3.12.2020, 10:30
Қараулар: 53
ОЙТАЛҚЫ. АБАҚТЫ — БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ҚОНАҚ ҮЙ МЕ?.

ОЙТАЛҚЫ. АБАҚТЫ — БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ҚОНАҚ ҮЙ МЕ?.

Елімізде түрмеде жазасын өтеп жатқандарға күндік тағамға жұмсалатын қаржыны 600 теңгеден 1050 теңгеге көтеру мәселесі қозғалды. Яғни бұл Ұлт жоспарына сәйкес (33 қадамы) сотталғандарды әлеуметтік ортаға биімдеу болып табылмақ. Сонымен қатар ІІМ — Қылмыстық атқару жүйесінің белгілеген талаптарына сәйкес жазасын өтеушілер фаст — фудқа да тапсырыс беріп, тауардың 400 -ден астам түрін алуға болады екен. Бұл дегеніміз — абақтының нарында жатып донер, бургер, суши, пиццаға да қол жеткізесің -деген сөз. Қалаға анда-санда барғанда, балаларымызға осы дәмдерге әзер-әзер тапсырыс беретінімізді айтсақ, -Бұл дүние не болып кетті? -деп те ойланасың. Иә, қоғам күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Адамзат баласы таңғажайып жаңалықтармен прогресске ұмтылған сайын, бұған қоса өмірде болатын ақ пен қара да қатар жарысып келе жатыр. Ақпарат құралынан көріп, естіп отырғанымыздай адамның ешбір ақылына, ойына келмейтін жантүршігерлік қылмыстар көбейе түсуде. Біреу бір адамның қолынан ажал құшты десе, көршінің қорасындағы қой өліп қалыпты -деген селқос хабар естігендей дәрежеге жеткеніміз де рас.

Статистикаға сүйенсек, сотталушылар саны жөнінен 2000 жылдары еліміз әлемде үшінші орынды иеленсе, соңғы жылдары 68-інші орынға табан тірепті. Сонымен қатар қай өңір болмасын  барлық жерде де жазасын өтеу колониялары жұмыс істеуде. Қостанайдағы өмір бойы түрмеде отыру жазасын өтеп жатқан әйгілі «Қара бүркіт». Алматы маңындағы Жауғашты әйелдер колониясы. Айта берсең тізбектеліп кете береді. Осы Жауғашты түрмесінде 16-82 жас аралығындағы мыңнан аса нәзік жандылар қылмысына қарай жазаларын өтеуде. Жоғарыда айтқан ойымызға қайта оралайық. Жазасын өтеп жатқан бір қылмыскердің күндік тағамының бағасы 1050 теңге. Ал түрмеде қаншама мыңдаған адам жатыр?..Статистика бойынша түрмедегілердің 40 пайызы ғана жұмыспен қамтылған екен.

Енді қалған 60 пайызы елдің бюджетінің мойнында. Мемлекеттің қаншама қаржысы миллиондап, миллиардтап қылмыскерлерді асырауға кетіп жатыр десеңші?! Осыны ой елегінен өткізгенде, мына мәселе де көз алдыңа көлбеңбейді. Бүгінгі күнде елімізде бір адамның азық — түлік себеті ( корзинасы) 2020 жылғы айлық көрсеткіші бойынша 31 мың 183 теңге болып есептелген. Осы көрсеткішті 5 баласы, ата — анасын қосқанда 7 адамы бар отбасына көбейтіп қоссақ,  218 мың теңге көлемінде болады екен. Ал қазіргі қымбатшылық уақытында осы қаражат көп балалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсарта ала ма?. Қаражат тек тамаққа емес, басқа да мақсатқа қажет болады ғой. Абақтыда жатқандарға бөлінген миллиондаған қаражат көпбалалы отбасыларына неге жұмсалмасқа?…Осындай жағдайларды салыстырып қарайтын болсақ, саналы түрде қылмысқа барған адамға неге соншама гуманистік тұрғыда қарауымыз керек? — деген ой да қылаң береді. Рас, біз құқықтық мемлекет құру жолында жұмыстанып жатырмыз. Қабылданып жатқан мемлекеттік түрлі бағдарламалар да, құқық  саласын ізгілендіру де  осы мақсатты көздейді. Бірақ орта ғасырдағы философтар айтқан «Мейірімді қалалар»  ой — арманына жете алдық па?…Әрине жеткен жоқпыз. Бұл үшін әлі көп бұралаң соқпақтардан өтуге тура келетін сияқты.

Жазасын өтеушілерді ортаға бейімдейміз -деп оларға неғұрлым артықшылық беріп, керісінше «Қылмыс әлемінің» есігін көбейтіп жібермейміз бе? — деген де ой тұрады. Егер қылмыс жасаған адам абақты нарында жатып алып, бостандықта жүрген адамдардың кейбіреуінің қолы жете бермейтін бургер, суши тағы басқаға  тапсырыс беретін болса, ол түрме емес бес жұлдызды қонақүйде демалушы  болып шықпай ма?…

Қоғамымыздағы түрлі формацияның өзгеруінен қылмыстың да түрі көбейгені белгілі. Жазаға тартылушылардың да саны көптігі алаңдатады. Олардың ішінде кінәлілер  де, кінәсіз сотталғандар да болар. Бұл мәселеге тек сот қана үкім айта алады. Бірақ олардың арасында да жазамды өтеп, дұрыс жолға түсем деушілер де көп болар. Дегенмен, жазаланушының қатты нарда жатып, қара нан мен қара шәй ішу керек екенін де ескеру керек. Бұл да тәрбие болып табылады. Осы мәселеге ой жүгірткенде Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: —

Бабамыздың шоқ басқан табанымен…

Бір жаманы — сонда да үй салмаған,

Бір жақсысы — абақты тұрғызбаған…

деген өлең жолдары,тілімізге оралады.

Иә, сайын даламызға ұлы халқымыз абақты салмаған, тентегін тезге салған, ақымағын жөнге салған. Бәрінде бесіктен басталған тәрбие арқылы адамдарды  имандылыққа,  теріс қылықтан аулақ болуға үйреткен. Бүгінде  сол тәрбиенің тіні жоғалғандай көрінеді.

Гүлфия Кушваева

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі