21.10.2020, 9:26
Қараулар: 79
ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА, ДАЙЫНБЫЗ БА?

ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА, ДАЙЫНБЫЗ БА?

Жадыраған жаз өтіп, күздің салқын ызғары білінгелі бір айдан асты. Бірнеше күннен кейін жылыту маусымы басталмақ. Осыған орай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарымен тілдесіп, төмендегі ақпараттарды алған болатынбыз.

Аудан бойынша 2020–2021 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысында әлеуметтік нысандарда жылыту маусымына дайындау және бірқатар жөндеу жұмыстары атқарылуда. Аудандық білім беру бөлімінің қарамағында 38 мектеп болса, оның 20-ы орта, 8-і негізгі, 10-ы бастауыш. Сонымен бірге 16 балабақша және 5 мектеп жанындағы интернат бар. Балабақшаның 15-і газбен, 1-еуі сұйық отынмен жылытылады. Орта білім беретін мектептердің 16-сы газбен, 1-еуі сұйық және 1-еуі қатты отынмен жағылады. Негізгі мектеп 1-еуі газбен, 1-еуі сұйық отынмен және 6-уы қатты отынмен жағылса, бастауыш мектептің 3-еуі газбен, 7-еуі қатты отынға есептелген. Оқушыларға арналған интернаттардың 4-еуіне газ және 1-еуіне қатты отын қажет.

Иә, бұл білім беру саласындағы маңызды әлеуметтік нысандардың тізбегі. Қарап отырсақ, білім нысандарының 80 пайызы көгілдір отынға қосылған. Бұл қуантарлық жәйт. Бірақ, әлі де болса 20 пайызына қатты және сұйық отын сатып алынып отыр.

Ендігі кезекте аудандағы білім нысандарына сұйық және қатты отындардың жеткізілуі қалай жүзеге асуда? Осыған тоқталып көрелік. Қажетті сұйық отын 243 тонна. Cоның 120 тоннасына қайтадан ашық конкурс тәсілімен беріліп, мердігер болып «Petroleum Energy Company» ЖШС анықталған. Мердігер мекеме қажетті сұйық отынды толықтай жеткізген. 123 тоннасы қалдық қорда бар. Ал қатты отын 733 тонна қажет. Cоның 643 тоннасына мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланып, «Erasgroup» ЖШС ұтып алған. Жауапты мекеме тамыз айында қатты отынды толықтай тасып берген. Қатты отынның 40 тоннасы қалдықта бар. Қажетті 50 тонна отынға тауарлық биржа арқылы конкурс беріліп, «Шынаров» жеке кәсіпкерлігі қатты отынды керекті жерге тасылмалдап берді. Бұл мәліметтерді аудандық білім бөлімі толықтай растап отыр.

Журналистер білімге қарай мойын бұрып кетті демеңіз. Бұл саладағы әлеуметтік нысандардың маңыздылығы бірінші орында болып тұр. Яғни балаларымыздың тоңбай, жылы мектепте оқуы. Біз сондықтан мақала жазу барысында білім нысандарының алдағы қысқа дайындығына ден қойдық. Ал енді нысандардың жылыту қазандықтары туралы ақпараттарға көз жіберелік.

Қатты және сұйық отыннан үнемделген қаражатқа ауыстыруды қажет ететін 6 дана жылыту қазандықтары алынған. Алынған қазандықтар Ғ.Бегалиев, А.Оразбаева, К.Меңдәлиев атындағы және Жаңатаң, Жаңажол, Ақпәтер орта мектептеріне орнатылған. Сонымен бірге С.Есетов мектебіне 1 дана су сорғысы, Ғ.Молдашев мектебіне 1 дана, Қайыңды мектебіне 2 дана, Еңбек бастауыш мектебіне 1 дана газ есептегіш құрылғылары, Казталов және Жаңажол мектептеріне су айдайтын сорғы сатып алынды. Тозығы жеткен жылу жүйесінің құбырларын ауыстыру үшін Ғ.Молдашев және Ақпәтер мектептеріне жаңадан темір құбырлар алынған. «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалымен жасалған келісімшартқа сәйкес газ есептегіш құралдары және дабыл қаққыштар тексеріске жіберілген. «Бәрін айт та бірін айт» демекші, биыл білім ордалары алдағы қысқа дайын секілді.

Ауданымызда 46 кітапхана және 38 мәдениет ошақтары бар. Мәдениет нысандарының да жылыту жүйелерінің алдағы қыста ақаусыз жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетуі басты назарда. Қажетті 23 тонна сұйық отынға сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер ретінде «ОралОйлСервис» ЖШС анықталса, қажетті 193 тонна қатты отынды конкурс арқылы алып келу «КапСтрой-007» жеке кәсіпкерлігіне жүктелген. Тасымалдауды мойындарына алған мердігерлер бұл жұмысқа жауапкершілікпен қарап, қажетті отындарды дер кезінде жеткізген. Бұлда бір біткен іс. Бұрын-соңды әлеуметтік нысандарға керекті отындарды жеткізудің өзі мұң болатын. Соның салдарынан кейбір шалғайда орналасқан елді мекендердегі нысандарға отындар уақтылы жетпей жатушы еді.

Биылғы жылы елімізде белең алған әлемдік дерттің медициналық нысандардың қай кезде де халық үшін дайын болуы қажеттілігін көрсетіп берді. Құдайға шүкір, атымтай азаматтардың арқасында ауылдарда медициналық пункттер салынып, халық игілігіне тартылуда. Жуырда Жаңажолда жаңа нысан бой көтеріп, есігін айқара ашты. Сонымен бірге мемлекет қаржысы есебінен аудан орталығындағы аурухана мен Хайруш, Серік ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер күрделі жөндеуден өтуде. Бұл да аталмыш нысандардың жылыту маусымына қиналмай кіретіннің айқын көрінісі.

Жалпы № 1 аудандық ауруханасына қарасты 15 медициналық емдеу мекемелері табиғи газ жүйесіне қосылған. Мекмелердің газ есептегіштері, дабылдатқыштары дер кезінде тексерістен өткізіліп, аудандық газ мекемесіне құжаттар тапсырылған. Ал кіші елді мекендердегі 6 медициналық пункт қатты отынмен жылытылады. Оларға қажетті 22 тонна қатты отынға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс өтіп, мердігер болып «Жаппаркулов» жеке кәсіпкерлігі таңдалған. Мердігер тамыз айында Сексенбаев, Қаракөл, Саралжын, Аққурай, Көпкүтір, Мереке ауылдарындағы емдеу мекемелеріне қатты отынды толықтай тасымалдап берген.

№ 2 аудандық ауруханаға қарайтын медициналық мекемелерге 37 тонна қатты отын қажет етіледі. Қатты отынды тасуды «КапСтрой-007» жеке кәсіпкерлігі ұтып алған. Бүгінгі таңда мердігер қатты отынды Бостандық, Жас, Жұлдыз, Әбіш, Хайруш, Саралжын, Сатыбалды, Көмекші, Бейстерек, Ащысай, Оразғали ауылдарына уақытында жеткізіп отыр. Ал Жалпақтал, Қарасу, Ақпәтер ауылдарындағы медициналық нысандар табиғи газбен қамтылса, Көктерек, Талдықұдық ауылдары электр қазандығымен жабдықталған.

Міне, мәліметтерді сараласақ, жылыту маусымына дайындық жәйінің қазіргі жағдайы осындай. Тіпті көңілге қонымды деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, ауданымыз қылышын сүйреткен «кәрі құданы» қарсылауға сақадай сай. Дайындықтары да жаман емес. Бірақ алдағы уақытта «кәрі құдамыз» қандай мінез танытары белгісіз. Бәрі ойдағыдай болсын!

Қайрат ЖАҚЫП