3.12.2020, 10:53
Қараулар: 75
САМБО САҢЛАҒЫ ҚОСӨЗЕНДЕ

САМБО САҢЛАҒЫ ҚОСӨЗЕНДЕ

Қазақтың қай өңірі де қасиетті, киелі. Атырау өлкесіне қарай бет алсаң, күре жолдың бойында сан түлекті тәрбиелеп шығарған Тайпақ деген қасиетті жер бар. Ақындардың ғана емес қазіргі күннің батырлары, яғни спорт саңлақтарының туып өскен құт мекені. Тайпақ «Мен қазақпын» деп әлемді қатарынан төрт рет мойындатқан спорт саңлағы самбодан әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы Ерболат Байбатыровтың елі. «Туған елдің туын көтеріп, абыройын қайтсем арттырамын» деген бала Ерболаттың арманы асқақ, мақсаты биік болған.

Шаршы алаңда намысын қайрап, майырылып қалған жүзін шар қайраққа жанып шығару арқылы мақсатқа жетсем деген нағыз спорт майталманы. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Берік Жұмағалиев Ерболаттың жас буынын бекітіп, қабырғасын қатайтып, самбо күресіне баулыды. Жігері мықты, алған бетінен қайтпайтын талапты жасты ағасы қамқорлығына алады. Төккен тер зая кетпеді. Көп кешікпей чемпион атанды. Бастысы Байбатыров бүгінде қазақ топырағына орныққан самбоның дамуына үлес қосып, мыңдаған жастың қызығушылығын оятып, атын әлемге танытқан спорт сардары.

Самбо саңлағы Қосөзен еліне алғаш рет табан тіреді. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен келген Ерболат Байбатыровты көруге жастардың дені асықты. Алдымен аудан әкімі Альберт Есалиевтің қабылдауында болды. Аудан басшысы қазақ елін әлемге танытып жүрген спорт шеберіне ризашылығын білдірді.

С.Садықов атындағы аудандық мәдениет үйінде самбодан әлемнің төрт дүркін чемпионы, ҚР Спорт шебері Ерболат Байбатыров жастармен жүздесті.

Жастармен жүздесу барысында Ерболат Сағатұлы өзінің өмірінен сыр шертіп, спорт әлеміне қалай аяқ басқанын айтты. Сонымен бірге жастардың сауалдарына жауап беріп, ашық әңгіме өрбітті. Жүздесудің өтуіне мұрындық болған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аңсар Ибраев спорт саңлағына арнайы алғысхат табыстап, жастар атынан ризашылығын білдірді.

Одан кейін қазақ елінің чемпионы Ерболат Сағатұлы аудандық спорт кешенінде жастармен жүздесіп, спортқа енді қадам басқан жасөспірімдермен шеберлік сағатын өткізді. Спортшының арқалаған міндеті – жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық рухты ояту болды. Самбоның қыр-сырын жетік меңгерген спортшы өз тәжірибесімен бөлісе отырып, самбо ережелерін көрсетті.

Спорт саңлағының тұспа-тұс келуіне орай аудан орталығында «Серпін» шағын футбол алаңы да ашылды. Алаңның ашылу салтанатына ҚР спорт шебері, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров та басы-қасынан табылып, жаңа алаңның лентасын қиды.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Альберт Есалиев: -Бұл алаң ауыл тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстану мақсатында спортпен шұғылдануға салынды. Өздеріңізге белгілі өңірімізден әлем танитын спортшылар туып өсті. Қазіргі таңда біздің спортшыларымыз еліміздің намысын әлемдік деңгейде қорғап жүр. Алаңның құрылыс жұмыстарын жүргізген азаматтарға да аудан жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін, — деп атаулы нысанның құрылысын мердігері, «Алтын ел» ЖШС жетекшісі Жанболат Аманғалиевке алғысхат табыстады. Өңірімізге табан тіреген қонағымыз Ерболат Байбатыровқа ауыл азаматы Жұмабек Хайруллин жеті қазынаның бірі жылқыны сыйға тартты.

-Жалпы Қосөзен еліне алғаш келуім. Батыс өңірінен спорт саңлақтарының шаршы топты жарып шығуына туған жердің азаматы ретінде барымызды салып жатырмыз. Бүгін Казталов ауданына табан тіреп, жастармен, аудан тұрғындарымен жүздесіп жатқаныма қуаныштымын. Шыны керек сәл ғана уақыт болса да жастарға өз жолымды көрсете алдым деп білемін. Құрмет көрсетіп жатқан қос өзен елінің перзенттеріне алғысымды білдіремін, -деді самбо саңлағы Ерболат Байбатыров.

Өз кезегінде аудан жастары чемпионмен суретке түсіп, ерекше ықыласпен тарасты.

Жұлдыз АСҚАР