21.10.2020, 9:20
Қараулар: 86
БОЛАШАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

БОЛАШАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Білім беру саласына жаңаша бағдарламалар еңгізу бүгінгі күннің басты талабы. Білім ошақтарында жаңа оқыту жүйесін қалыптастыру және түрлі технологиялық тәсіл арқылы оқуға деген қолжетімділікті арттырудағы оңды өзгерістер қуантады. Мемлекеттік бағдарлама «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоба аясында, соның ішінде білім саласына қатысты 2020-2025 жылға арналған даму жоспары жасақталып жатыр. Жоба шеңберінде және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауданымыздан шалғай жатқан Болашақ ауылында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, 7 қазан күні арнайы салтанатты шара ұйымдастырылды. Атаулы шараға аудан әкімі Альберт Есалиев қатысып, білім ордасының жөндеуден кейінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Оқушылардың сапалы білім алуына қолайлық туғызған білім ошағының жөндеу жұмыстарын мердігер «Жиенбай» ЖШС жүргізен болатын. Сонымен бірге шараға облыстық білім беру басқармасының инвестициялық жобалар бөлімінің басшысы Самиғолла Сүлейменов те аранайы қатысып, өз пікірімен бөлісті.

-Облыс көлемінде 32 білім беру нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан қаражат қарастырылды. Сол мектептердің қатарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта жалпы білім беретін мектебі. Барлық жобалық-сметалық жұмыстар толықтай қаралып, жөндеу жұмыстары талапқа сай жоғары деңгейде атқарылған. Барлық санитарлық талаптар да сақталған. Алдағы уақытта атаулы білім ордасынан білікті мамандар шығады деген ойдамыз,  -деп Самиғолла Зәкариянұлы өз бағасын берді.

Сыртқы безендірілуінен көздің жауын алатын нысанның іші де заман талабына сай жаңартылған. Арнайы пәндер үшін кабинеттер, спорт залы мен асханасы да керемет жасақталған. Қазіргі таңда еліміздегі ахуалға байланысты оқушылар штаттық режимде оқып жатыр. Тіпті оқушылар да асқан ыждағаттылықпен білім алып, құштарлықпен мектепке келетіндіктерін жеткізді. Келген қонақтарға өздерінің таланттарын көрсетіп, қуаныштарымен бөлісті. Білім ошағының ардагер ұстаздары да «мүмкіндік болса зейнет жасында болсақ та, балаларға білім берер едік» деген ойларын жасырмады.

-Мектептің талай жылдардан соң күрделі жөндеуден өткендігі ауыл тұрғындары үшін ұмытылмас сәт. Мен өзім 37 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шықтым. Қалалық білім нысандарынан кем түспейтін мектебіміздің жаңа келбеті біздің жүрегімізге қуаныш сезімін ұялатты. Бұл мемлекеттің балаларымыздың білім алуы үшін жасап отырған қамқорлығы. Шыны керек, біз арман қылған сәт бүгін міне көз алдымызда орындалып отыр. Қайта білім беруге де құштарлығымыз артуда. Алдағы уақытта сәні мен салтанаты жарасқан білім ордасында еліміздің бетке ұстар азаматтары білім алып шығады деген үміттеміз, -деп ардагер ұстаз Жанғаным Ерғалиева мектеп ұжымына жылы лебізін жеткізді.

Қазіргі заман білімнің салтанат құрған кезеңі. Сондықтан балалар мен жастардың білім алуына ауданымызда барлық жағдай мен мүмкіндіктер қарастырылған. Тек білімімді одан әрі дамытып, еліме адал қызмет қыламын деген білімгердің талабы болса нұр үстіне нұр. Бүгінгі сәт Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Той тойлайтын емес, ой ойлайтын» уақыттың айқын көрінісі.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ