12.10.2020, 16:35
Қараулар: 49
ЖОЛДАУДАН ТУЫНДАЙТЫН МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

ЖОЛДАУДАН ТУЫНДАЙТЫН МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты екінші Жолдауын жариялады. Жолдауда Президентіміз негізгі басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалуды баяндай келе, дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданатынын жариялады. Жолдаудан туындайтын міндеттердің Казталов ауданында қалай жүзеге асатыны немесе асып жатқаны туралы арнайы жазуды жөн көрдік.

Дағдарыс кезінде еліміз өз азаматтарының табыссыз қалған бөлігіне қолдау шараларын төмендетпей, әлеуметтік жәрдем беруді жүйелі жалғастырды. Үкімет тарапынан уақытша табыссыз қалған 12128 казталовтық азаматтар 42 мың 500 жүз теңге көлемінде көмек алды.

Жолдауда Қоғаммен тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамытып, азаматтардың түйіткілді мәселелерін шешуге баса тоқталды. Бұл әрбір мемлекеттік қызметкерден жоғары жауапкершілікті талап етеді. Аудан бойынша 155 мемлекеттік қызметші, 8 бос лауазым орны бар. Аталмыш бағытта мемлекеттік мекемелерді біріктіру арқылы мемлекеттік қызметшілерді қысқарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын өсіру үшін мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлерді ағымдағы жылы 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқарту қажеттігін жеткізді. Жаңа көзқарастары мен бастамашылдығы басым кәсіби маман – кадрларға тапшылығымызды атап өтіп, мемлекеттік қызметтің жабық кастаға айналуына жол берілмейтінін Президент өз Жолдауында атап өтті.

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті  экономиканы құру мүмкін емес. Бұл туралы да Жолдауда айтылған болатын. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 236 млн. 200 мың теңге және Агрокредиттік корпорациядан 106 млн. 400 мың, барлығы 342 млн. 700 мың теңге бөлініп, алайда игерілуі 40 пайыздан аспай отыр. Биылдың өзінде 13 шаруашылықтан 6090 гектар жер қайтарылды. Батыс Қазақстан облысы бойынша геопортал іске қосылуда. Осы порталдан бәрін бақылап отыруға болады. Сонымен бірге Жолдауда ауыл шаруашылық саласындағы мамандардың тапшылығы туралы да мәселе көтерілді. Қазіргі таңда агроном, механизатор, мал мамандары тапшы. Бұл біздің ауданда да сезіліп отыр. Бүгінде шаруа қожалықтарына осы мамандықтар аса қажет болып тұр. Ауданның осы салаға басшылық жасайтын азаматтардың айтуынша, бұл мамандықтарды жергілікті жерде дайындау болатынын алға тартады. Ол үшін біздің ауданда арнайы кәсіби мамандар оқытатын колледждің мүмкіндіктерін пайдалануға болатыны да айтады. Жолдауда көресітілгендей, суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі кедергі келтіруде. Судың 40 пайызы далаға кетеді. Бұл салаға заманауи технология мен инновация енгізу міндеті айқындалды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда біздің ауданымызда суармалы жерлерді пайдалану бойынша Казталов ауданында да біраз мәселелер бар. Суармалы лимандарда бұрынғы Совет заманынан қалған гидротехникалық құрылғылар пайдаланылуда. Бұл дегеніміз – ашық жердің бетінде қазылған каналдар. Уақыт өткен сайын бұл құрылғылардың тиімсіз екені белгілі болды. Аудандағы санаулы шаруашылықтар суды құбыр арқылы тартып алса, ауданның ірі инвесторы саналатын «Етиндустриясы» серіктестігі қазіргі таңда бүркіп-шашу қондырғысын сатып алып, пайдалануда. Бұл инновациялық технология пайдалану болашақта екпелі шөптің шығымды болуына үлкен әсер етеді. Яғни, өнімділікті арттырады.

Мемлекет басшысы елдің аумақтық-кеңістіктік дамуына көзқарастарды айтарлықтай қайта құру қажеттігін атап өтті.Ауданда бүгінде 1319 кәсіпкерлік субьектілері жұмыс істейді, жұмыс орындарын құру мақсатында жыл басында 12 жаңа жобалар бекітілді. Ауылдың әлеуетін толық ашу мәселесі стратегиялық маңызды болып қала береді. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады, атап айтқанда, біздің агроөнеркәсіптік кешенге ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге арттыру міндеті қойылды.

Президент біздің алдымызға нақты міндет қойды — жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді Интернетпен қамтамасыз ету. Ал әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютер алуы керек. Бұл жерде бізге меценаттар көмектесуде. 2020 жылға 279 отбасына 285 жаңа ноутбуктар мен компьютерлер алынды. Одан тыс демеушілерден де көмек көрсетілуде.

Жолдау еліміздің алдағы даму жолын айқындады. Осы орайда Мемлекет басшысы атап өткендей, зор жауапкершілікпен еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі үшін аянбай еңбек етуіміз қажет.

Қайрат ЖАҚЫП