12.10.2020, 16:44
Қараулар: 42
ІНДЕТ БЕЛЕҢ АЛСА…

ІНДЕТ БЕЛЕҢ АЛСА…

Жасыратыны жоқ әлем бойынша тараған пандемяның екінші толқыны басталғаны туралы күнделікті жаңалықтардан көріп, естіп, оқып жүрміз. Кейбір елдерде «аты өшкір» дерт қайта оянып, күшейіп барады. Ал бізде ше? Осы сұрақтарға жауап іздеп, аудандағы медицина саласындағы эпидемиолог нфекционнист және фармоцефт мамандармен баспасөз брифингін өткізген болатынбыз. Брифингте мамандар төмендегі сұрақтарға толыққанды жауап берді.

  1. Корановирус дертінің әлем бойынша қайта күшейуіне байланысты елімізде қандай алдын алу және сақтық шаралары қолға алынуда?

-Жалпы аудан бойынша коронавирустың симптомсыз түріне  шалдыққан тұрғындар аз тіркелуде. Эпедимиологиялық жағдай тұрақты деуге толық негіз бар. Негізі жылдың басынан бастап 2108 тұрғын тексеріліп, оң нәтиже берген 276 адам тіркелді. Оның ішінде 96 жағдайда ауру белгілері бар, ал 180 адамда ауру белгілері байқалмаған. Өкінішке орай аталмыш дерттен 1 науқас қаза тапты. Ауданда дерттің алдын алуға байланысты барлық шаралар қолға алынған. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының бас санитары М.Арысбаевтың арнайы қаулысы бар. Осы қаулы негізінде жұмыстар жүргізілуде. Барлық аудан тұрғындарын арақашықтық сақтап, сақтану және алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.

  1. Ауданымызда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме? Қазіргі таңда індетпен күресетін дәрілермен қамтылу жағдайы қалай?

-Аудандық екі ауруханада да, дәріханаларда да барлық дәрі-дәрмектер жеткілікті. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау Министрлігінің № 666 бұйрығына сәйкес тұрғындарды тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету жұмыстары толығымен атқарылды. Осыған қосымша тұрғындарды коронавирус ауруынан емдейтін дәрі-дәрмектермен қамту туралы тағы да қаулы шығып, ауруханаларда 2 айға дейін жететін дәрілер толығымен алынды. Қажетті дәрілерге сұраныс уақытында беріледі. Аудандағы барлық ауруханаларда антибиотик дәрілер толық жеткілікті. Бірақ, барлық дәрілер арнайы дәрігердің нұсқауымен берілетін болады.

  1. Аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары қашан аяқталмақ? Індет тараған жағдайда бұрынғыдай қиындықтарға тап болмаймыз ба?   -Жөндеу жұмыстарының аяқталуы жобалық-сметалық құжаттарға сай қазан айының 23-інде белгіленген. Мердігер мекеме «Жиенбай» ЖШС жұмыстарды жоспарға сай бітіргелі отыр. Қазіргі күнде аурухана ғимаратының ішкі жөндеу жұмыстары жүруде. Бұл жұмыстарға облыстан арнайы құрылыс мамандары да тартылуда. Жуырда облыс әкімі Ғали Есқалиев те келіп, аурухананың жөндеу жұмыстарымен танысып кеткен еді. Сол кезде де мердігер мекемнің басшысы жұмыстарды уақтылы бітіретінін жеткізген болатын. Кез келген жағдайда уақытша біз дайынбыз. Әлемдік дерт аудан орталығында белең алған уақытта уақытша ашылған орындар қазіргі күнде толығымен науқастар қабылдауға дайын.
  2. Қазан айының 15-нен бастап қайтадан карантин режимі енгізіле ме? — Бұл ақпарат ешқандай шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ешбір ресми дереккөздерден хабар болған жоқ. Яғни, халық арасындағы қауесет қана. Біз әр уақыта ресми деректерге сенуге шақырамыз.
  3. Қазіргі күнде індетке қарсы екпе бар ма? Болса қандай топтағы және жастағы азаматтарға егіледі?

 

— Коронавирус індетіне қарсы екпе жоқ. Бірақ, күз айларында тұмаудың алдын алу үшін 2680 адамға тұмауға қарсы екпе егу жоспарланып, барлығы егілді. Тұмауға қарсы екпе ақысыз негізде медицина қызметкерлеріне, 6 айдан асқан жиі ауыратын балаларға, жетім балаларға, жүрек-қантамыр, тыныс алу жолдарының созылмалы ауруына шалдыққандар, қарттар үйлерінің тұрғындарына егілді. Ал ақылы түрде екпелер алдағы уақытта егіледі деп жоспарлануда. Екпелер ауданға келген жағдайда аудан тұрғындарына хабарланатын болады.

  1. Індеттің екінші толқыны кезінде енді жас жеткіншектер мен сәбилер дертке шалдығады деген қауесет қаншалықты дұрыс?

-Бұған ешқандай болжам жасай алмаймыз. Елімізде ресми деректерге сүйенсек, коронавирус секілді кавасаки синдромына шалдыққан жеткіншектер тіркеліп отыр. Бұл да қауіпті дерт. Ол дерттің алғашқы белгілері дене қызуының болуы, денесінде әртүрлі жаралар пайда болады. Асқынбаса толығымен емделеді.

  1. Індеттің таралуын қалай тежейміз? Бұрынғыдай облыс орталығы мен елді мекендер арасында блок-бекеттер қою қажет пе?

— Негізі блок-бекеттердің қойылуы дұрыс. Себебі көп жағдайда карантиннің күшейуі аурудың таратуын реттейді. Енді екінші толқын тараған жағдайда бекеттер қою қажет болатын сияқты.

  1. Бәрімізге белгілі ауданымыздың қалталы азаматтары мен кәсіпкерлері індет кезінде науқастарға қажетті дәрі-дәрмектер, әртүрлі тыныс алу аппараттарын және медициналық қорғану құралдарын алуға демеушілік жасады. Ал алынған құралдарға қандай есеп жүргізілді?

— Расымен ауданымыздағы және еліміздің басқа қалаларында тұратын жерлес кәсіпкерлер мен жаны жомарт жандар індет кезінде үлкен қолдау білдіріп, барлық қажетті құрылғылар мен дәрі-дәрмектерді алуға көмектесті. Ол үшін ел атынан алғыс білдіреміз. Енді сол ауруханаларға алынған заттарға қатаң түрде есеп жүргізіліп отыр. Ол үшін әркез жауаптымыз.

  1. Карантин кезінде режимді бұзған азаматтарға айыппұлдар салынып, айыппұл көлеміне қатысты тұрғындардың келіспеушілігі байқалды. Қанша азаматқа айыппұл салынды және бұл мәселе қалай болмақ? Індет басталғалы той, туған күн сияқты отбасылық шараларды болдырмауға тыйым салынғаны белгілі. Тыйымға құлақ аспай, той өткізіп жатқандар бар. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

— Карантин, шектеу шаралары режимін бұзған үшін аудан бойынша 43 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде 27 тұлға әртүрлі отбасылық мерейтойлар өткізсе, 16 ауыл тұрғыны көлік қозғалысының 23.00-06.00 сағат аралығында жүргені үшін айыппұл салынып отыр. Әрине, айыппұлдың көлемі үлкен. Бірақ, бәрі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық кодексі аясында белгіленген.

Брифингке қатысушылар сөз соңында әлемдік пандемиядан алдын алу үшін санамызды тәрбиелеп, барлық сақтық шараларын сақтауға шақырды. Соның ішінде отбасылық шаралардан бас тартып, арақашықтық сақтап, бетпердені үнемі тағып жүруге кеңес берді.

Қайрат ЖАҚЫП