12.10.2020, 16:30
Қараулар: 42
ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН БҮГІННЕН ОЙЛАПТЫ

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН БҮГІННЕН ОЙЛАПТЫ

Әйел-аналардың іскерлігі мен еңбекқорлығы, ұқыптылығы қашанда жоғарғы бағаға лайық. Қай істі де ұршықша иіріп әкететін олардың тыңдырымдылығы, тиянақтылығы мен табандылығы қай жұмыста да ерекшеленіп тұратыны рас. Сондай еңбекқор нәзік жандылардың бірі – Ділдә Мәжимова. Жаз басталысымен Ділдә апаның еңбек әлемінде тынымсыз тірлігі басталады. Отбасының ұйытқысы Ділдә апамыздың ауласында жайқал­ған ­бау-бақшада жемістің түр-түрі бар. Бақшаны қара күзге дейін күтіп-баптайды. Сондай тынымсыз тірлік еткендерге Жер-ана да өз несібесін берді.

Апамыз қазақы қаймағы бұзылмаған Саралжын ауылының тумасы. Төрт түлік өсірген ауылдан шыққан қарапайым жан. Ресейде тұратын Иван ағамызбен отау құрып, қалың орманға бөленген көрші елдің дәстүрінің де «дәмін» татты. Сол жақта болғанда бау-бақша егудің қыр-сырын терең меңгеріп алды. Бұл күнде осы үйренген шаруасын жалғастырып келеді. Апамыз жапқан көкөніс пен тосаптар қыс бойы отбасына азық. Жасыратыны жоқ, банка басу кей қыз-келіншектің қолынан келе бермейді. Ол ең алғаш банкі басуды анасынан үйренген. Басында аз-аздап жапқан ол, қолы үйренген соң санын арта түсірген. Ал бір ғана қыс мезгіліне 200 банкі жабу еңбек пен төзімділікті қажет етеді. Қыс қамына білек сыбана кіріскен апамыз тәжірибесімен бөлісті -Көкөністі қысқа дайындау — қыз-келіншектердің жылдағы үйреншікті жұмысы. Дегенмен, оны түрлендіріп, дәмді етіп жабу да өнер. Әсіресе, қызанақ пен қиярды маринадтау үйреншікті іс болып қалған. Дегенмен, дәмді етіп көкөністерді маринадтау айрықша шеберлікке де байланысты болады.Оңай жұмыс емес. Әсіресе, жабатын банкінің қақпағы жөнді болу керек. Қақпақты пайдаланбас бұрын ең алдымен оның сапасын анықтаған жөн. Егер полиэтиленді қақпақты суға салғанда батпаса және оңай мыжылса оның сапалы екенін білдіреді. Ол өнімді екі ай бойы сақтайды. Вакуумдық қақпақ болса тұздық салат жасауға ыңғайлы. Ал қаңылтыр қақпақ көпшілік сұранысына ие. Оны тексеру үшін резеңкесін спиртпен сүрту керек. Лас болса пайдалануға жарамсыз. Тағы бір тәсілі резеңкесін тартқан кезде оңай үзілмеуі керек, -дейді тәжірибелі банкі басушы.

-Ең алдымен қияр мен қызанақты жабу үшін шынымызды тазалап, 15 минут көлемінде буға қоямыз. Одан кейін қиярды турап, дайындаймыз да банкаға біріңғайлап орналастырамыз, үстіне қызанақты саламыз. Арасы тығыз болмауы керек. Содан кейін дәмін келтіру үшін сарымсақтан шамалап саламыз. Көп болмауы қажет. Себебі ол салат суын ашытып жіберуі мүмкін. Суды қияр мен қызанақ батып тұратындай етіп, молырақ құямыз, -деген Ділдә Мажимова кәдімгі дүкеннен сатып алатын тұздалған қияр мен қызанақтың үй жағдайында қалай басылатынын көрсетті. Ділдә ана жолдасы Иван аға екеуі өмірге 4 перзент әкеліп, олардан немере-жиен сүйген бақытты ата мен әже.

-Өз ұлтым қазақ, жолдасым орыс ұлтынан болса да, қазаққа бергісіз тамаша жан. Иванның ата-анасының, әу бастан-ақ, біздің салт-дәстүрімізге деген құрметі ерекше болды. Ресейде бір шаңырақтың астында  9 жыл бірге тұрдық. Балаларымыз ана тілдерін ұмытпау үшін Қазақстанға қоныс аудардық. Алғашында бір-бірімізді тіл жағынан түсінісіп кету қиынға соқты. Қазір шүкірміз, балаларымыз қазақ тілінде сөйлеп, бойларына ұлттық құндылықты сіңіруде, -дейді кейіпкеріміз.

Тағдыр деген осы. Бүгінде «Еңбексіз ырыс жоқ» дегенді басты ұстаным еткен Кушваевтар отбасы тату-тәтті ғұмыр кешіп, берекелі еңбек етуде. Еңбектің қиындығы мен қызығын көрген кейіпкерімізге қарап, еңбек еткенге еш кедергі болмайтынына тағы бір көзіміз жетті. Қыстың қамын жазда ойлаған Ділдә апамыздың еңбекқорлығы өзгелерге үлгі болмақ.

Жұлдыз АСҚАР