21.10.2020, 9:36
Қараулар: 74
БІР ЖАҚСЫЛЫҚ ҚАРАОБАДАН БАСТАУ АЛҒАН, КЕМПІР ШАУЫП, ЖАРЫСТАН БАСПАҚ АЛҒАН

БІР ЖАҚСЫЛЫҚ ҚАРАОБАДАН БАСТАУ АЛҒАН, КЕМПІР ШАУЫП, ЖАРЫСТАН БАСПАҚ АЛҒАН

Иә, мақаланың тақырыбы айтып тұрғандай, жуырда Қараоба ауылында орын алған бір қызықты оқиғаның куәсі болдық. Бірақ мақаламыздың негізіне көшпес бұрын бұл оқиғаның неден бастау алғаны туралы жазуды жөн көрдік.

Біздің оқырмандарымыз қараобалық Лаура Бердіғалиеваны жақсы білетіні сөзсіз. Әркез өзінің жаңашылдығымен, құлшыныс-ізденісімен шалғайда жатқан ауылдың тыныс-тіршілігін баяндап, әр алуан жобалардың басында да Лаура Әдиетқызы өзі бастап жүреді. Бірақ, оқырмандарымыз осынша бір жігерлі де талапты жанның жеке өміріндегі кейбір жәйттерден хабарсыз.

Лаура Әдиетқызы қасиетті Казталов ауылының тумасы. Мектеп бітіргеннен кейін қараобалық Аманжол есімді азаматпен тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. Сүйген жары Аманжол екеуі төрт қызды өмірге әкелді. Олар енді бір атқамінер болса деген армандарына жете алмады. Отағасы Аманжол оқыс жағдайда дүнеден озды. Лаура апамыз 4 қызбен аңырап артында қала берді…

Арқалы атаның балалары

Кейіпкеріміз отын өшірмей, түтінін түзу ұшырып отырған әулеттің тарихына қысқаша тоқталсақ, қараобалық ағайынға ете жақын, өзінің сынықшылық қасиетімен танылған Қарес (Айтқали) Ерімбетұлынан үш ұл, екі қыз тараған. Екі ұлы Ахмет пен Махмет соғыстан оралмаған. Атаның тәрбиесінде кенже ұлы Рахымғали мен қыздары Қайша мен Нәсіпқаным қалған. Қарес атаның баласы Рахымғали отбасы құрғанымен, өмірден ерте озыпты. Рахымғалидың артында қалған 4 ұл, 3 қызды Қарес ата өзі тәрбиелеп, өсірген. Қарес ата қатты арқалы адам болған деседі. Сонау Ресей жерінен бастап, өзіміздің ауылдас ағайындар Қарес атаға келіп ем алыпты. Ата сынықшылық қасиетімен қатар халық медицинасын жақсы иегіріпті. Соның ішінде құранмен емдеп, шайтан қаққан, жынданып кеткендерді сауықтырған екен. Өзі өмірден озса да оның арқасы жылан кейпінде қалыпты. Бір тылысым күш… Бұл туралы Лаура Әдиетқызы бізге айтып берген болатын.

Қарес ата тәрбиелеген немерелері Мағзом, Мақсот, Амангелді, Аманжол аман-есен шаңырақ көтеріп, елге қызмет жасаған азаматтар. Бәрінің де ұрпағын жалғастырар ұл-қыздары бар. Бір әттеген-айы өмірден ерте озған Аманжолдың шаңырағында төрт қыз дүнеиеге келгенімен, атқамінер ұл бала болмапты. Дегенмен, Лаура апамыз төрт қызды ештеңден кенде қылмай өсіріп, жетілдірді. Үлкен үшеуі ата жолымен ұядан ұшып теңін тапса, кенже қызы студент атанды. Бұлда бір көңілге қуаныш ұялатар жәйт.

Ауылдастың басын қосқан той

Жақында Лаура Әдиетқызы келін болған Харесовтар шаңырағында қуанышты оқиға орын алды. Отағасы Аманжол марқұмның артында қалған төрт қыздан кейін шаңырақ тізгінін ұстайтын ер бала келді. Дұрысын айтқанда, Аманжол ағаның інісі Руслан мен келіні Динара былтыр дүние есігін ашқан сәбилерін жеңгесі Лаураға беріп: — Әкеміздің арманы еді, ағамның тұқымы құрымасын. Аманжол ағамыз да ер бала болғанды армандайтын. Есімін Қасым деп қойдық. Қасым Аманжоловтай қазақтың бір туар ұлы болсын! -деп ағасының шаңырағын қайта жаңғыртқан болатын.

Бүгінде сол сәби Қасым 1 жасқа толып, Қараоба ауылындағы өз шаңырағына келіпті. Қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған Лаура апамыз ауылдастардың басын қосып, шағын той жасады. Баласы Қасымды елдегі ағайынға таныстырып, үлкендердің батасын алды. Кішкентай қасымның тұсауын кесті. Сонымен бірге балалар мен үлкендер арасында спорттық шаралар ұйымдастырды. «Той десе қу бас домалайды» демекші, біз де Лаура Әдиетқызының шақыртуымен сол шараға қатысып қайттық.

Айтулы шарада ауыл балалары арқан тартысып сайысқа түсті. Шаңырақ иелері бүлдіршіндердің ешқайсысын ренжітпей, сыйлықсыз қайтармады. Бізді таңғалдырғаны жасы алпыстан асқан ақжаулықтылар арасында жаяу жарыс болды. Бас жүлдеге Лаура апамыз еркек баспақ тігіпті. Жарысқа қатысқан әжелер арасынан 64 жастағы Тұрсынай Шадиярова апамыз оза шауып, баспақты жүлделеді. Алла қаласа, апамыз қазанасына баспақ соятын болды. Шарада Қасымды құттықтап келген ағайынның құрметіне шашу шашылып, ән шырқалып, күй тартылды. Риаза болған ауылдастар ақ батасын жаудырды.

Осындай көпке үлгі болар шараны көріп, біраз нәрсені ойымызға түйдік, жақсы үрдісті көңілге тоқыдық. «Артында бар – оңалар» деп қазағым бекер айтпағандай. Арқалы Қарес атадан тараған Аманжол ағамыздың аты өшпей, ұрпағы жалғасты. Ендігі кезекте сол шаңырақты ұстайтын кішкентай Қасым аман-есен ер жетсін дейміз.

Қайрат ЖАҚЫП