3.12.2020, 11:20
Қараулар: 110
КҮРЕ ЖОЛ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

КҮРЕ ЖОЛ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Биылғы жыл Казталов ауданы үшін жемісті жыл болды десек, артық айтқандық болмас. Ауданымызда халық игілігі үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз жоба жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларымен нысандар мен тұрғын үй құрылыстары және жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жуырда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Чапаев – Жалпақтал – Казталов күре жолының 157-192 шақырымына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған болатын. Құрылысты атқарған «Юнисерв» ЖШС аудан орталығына дейінгі күре жолдың 35 шақырымын сапалы жөндеп, тұрғындар игілігіне тапсырды. Күре жолдың іске қосылу және ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, жолдың сапасына қатысты бағасын берді.

– Чапаев – Жалпақтал – Казталов бағытындағы жолдың құрылысы 1985 жылы басталған болатын. Бірақ қаражат болмауына байланысты тұрып қалды. Жөндеу 2007 жылы қайтадан қолға алынып, жалғасты. «Жолаушыны жол сынайды» демекші, Қосөзен елінің халқы талай жыл бойы жол азабын көріп, облыс орталығына қатынау үшін 9-12 сағат уақытын жоятын еді. Тіптен жауын-шашынды мезгілде жолаушылардың жол бойына түнеген кезі де болды. Енді осы қиындықтың бәрі артта қалды. Аудан мен облыс орталығын байланыстыратын маңызды жолдың ашылуымен аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта бұл жол құрылысы жалғасады. Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы Елбасымыз облысымызға жасаған сапарында Жәнібек, Бөкей орда аудандарына дейін қатқыл табанды жол тарту туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде ол жұмыс баяу болса да жүзеге асуда. Осы аудандар бағытындағы жолдардың күрделі жөндеуіне республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, алдағы жылдары Жәнібек, Бөкей орда аудандарын облыс орталығымен байланыстыру мәселесі толығымен шешіледі. Сонымен бірге Казталовтан Ресей шекарасына дейінгі жолдың құрылысын жүргізуіміз қажет. Осыдан екі-үш күн бұрын мен Саратов облысының губернаторымен сөйлескен болатынмын. Олардың тарапынан да Александров-Гай ауданы орталығынан мемлекеттік шекараға дейінгі жол құрылысын бастау жоспарлануда. Біз де шекараға дейінгі жолды жөндесек, екі елдің арасындағы байланыс пен қарым-қатынас үшін маңызы зор. Осындай қуанышты сәттеріміз көп болсын! Барлығы да халық үшін жасалуда. Жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясына және құрылысты сапалы атқарған «Юнисерв» ЖШС-нің ұжымына алғыс білдіремін, – деді өңір басшысы.

Республикалық маңызы бар күре жолдың іске қосылуына аудан халқы дән риза. Жолдың ашылу салтанатында облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, ашық-жарқын әңгімелесті. Аудан жұртшылығы атынан Уәлиолла Әбішев ақсақал алғыс білдірді.

– Бүгін біздің аудан үшін тарихи сәт. Көптен күткен күре жол жөнделіп, іске қосылды. Сонымен бірге аудан орталығындағы көшелердің жолы жөнделіп, жаяу жүргінші жолы салынуда. Барлық жұмысты атқарған мердігер мекемелерге және облыс, аудан басшыларына аудан тұрғындары, ел атынан алғыс білдіремін! – деп қуанышын жасырмады ақсақал.

Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Болашақ ауылдық округіне сапар шекті. Округ орталығында биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен А.Байтұрсынов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп күрделі жөндеуден өткізілген болатын. 461 орындық мектеп ғимараты 1988 жылы типтік жобамен салынған. Содан бері жөндеу көрмеген ғимараттың төбесінен су кетіп, балалардың білім алуына қолайсыздық туғызған болатын. Облыстың, ауданның атқамінер азаматтары бұл жағдайды талай мәрте өз көзімен көріп, мәселені шешу жолында жұмыстанды. Соның нәтижесінде мектептің күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, ендігі кезекте қаржы бөлу ғана қалып еді. Көптің тілеуі бір арнаға тоғысып, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржы бөлінді. Сонымен қазақтың біртуар азаматы А.Байтұрсыновтың есімі берілген орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу басталып, құрылысты «Жиенбай» ЖШС уақытында аяқтады.

Ғали Нәжімеденұлы білім ордасын аралап көрді. Заманауаи жөнделген мектептің іші жарық және жылы. Балалардың білім алуына толық мүмкіндік жасалып отыр. Мектепте облыс басшысы ұстаздармен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Білім нысанының дер кезінде жөнделіп, мәселенің күрмеуі шешілгеніне риза ардагер ұстаз, ауыл тұрғыны Жанғаным Ерғалиева облыс әкіміне алғысын жаудырды: – Біздің қуанышымызда шек жоқ. Мектебіміз күрделі жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындары, ұстаздар мен оқушылар қуанышқа бөленіп жатыр. Мен өзім осы мектепте 37 жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Біздің Болашақ секілді шалғайда жатқан ауылға көңіл бөліп, мәселені шешуде жұмыстанған Ғали Нәжімеденұлы бастаған азаматтарға алғыс айтамын!

Мұнан кейін облыс басшысы округтің Көпкүтір ауылына ат басын бұрып, ауылдағы атқарылып жатқан істермен танысты. Ауылда ұялы байланыс пен интернет тарататын матчта орнатылып, техникалық су үшін бөгет тазартылуда.

Жалпы, ауданымызда 48 елді мекен болса, соның жетеуі 4G, 3G интернет желісімен қамтылған. Бұл ірі елді мекендерде аудан халқының 51 пайызы тұрады. Қалған 48 пайызы тұрғындар интернет желісіне қосылмаған. Осы мәселені шешу үшін аудан басшылығы «Қазақтелеком» АҚ-мен келісімшарт жасап, ауданның 10 елді мекеніне 3G интернет қоспақ. Аудандық бюджеттен қаржы қаралып, Жаңатаң, Көпкүтір, Сарықұдық, Жас ауылдарына ұялы байланыстың матчталарын құрастырып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары қараша-желтоқсан айларында аяқталады деп күтілуде.

Кейінгі жылдары ауданымызда қуаңшылық орын алып, су тапшылығы сезілуде. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар басқармасы ауданға экскаватор мен бульдозер алып берген. Бұл техникалар аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесіне беріліп, ауылдардағы бөгеттерді аршу жұмыстарына пайдаланылуда. Бүгінде аудандағы 11 елді мекендегі 12 бөгетті тазарту қолға алынған. Сонымен бірге 8 ауылдың көлдіктеріне су айдалып, Сарыөзен-Қараоба су құбырын дайындау, Фурманов каналыҚособа және Ащысай-Қарасу каналдары қазылған.

Осындай нәтижелі жұмыстарды көрген өңір басшысына ауданның таза ауыз сумен қамтылуы да кеңінен баяндалды. Аудан тұрғындарының бүгінгі таңда 85,2 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл жергілікті бюджет есебінен Бозоба, Сексенбаев, Еңбек, Көпкүтір, Аққурай, Саралжын ауылдарында құдықтар қазылса, Қошанкөл, Нұрсай ауылдарының ауыз су ұңғымалары жөнделіп, тазартылған. Мұнымен қоса Жалпақтал, Ақпәтер, Жаңажол, Жұлдыз ауылдарындағы таза су қондырғылары жөнделді. Ендігі кезекте Жаңатаң, Жас, Оразғали, Беспішен, Ордабай, Сатыбалды, Әбіш ауылдарын сумен жабдықтауға арналған модульдік оқшаулау станция құрылысының және Талдықұдық, Қоныс ауылдарын ауыз сумен қамту үшін жобалықсметалық құжаттары жасақталуда. Барлық жұмыс аяқталған жағдайда аудан тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтылатын болады.

Қайрат ЖАҚЫП