3.12.2020, 10:45
Қараулар: 62
ҚОШАНКӨЛДЕГІ ІЛКІМДІ ІСТЕР

ҚОШАНКӨЛДЕГІ ІЛКІМДІ ІСТЕР

ЕРЕКШЕ АРХИТЕКТУРА                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    Қаймағы бұзылмаған қошанкөлдік ағайын үшін қарашаның 4-і тамаша күн болды. Сол елге табан тіреген біздер ауылдағы бір емес, үш бірдей игі істің куәсі болдық.

Қошанкөл десе алдымен жүзден жүйрік жылқы еріксіз еске оралады. Жөні бар. Өйткені бір жылдары облысымыз бойынша алғаш рет «Сәйгүлік» мұражайы осы қасиетті жерде ашылған болатын. Содан бері қанша жыл өтсе де ауылдағы ағайын жылқы малын дәріптей түсуден алыстаған емес. Бүгінгі істе соның бір айғағы деп білеміз.

Ауылдың кіреберісінде көрініс тапқан ерекше архитектуралық нысан алыстан көз тартады. Адам жанына рух сыйлап, дала дүбірін сағынған адамзатты тартып тұрады. Иә, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстың бір парасы. Ерекше жылқы малына арналған архитектура мектеп мұғалімі Зейнұр Зейінұлының қолынан шыққан туынды.

Жылқы малын атадан балаға жеткізіп келе жатқан ауыл азаматы, «Қарасу» шаруа қожалығының жетекшісі Ғайса Жұмағалиев ағамыздың қаржылай қолдауының арқасында жүзеге асқан істің бірі. Ағамыз қазіргі таңда бие сауып, кәсіпке айналдырып бүгінгі ұрпаққа мирас етуде.

Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова бағдарлама аясында барлық ауылдық округте атқарылып жатқан жобаларға тоқталып, архитектураға зор үлестерін қосқан азаматтарға аудан әкімінің алғысхатын табыстады.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ДҮКЕНІ АШЫЛДЫ

Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнес нысандарының қатары артып, түрлі бағдарламалар іске асуда. Әсіресе жұмыс жасаймын деген жастарға мол мүмкіндіктер сыйлап, жол ашуда.

Әділбек Ғалламұлы «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы оқуын оқып, грантқа қолжеткізген жас. Соның нәтижесінде Әділбек бүгінгі таңда ауылдың ішінен қарапайым халыққа қызмет ететін «Әлия» азық-түлік дүкенін ашты. Әділбектің әкесі Ғалләм аға еңбек жолын шаруашылықтан бастап, бау-бақша егіп, еңбектің дәмін татқан жан. Ашылу салтанатында 10 отбасына азық-түліктен қайырымдылық қоржынын табыстады.

ЖАСЫЛ-ЖЕЛЕКТЕР БОЙ КӨТЕРДІ

Қай ауылдың болмасын көркі — терек. Көктем, күз айларында тал-терек отырғызу, ауыл ішін көгалдандыру жұмыстары дәстүрге айналғалы біраз уақыт өтті. Қошанкөл жері терегімен жанға сая сыйлайтын қасиетті мекен. Бұндағы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін тазалықты сүйіп, табиғатты қорғайды. Яғни туған жердің әр перзентті көшені мәуелі ағашқа айналдыруды мақсат етуде.

Мәселен 1995, 1962 жылғы туылған түлектер қаржылай демеушілік жасады. Аударылған қаражатқа ауыл көшесіне терек отырғызу алаңын салып, қоршап, көшеттер отырғызылды.

Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова: — «Бір тал ексең, он тал ек» дейді дана халқымыз. Бүгін бүтін бір ауыл болып қолдау көрсетіп, болашақ ұрпаққа із қалатындай істер атқарып отырсыздар. Әрине, бұл дегеніңіз сіз бен біздің рухани жаңғырғанымыздың белгісі. Табиғатын аялап, Жер-Анасын құрметтейтін жастар көбейсін! -деп мектеп түлектеріне аудан әкімінің алғысхатын табыстады.

Арнайы қоршалған алаңға және мәдениет үйінің жанына теректер отырғызылды.

Жұлдыз АСҚАР