12.10.2020, 16:38
Қараулар: 43
TIK-TOK: НЕ ҮМІТ? НЕ ҚАЙЫР?

TIK-TOK: НЕ ҮМІТ? НЕ ҚАЙЫР?

Қазіргі уақытта өміріміздің көп бөлігі ұялы телефонмен, ғаламтормен тығыз байланыста. Нәсіп қылған таңымыз атысымен «Бисмилләһсіз» оразамызды ашпастан телефонға телміретініміз кейбірінің әдетіне де айналып үлгерген. Әдет дегеннен туындайтұғын тағы бір қауіп бар, ол — Tik-Tok.

Tik-Tok қосымшасы миллиардер Қытай мемлекетінен бастау алған. «Китайский» сапасыз деген дүниеміз ұлтымыздың кейбір жастарының санасыздығын қалыптастыруда. Әуелде 15 секундтық қимыл ғой деп мән бермедік. Салғырттығымыз сарсаңға салып, енді міне жастарымыздың ерсі қылығын қойдыра алмай әлек болып жүрміз. Мағынасына үңілсек, Tik-Tok табыстың бір көзі. Пайдалы «контенттер» арқылы оңай олжаға кенелуге болады. Бірақ, «қанжығам майланды» деп ар-ұяттан безгенді де көзіміз көріп жүр. Қаракөз қарындасымыздың ерсі қимылы, ұлымыздың тексізденуі исі қазаққа ғана емес, күллі әлемге аян. Арзан дүниеге қызығатындардың «лайкының» арқасында атымыз жаһанға мәшһүр. Биі мен сөзі құрып, ұлтымыздың зиялылары, алаш ардақтыларының жансыз бейнелеріне жан бітіргендігін қайтерсіз? Қоғам белсендісі, «Омай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нүрия Хабибуллина өз пікірін білдірді.

-Қоғамға зер салып қарасақ, жылт еткенге қызығушылықтың көптігін байқаймыз. Бұл да өз пайдаланушыларына өзге бір дүние болып көрінеді. Ал оны саналы адам, меніңше, қабылдамаса керек. Ұлтымызды төмендету десем, қате айтпаған болар едім. Ең сорақысы сол, қаймана қазақ қамы үшін өмірін сарп еткен бабаларымыздың бейнесіне жан бітіруі, сананың ең төменгі шекте екендігі! Сана болмаған соң адамның «скелеті» қимылдайды да.

Tik-Tok-тың қолданылуы жөнінде әлеуметтік желіде сауалнама жүргізген болатынбыз. Мән бергендердің барлығы дерлік қолдамайтындығын алға тартты. Солардың бірі Жалпақтал ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Әлия Хайрова.

-Бұл Tik-Tok жастар тұрмақ бүлдіршіндердің қызықты қосымшасына айналған. Оған ата-аналардың көпшілігі куә. Әйтсе де, жеткіншектер мен жастардың кінәсі жоқ болар. Бұл жағдайға жеткізген ата-ана өзіміз деп ойлаймын. Себебі, заман ағымына сай нан табамыз деп тірнектеніп жүргенде баламыз тәрбиені телефоннан алып жатыр. «Отан – отбасынан басталады» деген сөзді алға тартып, әр ата-ана қызды қырық үйден тиып, ұлдың бес қаруын сайлап баптаса ұлтымыздың рухы да асқақтай бермек, -деген Әлия Амангелдіқызы өз қарсылығын білдіре отырып, ата-ананың міндетін де көрсеткендей.

Иә, айтылған пікірлер де орынды. Тіпті кейбір бейнежазбалары нәпсіні оятып, азғындыққа да итермелейтін Tik-Tok дін өкілдерінің де қолдауынан мақрұм. Мәселен, желіде Tik-Tok түсіріп тұрған қыздарды әлдекім видеоға түсіріп алып, жүктеген. Арнайы уақыт бөліп, назар аударсаңыз жындының әрекеті дерсіз. Сондағысы трендтен қалмау, лүпіл пен оқырманның қарасын көбейтіп, кішігірім танымалдылыққа ие болу. Ал ондағы әуретті жерлерінің қимылы кей азаматтардың нәпсісін оятары хақ. Дініміз бұл қосымшаның «көз зинасына» да себеп болып, күнә болатындығын атап көрсеткен. Ал қылмыстық хроника жағынан келгенде мұндай жазбаны кішкене қарындастарымыздың түсіруі кей өңірлерде педофилизмнің өршуіне де себеп болған.  Аталған мәселе жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму минситрлігінің Ақпарат комитетіне де хабарласқан болатынбыз. Министрлік өкілдері әлеуметтік желіге қатысты арнайы заң жобасының әзірленіп жатқандығын атап өтіп, қолданыстағы заң негізінде бұзушылық фактілерінің анықталып, тиісті тергеу жұмыстарының жүргізілетіндігін де тілге тиек етті. Хош келешекте заң шеңберінде тосқауыл қойылу керек. Тіпті, Tik-Tok-тан АҚШ та бас тартып, санкция салған.

Мынау заман қай заман?

Кей жастардан ар кетіп,

Туысты жоқтау, зар кетіп.

Жақыныңды алсы қып,

Ғаламтор деген бәлеге.

Телміртіп қойған бұл заман,

— деп үн қаттым Шортанбайдың ырғағымен. Зар заманның ақыны Шортанбай Қанайұлы әр заманға өзіндік бір баға беріп, замана толғауларын қалыптастырған екен. Ақынның бір өлеңінде «Ақша деген мал шықты» деген жолы бар, осы жолын замана ағымына үйлестіріп, бүгінгі қоғамның мәселесі «Tik-Tok деген мал шықты» деп өзгертуді жөн көрдік. Себебі, бұнымен мал табуға да болады. Қалай дейсіз ғой? Tik-Tok-ты қолданушының жазбаларын көріп, әлдекім жақсы ұсыныс жасап жұмысқа, киноға, бенебаян түсіруге шақырып қалу ықтималдығы да бар. Яғни, пиардың бір түрі десек жаңылмаған болармыз. Әйткенмен «мал табамыз» деп ар-ұяттың бағасын төмендеткендерге наразымыз. Қандай мүмкіндік болса да, қандай әлеуметтік желі мен қосымша болса да ұлтттық құндылықпен өлшеп, ар-намыс туын биік қоя білейік!

Асылбек НӘСІПҚАЛИ