3.12.2020, 11:04
Қараулар: 74
ЖАСТАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗ ЖҮР?

ЖАСТАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗ ЖҮР?

Жұмыссыздық – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Оның ішінде жастардың жұмыссыздығы алаңдатады. Себебі қоғамда жұмыссыздардың басым көпшілігі – жастар. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жастардың жұмыссыздық деңгейі 2019 жылы 5,2 пайызды құраса, 2020 жылы небәрі 0,1 пайызға төмендеп, 5,1 пайызды көрсетіпті.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында кешенді жоспарлар құрылып, бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, білім беру ұйымдарының түлектеріне алған мамандығы бойынша тәжірибе жинақтау үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қарастырылған. Бұл бағдарлама негізінде 29 жасқа дейінгі жұмыссыздар оқуды аяқтағаннан кейінгі үш жылдың ішінде алты ай тәжірибеден өтеді. Ауданымызда «Жастар тәжірибесіне» жолданған жас мамандар саны – 196 адам. Сонымен бірге өз-өзін жұмыспен қамтимын деген қыз-жігіттерге қолжетімді «Еңбек» бағдарламасы бар. Мұнда «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерінде оқыған жанға грант алуға мүмкіндік беріледі. Әйтсе де қолда бар дерекке сүйенсек, бұл бағдарламаның жемісін көріп отырғандар қатары аз екен. Осы орайда «Жастар неге жұмыссыз жүр? Олардың атаулы бағдарламаларды тиімді пайдалана алмауының себебі неде?» деген сауал туындайды. Бұл сауалға халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Бақдәулет Әміров жауап берді.

– Басты себеп – жастардың жалқаулығы деп білемін. Өйткені қазір жастарға сан алуан мамандық, соның ішінде кәсіптік мамандықтар бойынша жұмыс ұсынамыз. Алайда олар құлықсыздық танытып жатады. Кейбіреуі айлықтың аздығын сылтауратып, ұсынған жұмысты керек қылмайды. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы мен мүмкіндігін де түсіндірудеміз, бірақ ден қойып жатқандар аз, – деген Бақдәулет Қанатұлының сөзінің жаны бар.

Жастардың жолдаған жұмысқа бармай, құлықсыздық таныту себебін «Казталов ауданы жастар кеңесі» төрағасы Мұқағали Шоқпанов былай деп түсіндірді.

– Жұмыссыздыққа себеп, біріншіден, жұмыс орындарының аздығы, екіншіден, еңбекақының төмендігі. Жастардың барлығы бірдей жұмыссыз жүрген жоқ. Ынталы замандастарымыз баршылық, әйтсе де көбі мамандығына сай жұмыс таппай қиналады. Сондықтан олар оқу орнын бітірген соң қалада қалып немесе вахталық жұмысқа кетіп жатады. Мұнымен қоса барлығы жалақының жоғары болғанын қалайды.

Қазіргі таңда жұмыссыздықпен қатар еңбектің сапасын көтеру мәселесіне де көңіл бөлген жөн. Адамға жұмыс тауып беруге болады. Бірақ сол жұмысын сапалы атқаруы жұмыссыздықтан да маңызды, – деген пікірін білдірді ол.

Ауданымызда маман тапшылығының байқалып отырғаны, яғни бос жұмыс орындарының әлі де бар екені мәлім. Жұмыс көзі бар, дегенмен жастардың басым көпшілігі ауылдық жердегі жұмысты місе тұтпайтын секілді. Әйтсе де алған білімін еңбек жолында кәдеге жаратып жүргендер жоқ емес. Солардың бірі – Жаңажол ауылдық округіне қарасты Әбіш негізгі орта жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Фариза Ибраемова.

– Жастар жұмыс істеуге келгенде көбіне қалалық жерді таңдайды. Менің ойымша, ауылда еңбек ету анағұрлым жеңіл. Мәселен, мен қазіргі таңда жас маман Жұмыссыздық – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Оның ішінде жастардың жұмыссыздығы алаңдатады. Себебі қоғамда жұмыссыздардың басым көпшілігі – жастар. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жастардың жұмыссыздық деңгейі 2019 жылы 5,2 пайызды құраса, 2020 жылы небәрі 0,1 пайызға төмендеп, 5,1 пайызды көрсетіпті. ретінде Әбіш ауылында қызмет атқарып жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды. Бастысы ыңғайлы орта мен жағдай емес, біліміңді кәдеге жарату, жұмысыңа құштарлықпен қарау. Мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында еңбектену керек. Болашаққа нық сеніммен қадам басу қажет, – дейді жас маман.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа 2020 жылы жұмыссыздық мәселесі бойынша 217 жас көмекке жүгінген. Оның ішінде 90-ы «Жасыл ел» жастар жасағына үш айлық маусымдық жұмысқа, 13-і «Студенттік құрылысқа» жолданды. Жұмыспен қамту орталығымен бірлескен ресурстық орталыққа кеңес алуға келген 137 жастың 82-сі тұрақты жұмыс тапты. «Жастар тәжірибесі» бойынша 67 жас жұмыспен қамту орталығына жолданыпты. Сонымен қатар биыл «Түлектерді тарту» жәрмеңкесі нәтижесінде 36 маман тұрақты, жеті маман уақытша жұмысқа орналасқан.

Сыныққа сылтау іздегенше, болашақты ойлаған жөн. Сын түзелмей, мін түзелмесін ескерсек, кей жастардың жұмыссыздығы – қоғамға сын, басты мәселе. Айта кетейік, аудан бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 10 жоба белгіленді. Жоба негізінде барлығы 739 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 369 жұмыссыз азамат екі қолға бір күрек табатын болады. Бұл жұмыссыз жастар үшін де үлкен мүмкіндік.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ