3.12.2020, 10:57
Қараулар: 87
ТЕҢГЕМІЗ ТЕҢСЕЛМЕСІН ДЕСЕК…

ТЕҢГЕМІЗ ТЕҢСЕЛМЕСІН ДЕСЕК…

Баршамызға аян,1993 жылдың 15 қараша күні жаңадан тәуелсіз алған еліміздің өзінің төл теңгесі қолданысқа енгізілді. Сонау Кеңес кезінде рубльге үйреніп қалған халық үшін бұл да бір тосын жағдай болды. Өйткені Кеңес одағында рубль арқылы тауар ақша қатынасы жұмыс жасады. Экономиканың күретамыры рубль арқылы ғана жүргізілді. 15 одақтас республика өз алдарына бөлек отау тіккеннен кейін әрқайсысының өзінің валютасы болуы да заңды құбылыс еді. Өйткені рубль аумағында қалу еліміз үшін де тиімсіз болатын. Сөйтіп дербес мемлекеттің символы болып табылатын валютамыз Шоқан, Абай, Абылай бабаларымыздың суреттерімен безендірілген төл теңге тарихымызға енді. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Теңгеміз экономикамыздың басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Шетелдік валюталармен бірге теңге де өзінің ішкі рынокта қызметін атқарып келеді. Әрине, ақшаның бағамы, оның инфляцияға ұшырамауы жэкономикаға байланысты. Қазіргі күнде еліміз жақын және шет елдермен тығыз экономикалық байланыста болуы, сауда-саттықтың жүруі олардың ішкі-сыртқы факторларымен бірге қабыса жүретіні сөзсіз.

Әсіресе, дүниежүзінің көптеген елдері, соның ішінде біздің де еліміз мұнай экспортына тәуелді болып отырған жағдайда ОПЕК-тің мұнай бағамын өзгертіп тұруы теңгеге әсерін тигізуде. Еліміздегі белгіленген үшжылдық бюджет мұнай баррелінің 40 долларға есептеуі негізінде жасалғаны белгілі. Алайда өткен ақпан айында мұнай баррелінің төменге қарай құлдырауы теңгемізді де теңселтті. Соның нәтижесінде республикалық бюджетті қайтадан нақтылау қажеттігі туындады. Үкіметтің жан-жақты сараптауы нәтижесінде теңгені қазіргі жағдайда өз деңгейінде ұстап отыру, инфляцияға жол бермеу сынды батыл қадамдардың жасалғанын білеміз. Алайда барлық жердегідей сияқты әлемде індеттің таралуы, мұнай бағасының төмендеуі қымбатшылыққа да ұрындырып тұрғаны шындық. Нәтижесінде азық-түлік тауарларының бағасы көтеріліп, теңгенің инфляцияға ұшырауы байқалып отыр.  Күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, азық-түлік тауарының осы жылдың ішінде 8,5 пайызға қымбаттауы қалтамызда артық қалуға тиісті теңгелердің азаюына әкеліп соқтыруда. Бірақ, Президенттің берген тапсырмасына орай түрлі деңгейдегі банктер теңгені тұрақтандыру үшін теңге арқылы сатып алу қолжетімдігін арттыру бағытын кешенді жоспарлауда. Сондықтан бұл жағдайдан қорқып, үркудің қажеті жоқ деп санаймыз. Дейтұрғанмен, күнделікті тұрмыста адамдар қолындағы қаражатын үнемді жұмсауға, уақыт талабына сәйкес үйлестіріп отыруға немқұрайлық танытады. Нәтижесінде қолымызға тиетін ақша еш нәрсеге жетпейді деп түрлі сылтаулар айтады.  Ал қолдағы қаражатты тиімді жұмсау ол адамның өзіне байланысты. Осыған орай ауыл тұрғынын әңгімеге тарттық.

Фарида ӨТЕГЕНОВА, ауыл тұрғыны:

(есімін өзгертуді өтінді)

-Бүгінде дүкенге барып, қажетінді алайын десең, қалтаңдағы ақшаға ештеңе келмейді. Бұрындары бес мың теңгеге бір отбасыны асырайтындай азық-түлік алушы едік. Күні кеше арнайы дүкен аралап, бағасы аспандап тұрған күнделікті азық-түлікті көріп, зәрем ұшты. Күнбағыс майы 5 л – 2500 тг, картоп – 130 тг, нан- 170-180 теңге. Тұрақты қызметі бар біз секілділер күнін көрер, ал көпбалалы жандар енді қайтпек деген ойға баттым. Азық-түлік бағасы тұрақтаса қандай жақсы, -деп пікірін ашық айтты.

Апамыздың сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда «Ойбой! Базарға барып сауда жасай қойып едім, қалтамдағы ақшама еш нәрсе ала алмадым. Бәрінің бағасы удай» -деген сөздерді жиі естиміз.

Осы орайда нарықтық қатынас туралы мына бір оқыған әңгімеммен бөлісейін. Шетелдік баласына бір дана апельсинді бес центке алып беріпті де «Осыны кешке дейін 10 центтік қайтарым жаса» депті. Баласы былай жасаған. Апельсинді екіге бөлген де оның шырынын суға қосып, сатып 15 цент пайда жасаған екен. Міне, әңгіме болса да шындыққа жанасымды. Бүгінгі күнде халқымыз нарықтың айла-тәсілдерін түгел игеріп алды. Тіпті, «өзакаларды» да шаң қаптырып кетті деуге болады. Сонау Кеңес заманы кезіндегі бір шаруаны жасатсаң бір жартылықпен «шешіп тастау» келмеске кетті. Бірақ, нарық алқымнан да алып жатқаны ащы болса да шндық.

Иә, жоғарыда айтып өткендей бүкіл әлемді дүрліктіріп, қиналтқан мына кезеңде қиындықтардың бар екені сөзсіз. Бірақ, қиындықты жеңу бәріміздің міндетіміз. Ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін еліміздің әлеуеттік потенциалын күшейту әр адамның парызы. Сонда ғана біз мемлекеттің ұлттық валютасын тұрақтандыруға күш жұмсаған болар едік.

Әсем БОЛАТ