12.10.2020, 18:25
Қараулар: 50
БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ ҚУАНЫШЫ ЕСЕЛЕНДІ

БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ ҚУАНЫШЫ ЕСЕЛЕНДІ

6 қазан күні Казталов ауданы Болашақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылында «Болашққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балаларға арналған шағын орталық ашылды. Ауыл азаматтарының қолдауымен іргетасы қаланған ғимараттың ашылу рәсімі салтанатты түрде жүзеге асырылды.

Ауданымыздың білім саласында озық мектептердің бірі Мирон НЖББ мектебі. Мектеп жанынан шағын орталықтың бой көтеруі ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болып отыр. «Балапан» шағын орталығының ашылу салтанатына Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, шағын орталықтың ашылуына атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Ауыл бүлдіршіндерінің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында сапалы білім алуы мен уақыттарын тиімді пайдалануы үшін арнайы шағын орталық салу бастамасын көтерген азамат, мектеп директоры Кеңес Жұмағалиевке де ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.

Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз, батагөй ақсақал Исмағұл Мусин атамыз өз сөзінде шағын орталықтың бой көтеруіне ауыл азаматтарының еңбегіне дән риза екендігін жеткізді.

-«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылып жатырған шағын орталық көптің тілеуімен салынды. Игі істің бастамасын директорымыз Кеңес Жұмағалиев көтерсе, ауыл азаматы, жеке шаруа қожалық жетекшісі Қадырбек Есмурзин қаржылай көмек көрсетіп, ауыл азаматтарының күшімен іргетасы қаланды. Бұл ауылдың бірлігін айқындаған, жастарының болашағын ойлаған ауылдың үлкен жеңісі. Біз ендігі кезекте балаларымыздың сапалы білім алуы мен ұлттық тәрбиені бойына сіңіруде аянбай тер төгуіміз керек. Әбу-Насыр әл Фараби бабамыз «Тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаса керек. Ал бала тәрбиесінің бастауы отбасыдан басталса, балабақшадан білім нәрімен сусындайды. Айтулы істің бас-қасында жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз — деп, Исмағұл Қадырқұлұлы өз ризашылығын білдірді.

Болашақ ауылдық округінің әкімі Досжан Ахметов : — Бүгін Болашақ ауылдық округінде екі бірдей қуаныш. Бірі Жаңатаң ауылындағы шағын орталықтың ашылуы болса, бірі Болашақ ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты болды. Алдағы уақытта ауылдық округте бірқатар игі жобалар жүзеге асырылады, — деп пікір білдірді.

Мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 15 бүлдіршін тәрбиеленетін болады. Олардың білім алуы, тәрбиеленуі, демалысы мен ас ішу уақыты белгілі бір тәртіппен жүзеге асады. Сонымен бірге 6 қызметкер жұмыспен қамтылған. Солардың бірі Рауа Шармаханова. Жаңатаң ауылына Қызылорда облысынан көшіп келген маман «Балапан» шағын орталығында тәрбиеші.

-«Балапан» шағын орталығынң ашылуы мен үшін жақсы жаңалықтың бірі. Өзім Қызылорда облысынан жақын арада көшіп келсем де, шағын орталықтан орын табылып жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда тәрбиеші болып қызмет атқарып жүрмін. Ата-ананың мейірімінен соң бүлдіршінді тәрбиелеу, білім нәрімен сусындату мен үшін үлкен жауапкершілік. Балаларға бүгінгідей жағдайдың жасалуы үлкен мүмкіндік әрі қуаныш. Шағын орталық тек бүлдіршіндерге ғана емес, жұмыссыз жүрген азаматтардың да жұмыспен қамтылуына қолайлы жағдай туғызды. Сондықтан, игі істі қолға алған азаматтардың баршасына өз ризашылығымды білдіремін, — деген Рауа Алдабергенқызы жұмысын зор жауапкершілікпен атқаратынын жеткізді.

Сонымен бірге орталықтың ашылуына Мирон мектебінің 1995 жылы мектеп бітірген түлектер де бей-жай қарамай, өз сыйлықтарын табыс етті. Салтанатты шара бүлдіршіндердің әсем әндерімен әспеттелді.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ