жер ғой, – деп Ахмет әңгімесін одан әрі қарай жалғастырады. Кенет алдан жол талғамайтын джип көлігі шыға келді де, бұларды тоқтатты. Көліктен шыққан екі жігіт құжаттарын ұсынып, көліктің ішін тексерді. – Аға, қысылмаңыз! Бұл өңірді қазіргі күнде азайып бара жатқан ақбөкендер мекендейді. Соны қорғайтын мекеменің қызметкерлері ғой, – деп Ахмет түсіндіріп жатыр.

Ауылға келгеннен кейін Нұржан: – Інім, қызметіңе Алла риза болсын. Енді қайтіп бұл жаққа аяқ баса аламын ба, жоқ па, бір Алла біледі. Мойнымдағы үлкен бір ауыр жүктен құтылып бара жатырмын. Немерелеріме «Әжелеріңнің кіндік қаны тамған жердің бір уыс топырағын алып келдім. Сол қасиетті топырақты сендердің қолдарыңмен әжеңнің қабірінің басына себерміз…» деп бір қуантып тастаймын, – деп қимай қоштасып, көлікке мінді.

Саралжын ауылының қырына шыққаннан кейін көлік жүрісін жылдамдата түсті. Кенет көліктің алдын сары жездей, алып сары толқын орай берді. Кілт тоқтады. Үш жүздей жез киіктің алдындағы мүйізі қарағайдай текесі бұларға қарай жалт бұрылды да, көкке бір орғып секіріп, сағымға араласып бұлдырап бара жатты. – Бабаларымыз мәңгілік мекенін тапқан жердің иесі – сендерсіңдер ғой. Енді сендер адам қолымен жасалатын зобалаңға тап бола көрмеңдер, жез киіктерім! – деп Нұржан іштей күбірледі. Көлік аудан орталығына қарай жүйткіп келеді.

P.S. Қазіргі күнде тарихшылардың зерттеуі бойынша зобалаң жылдары қазақ даласында аштықтан төрт миллионға жуық адам қырылған екен.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі