27.10.2020, 20:20
Қараулар: 151
ЖАСТАР ӘЗІЛКЕШТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ЖАСТАР ӘЗІЛКЕШТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

27 қазан күні аудандық С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында аудандық Жастар ресурстық орталығының және «Казталов ауданы жастар кеңесі» ЖҚБ ұйымдастыруымен «Назар аудар» театрының әртістері, белгілі әзілкештер Ғазиз Ерболат және Самат Қабдиевпен кездесу өтті.
 
Жалпы қоғамда жастардың көпшілігінің әзіл-сықаққа қызығатындығы белгілі. Көптеген азаматтар мен азаматшалар әзіл арқылы биік белестерді бағындырғаны да бар. Солардың қатарында «Назар аудар» театрын ерекше атап өтуге болады. Елімізге белгілі «JAIDARMAN» және «КТА» ойындарының жеңімпаздары қазіргі таңда халықтың сүйікті ұлдарына айналды. Әзіл десе атаулы театр құрамындағы жігіттердің аты аталмай қоймайды.
 
Бүгінгі кездесуде әзілкештер жастармен өздерінің қызықты естеліктерімен және әзіл, театр саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Өнердің ара жігін ажырата отырып, жастарға айқын мақсат қоюға үйрену керектігін жеткізді. Сонымен бірге кездесу барысында жастардың да тарапынан бірқатар толғандырған сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар алынды. Әзілменен өрнектелген әсерлі әңгімеге көпшіліктің дән риза екендігі көңілдерінен аңғарылып тұрғандай. Кештен ұмытылмас әсер алған жастардың бірі Қайыңды ауылының белсенді жасы, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 1 курс студенті Шахерезада Каршигина.
-Жақсы жандармен кездескен әр сәтің естен кетпестей болады және оны бағалай да білу керек. Бүгінгі кездесуге себеп болған қонақтарымыздың да елімізге аты мәшһүр екендігі мәлім. Қонақтарымыздың жастармен кездесуі әзілге жаны құмар жандарға серпіліс бергені сөзсіз. Мен өзім бұл кездесуден үлкен әсер алдым. Бағытым басқа сала болса да, жан-жақты болу керектігін алға тарта отырып, түрлі кездесулерді назарымнан тыс қалдырмаймын. Айтар ойларын да әзілмен өрнектей білетін аға буын өкілдерімен кездескеніме қуаныштымын және ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
 
Қазіргі таңда жастар көптеген әзілдері мен әзіл-сықақты көріністері арқылы қоғамға түрлі ой салуда. Бұған көгілдір экран мен туыстан жақын болып кеткен әлеуметтік желідегі ақпараттар мәлім. Алайда әзілкештер әзілмен ойларын жеткізсе де сахнадағы образы мен өмірдегі бейнесінің арасы қашық екенін жеткізді. Бұл кездесу қонақтарымызға ұнады десек артық айтқандық болмас. Жастардың талпынысына оң баға берген «Назар аудар» театрының әртісі, жерлесіміз Самат Қабдиев төмендегідей пікір білдірді.
-Кездесу өте керемет өтті. Жастармен әр түрлі тақырыпта пікіралмастық. Бойында жастық жалын тулап тұрған азаматтардың өнерге талпынысы біздерді қуантады. Алдағы уақытта Казталов ауданынан ел таныр азамат, азаматшалар шығады деген сенімдемін. Жалпы еліміздегі ахуалға қарамастан жастармен жүздесуге мүмкіндік жасап отырған ауданның атқамінерлеріне театр атынан ризашылығымызды білдіреміз, — деген әзілкеш алдағы уақыттағы жобаларымен бөлісті.
Санитарлық талаптарды ескере отырып өткен кездесу соңында Жастар ресурстық орталығын директоры Аңсар Ибраев алдағы уақытта өңірімізде «JAIDARMAN» және «КТА» ойындарының аудандық кезеңі өтетіндігін де тілге тиек ете отырып, жастар саясатын жетілдіруге бағытталған жоспарларымен бөлісіп, қонақтарымызға алғысын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етті.
 
Асылбек НӘСІПҚАЛИ