3.12.2020, 11:00
Қараулар: 70
«ЖӘҢГІР» ҚОЖАЛЫҒЫНДА ЖАҢАЛЫҚ МОЛ

«ЖӘҢГІР» ҚОЖАЛЫҒЫНДА ЖАҢАЛЫҚ МОЛ

Бүгінгі күні өңіріміздің шаруалары төрт түлік малды өсіруге құлшынып отыр. Мәселен, Қараөзен ауылдық округіне қарасты «Жәңгір» шаруа қожалығының басшысы Қайыржан Стамғазиевті бұл кәсіпке тыңнан жол салды десе де болады.

‒ Мен асыл тұқымды ірі қара малын сатып алу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ халықтық тұтыну тауарларының, шикізат пен бастапқы өңдеу өнімдерінің өндірісіне бағдарланған жаңа және әрекет етуші кәсіпорындарды құру мен жаңартуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 60 миллион теңге несие алып, қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алдым. Қазір өңірде мемлекеттік бағдарламаның көмегімен несие алып, өз ісін дамытып, асыл тұқымды ірі қара, қой өсіріп отырған шаруашылықтар баршылық. Осылардың қатарында мен де қазақтың ақбас сиырын өсіріп, өнім көлемін көбейтуді көздедім. Қазақстанда өсірілетін етті бағыттағы ірі қара малдарының ішінде қазақтың ақбас сиыры негізгі тұқым болып табылады. Ол біздің аймақтың қатал табиғи-климаттық шарттарына жақсы бейімделген тұқым.

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік бағдарламасының «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ұзақ жылға дейін кредиттеу мерзімін және ауыл шаруашылығы техникасын, соның ішінде аспалы және тіркемелі жабдықты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, негізгі құралдарды сатып алуды субсидиялау мен кредиттеу мөлшерлемесін қамтитын қолжетімді бағдарлама.

‒ «Жәңгір» шаруа қожалығы былтыр 2019 жылы құрылып, 100 бас ақбас асыл тұқымды ірі қара малымен шаруасын бастады. Шүкір, алғашқы қадамымыз табыссыз емес. Жас мал тез өседі, оларды семірту жолында орташа салмағын біртәулікте 950-1000 граммға дейін жеткізуге болады. Сондықтан жас малдан 15-20 айдың ішінде толық пайда көруің әбден мүмкін. Бұл жаста аталық бұқалардың тірі салмағы 350-400 келіге жетеді, ал осы жастағы мал етінің дәмі өте жақсы болады.

Жаңадан құрылсақ та, қожалығымызға қажетті техникалар алып, малдарды ішетін сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында арнайы көбік қаздырып, отбасылы малшы, көмекшілерімізді де тауып қойдық. Олар тұратын үйге барлық жағдайлар жасалған.

Енді еңбек еткен жанға кедергілер мен қиындықтар кездеспей тұрмайды. Шаруаны жаңа бастағасын іркілістердің болғанын жасыра алмаймыз. Бірақ шынайы еңбек болған жерде ондай кедергілер тосқауыл бола алмайды. Бүгінгі таңда өңіріміздегі шаруалардың барлығы да жайылым тапшылығы мен малдың ішетін суынан қиындық көрді. Ол енді жер баққан шаруалар үшін ортақ мәселе. Ала жаздай жауын болмай, ылғалдың аз түсуі салдарынан жердің топырақ қабаты кеуіп кетіп, шөп шықпай қалды. Бұны біз өтпелі кезеңнің еншісіне беріп, алдағы уақытта жақсы күндеріміз көп болады деп сеніп отырмыз, ‒ дейді қожалық жетекшісі Қайыржан Мұстақапұлы.

Мемлекет қамқорлығына сенім артып, тәуекел жолда мол табысқа қадам басқан «Жәңгір» шаруа қожалығының жетекшісі Қайыржан Стамғазиев пен онда еңбек ететін барлық шаруаларға табыстан басқа тілеріміз жоқ.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ