3.12.2020, 10:41
Қараулар: 58
МЕН ҚАЛАЙ «ХЛЕСТАКОВ» БОЛДЫМ? (бүгінгі күннің әзілі)

МЕН ҚАЛАЙ «ХЛЕСТАКОВ» БОЛДЫМ? (бүгінгі күннің әзілі)

Алты ай болды, төбеге қарап ойланып жатқаныма. Құрып кеткір, мына кәрәнтеннің кесірінен ашыға бастадым. Әйелімнің де беті көкпеңбек болып ұрса беретінді шығарды. — Тамақ тап, ақша тап! -Таптан басқа ауызына сөз түспейді.

Есіме түсті. Ба-я-ғы-да-а мектепте жүргенде Гогольдің «Ревизорын» оқыған екенмін ғой. Неге мен Хлестаков болмаймын? Әрі Гоголь жарықтық та, — мені есіне алатын бір жан бар екен, -деп бір аунап түсері сөзсіз. Ұзын шашты Гогольге осы шығарманың нұсқасын берген дударбас Пушкиннің аруағы да риза болады.

Осы идеяны әйеліме айтып едім, үнемі көгеріп жүретін көк беті, қып-қызыл бетке айналып шыға келді. -Дұрыс, дұрыс! Мен қазір заңды тіркеуден өтпесе де, қырғын жұмыс жасап жатқан «Ұзынқұлақ — Тоқылдақ» ұйымының мүшесімін ғой. Қай жерде той-топыр болып жатқанын бес саусақтай біліп отырмыз ғой, -деп бір қойды.

Шұғыл іске кірістім. Осыдан жиырма жыл бұрын МАЙ қызметкері болып жүргендегі порма киімімді сақтап қойғаным дұрыс болған екен. Пормамды көргенде «Қайран сол кездегі уақыт-ай!» -деп көзіме жас алғанымды да байқамай қалдым. Әлі есімде, қызыл пуражка, қызыл жолағы бар осы пормамнан тым асыра сілтегеннен айырылып қалдым. Көшедегі көкелері жоқ шопырлардан «үлесімді» алып, тып-тыныш жүрмей, көбірек қарпиын деп мықтыларға ауыз салдым ғой. МАЙ-дан қуды да жіберді. Әупірімдеп «ана жаққа» кетіп қалудан аман қалдым. Киіп қарап едім, шалбарының белі кең болып қалыпты. Шамасы сол кезде Сырдың суы сирағымнан келмейді деп жүргенде «әптәритет — қарным» болған-ау шамасы. Нешего, әйелім көңілді отырып, белдігімді тарылтып берді.

Сөйтіп, шаруаны бастап кеттім. Әйелім «Ұзынқұлақ — Тоқылдақ» ұйымынан көрші екі үш ауылда той-томалақ болатынын біліп келді. Кешкі сағат 10-дар шамасында әлгі той өткізіп жатқан үйге пормамды киіп, зыр етіп жетіп бардым. Шал-кемпірі бар, жастары бар «Қызыл өрік» әуеніне ақ тер — көк тер болып билеп жатыр екен. Келгенімді бірде біреуі байқап жатқан жоқ. — Прекратите сейчас же! Что за кощунство такое?! -деп  ақырып жібердім. Әуен кілт тоқтады. Біреулер ауланың сыртына қашып бара жатыр… Көзі бақырайып, қорқып кеткен той иесі, — кешірерсіз, кемпір екеуміздің бірде ұрысып, бірде төбелесіп жеткен «Алтын тойымыз» еді, оңашаға қарай шығайық, -деді. Маған да керегі сол ғой. -Білдіре көрме! -деп қалтама шытыр-шытыр еткізіп, салды да жіберді. -Қазақпыз ғой, түсінем, түсінем, — деп мен де айтып жатырмын.

Келесі ауылдарға бет алдым. Бұларда да осы көрініс. Құдалық, келін алу, Алтын той, Күміс той… Қалтама шытырлаған теңгелер түсіп жатыр, түсіп жатыр. Үйге келдім. Әншейінде қарсы алмақ түгіл, түнде есік ашуға ерінетін әйелім алдымнан жүгіріп шықты. Санап жатыр. Қуаныштан жүрегі жарылуға шақ тұр.

Бұл табысқа менің де үлесім бар. Егер «Ұзынқұлақ — Тоқылдақ» ұйымының мүшесі болмасам, қай жерде той-томалақ болып жатқанын білмес едің ғой, -деп қояды. Екеуміз алты айдан бері көңілді отырып ішпеген шәйімізді рахаттанып тұрып іштік. Түні бойы қай ауылда той-думан болатындардың тізімін жасап, анықтап қойдық.

 

P.S. Айтпақшы «Ұзынқұлақ — Тоқылдақтың» соңғы хабарынан «Мен барған ауылдарға арнайы құрылған топ барып, штраб салып әкт толтырып кетіпті. Той иелері біздерді келіп тексеріп кетті, екі рет штраб төлемейміз» -деп айқайласып жатқанын естідім.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі