27.10.2020, 11:00
Қараулар: 85
ҚАЗАҚЫ БРЕНДТІҢ ҚҰТЫН ҚАШЫРМАЙЫҚ

ҚАЗАҚЫ БРЕНДТІҢ ҚҰТЫН ҚАШЫРМАЙЫҚ

https://kazakh-tv.kz/o/kz/photogallery/item/15991-aryshkerler-m-zirinen-oryn-al-an-rt

https://kazakh-tv.kz/o/kz/photogallery/item/15991-aryshkerler-m-zirinen-oryn-al-an-rt

Қазіргі қоғамда материалдық байлықтың бірінші орында екені аңғарылады. Тіпті дүниенің буына мастанып, пайда табу мақсатымен таза өнімге қоспа қосатындары да бар. Өзгесін былай қойғанда, қадірі мен пайдасын өзіміз білеміз деген ұлттық өнімдеріміздің аты құлақ құрышын қандырғанымен, татымы қашып тұрғандығы жасырын емес.

Ұлттық өнім дегенде көз алдымызға айран, құрт-май, қымыз, шұбат елестейді. Халқымыз төрт түліктің парқын білген. Мінсе – көлік, жесе – ет, шөлдесе – сусын. Сүтінің қасиетін де жоғары бағалаған. Мәселен, сиырдың сүтінен құрт-май, қаймақ, айран аламыз. Бір ғана құрттың ғарышкерлер мәзірінен табылғандығы оның қасиетін аңғартып тұрғандай-ақ. Жылқыдан саумал, қымыз, Ойсылқара пірі болған түйеден шұбат, Шекшек ата түлігінен емдік сүт аламыз. Дайындалуы да өнімнің табиғилығын жоғалтпады. Құрт-майымызды біраз уақыт сақтап, ішерге ас болмаған уақытта талғажау еттік. Саумал мен қымыз денсаулықтың жақсаруына септігін тигізсе, түйе шіркін суға тоймаса да, шұбаты шөлімізді қандыратын. Ал қазір ше?!

Алмағайып заманда кәсіптің көзін таптым дегендер ішінде қазақылықтың атын жамылып, ұлттық өнімімізді дәріптеген сыңай танытып, қымыз, айран, шұбатқа су қосып сататындары бар. Құрттың өзі бор секілді үгітіліп, ұртымызда бір күн тұрмақ, 1 минутқа да сақталмайды. Бағасы шарықтап тұрғанымен, татымы жоқ. Бұған себеп – көптің қызығушылығын оята отырып оңай табысқа кенелемін деген кәсіпкерсымақтың әрекеті, айласы. Айласын асырғандардың тұтылып жатқаны да шамалы. Осы орайда күні кешеге дейін сиыр сауып, өнімін алған Күлан Әмірханова апамызбен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Ата-бабамыз ықылым заманнан бері төрт түлікті қолға үйретіп, пайдасын көріп келеді. Пайдасы таусылмақ емес. Қымыз, шұбат, құрт-майды ұлттық брендіміз деп қарайтын болсақ, брендтің өзге елде танымалдығын арттыру үшін табиғилығын сақтау маңызды. Өзгелер бағасына қарап емес, пайдасына қарағаннан ұлттық өнімге сұраныс артар еді. Ал енді сырт көзге тартымды болып, іші іріп тұрса, бұны адамгершілік пен арнамыс қағидасын бұзуды былай қойғанда, қазақылықты қорлау деп білемін, – деп апамыз қынжылды.

Иә. Орынды-ақ. Дейтұрғанмен ұлттық брендті таза қалпында насихаттап жүрген азаматтар бар. Солардың бірі – Қошанкөл ауылының тұрғыны Меңдіхан Қалықұлы. Ағамыз жастайынан жылқыға құмартып өскенімен қатар, қылқұйрықтардың қасиетін зерттеп, зерделеген азамат. Тіпті таза саумал мен қымыз түрлерінің адам денсаулығына пайдасы туралы ақпарат жинақтап, дәріптеп жүр.

– Қазақ дастарханының молдығы мен ішіп-жемінің құнарлылығы – төрт түліктің табиғи өнімдерін, ет пен сүттен жасалған тағамдарды пайдалануынан. Биенің қымызы, сиыр, қой сүтінен жасалған айранды қорек ете отырып, біраз уақыт аштықты сезінбеуге болады. Өз ағзасын ұлттық өнімдерге, әсіресе қымызға дағдыландырған адам барлық ауруға қарсы тұрарлық иммунитет табады. Қымыздың құрамында кең етек жайған обырға қарсы «лактоферин» ферменті бар екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Тек бұл ғана емес, қан аздық, туберкулез сынды аурулардың алдын алады, – дейді Меңдіхан ағамыз.

Ұлттық бренд дегенде тағамнан бөлек ою-өрнектер кестеленген киімдерімізді де назардан тыс қалдыруға болмас. Қазіргі таңда ою-өрнектерді оңдысолды қолданысқа енгізіп жүргендер баршылық. Байрағымызда бейнеленген ою-өрнегіміз де брендке айналып, қазақылығымызды әлемге танытып тұрғандай. Осыған қарап-ақ оны қазақ деген ұлттың таңбасы дерсің. Алайда ұлттық өрнек бейнеленген бұйымдардың қоқыс жәшігінде жатқанын көргенде «әттеген-ай» деп қынжылатынымыз жасырын емес. Бұл да ұлттық брендтің қадірін түсінбеушіліктен туып отырған жағдай. Қолөнер бұйымдарын дәріптеп жүрген жас маман Ақерке Қамбарова ұлттық брендке қатысты пікірін былай білдірді:

– Ұлттық бренд сол мемлекеттің маңыздылығын айқындайтын символы деп ұғамыз. Ұлттық бренді тек өзіміз қолданып қана қоймай, өзге мемлекеттерге экспортқа шығарсақ, нұр үстіне нұр. Алайда сапасы мен сұранысқа мән беру керек. Арзан дүниелерге ұлттық нақыштарымызды қолданбаған жөн. Себебі арзанның орны – қоқыста. Ұлттық нақышты, мәселен, киім-кешекке жапсарластыру арқылы дәріптесек, көрер көзге де тартымды. Ұлттығымызды айқындайтын белгілерді өзімізге де, өзгеге де насихаттай білсек, қазақы бренд өміршең болмақ.

Айтылған пікірлер, көтерілген мәселелер орынды. Мақсатымыз кәсіпкерге немесе осы бір салада нәпақа тауып жүргендерге күйе жағу емес, табиғи таза өнімнің пайдасына назар аударту. Ал мысалға келтіргендеріміз ауадан жіп алып өрнектегеніміз емес, көзімізбен көріп, ақылмен түйгеніміз. Ақшадан бұрын адам денсаулығын, алаяқтықтан бұрын ұлттығымызды ойласақ, келер ұрпақтың бізден зор өнеге алары сөзсіз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, қазақы брендтің құтын қашырмай, дүние мен табыстан бұрын сапаға мән берсек, қай жағынан да ұтылмайтындығымыз хақ.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ