27.10.2020, 11:18
Қараулар: 165
ҚАРИЯ – САРҚЫЛМАЙТЫН ҚАЗЫНА

ҚАРИЯ – САРҚЫЛМАЙТЫН ҚАЗЫНА

Қазақ халқы «Қариялар – қараша үйдің қазынасы» деп қашан да үлкендерді құрметтеген. Ертеректе жасы қырықтан асқан азаматтар ақсақалдық ауылға бет бұрып, немере бағып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. Оларға мағыналы жол көрсеткен ауыл қариялары елдегі той-томалақты батасыз бастамаған. Бұл үрдіс бүгінде ұмытылып барады. Дұрысына келсек, ата-әженің тәрбиесін алған балаға халықтың ықыласы ерекше болары анық. Ата-әже мектебінен өткен ұрпақ зерек болып, елдің мақтанышына айналады.

Қазақ үйдің төрін үлкендер үшін сайлайды. Олар болмаса бақ-дәулет, ырыс кетеді деп ойлайды. Жақын туысы жоқ қариялар елдің ортасында өмір сүреді. Қартайғанда жалғыз қалу – үлкен қасірет. Қарияның күтімін жасап, ризашылығын алған жастарды ауыл адамдары құрметтейді. Себебі қариялар кез келген мәселені салт-дәстүр арқылы реттеп отырады. Осыдан келіп ауыл қарияларының қаншалықты қадірлі болғанын байқай аламыз. Қазақ – үлкенге қарап бой түзейтін халық. Алдыңғы буыннан үлгі алып, соларға ұқсап бағады. Сондықтан олар алдымен үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысады. Бұл – қанға сіңген әдет

Қазыналы қариялар дүниенің қадірін жақсы білген. Олар киім жыртылса тігіп, жиhаз сынса жөндеп пайдаланған. Қазіргі жастар оларды қажетсінбей лақтырып тастап, жаңасын алғысы келеді. Олардың үлкенге деген көзқарастары да солай. Қартайып, ауырған кезде ата-аналарын керексіз дүние сияқты үйінен шығарып тастағысы келеді. Ол дұрыс емес.

Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 69 жасты құрайды. Мамандар халықаралық өлшемге сәйкес, 70 жастағылардың қариялар қатарына жатпайтынын айтады. Өйткені Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сай, 2050 жылға қарай әлемде өмір сүрудің орташа ұзақтығы 76 жасқа жетеді екен.

Қазақстандық статистика комитетінің мәліметінше, жасы 60-65-тен асқан адамдар саны артып келеді. Әлем бойынша халқы ең ұзақ өмір сүретін мемлекет – Щвейцария. Оларда 60- тан асқан адамдар саны мемлекеттің 23 пайызын құрайды. Халықаралық зерттеулер нәтижесінде алғашқы ондыққа Исландия, Испания, Франция, Италия, Аустралия, Норвегия, Израиль мемлекеттері іліккен. Оларда орташа өмір сүру ұзақтығы 81 жасты құрайды екен.

Сондықтан ауыл-аймағымызда сарқылмайтын қазынамызға айналған қариялар аман болсын.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ