12.10.2020, 16:19
Қараулар: 70
ҰСТАЗ ЕСІМІ ЖАДЫМЫЗДА

ҰСТАЗ ЕСІМІ ЖАДЫМЫЗДА

Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдікі» деген сөзі бұқара арасында кеңінен тарады. Иә, орынды. Мұғалімнен асқан ұлы мамандық иесі жоқ. Алып та, ақын да, жазушы да анадан туған болса, мұғалімнен әріп таниды. Ал, бүгінгі әңгімем ұлы деуге тұрарлық ұстаз хақында!

Мектеп табалдырығын аттаған кезім. Білім ордасының ұядай сынып бөлмесінде шыттай болып киінгем, сыныптастарыммен сабақ оқып отырмыз. Мұғалім «директор келе жатыр» деп ескертті. Кенет есіктен ұзын бойлы, қара торы, кең иықты, жүзі суық ер адам кірді. Келгені сол еді қалай орынымыздан тұрып, «саламатсыз ба, ағай» деп қойдай жамырағанымызды білмей де қалдық. Ол Серік ағай еді. Алғашында қабағы қатулы азаматтың аман-саулықтан соң баламен балаша сөйлесейін деді ме, әйтеуір жүзі нұрланып, сынып бөлмесінің артқы жағындағы шеткі «партаға» жайғасты. Әшейінде, сыбырласып, реті келсе бір-бірімізбен ойнап алатын біз де жым-жыртпыз. Тек мұғалімнің үні мен бір екі оқушының жауаптары. Міне, ауылдан күнде көріп амандасатын адамның мектеп директоры екенін сол кезде білдім.

Кейін есейдік, ес білдік. Ал қазір ол азамат жоқ! Өкінішті! Дегенмен, артында ізі қалды, өзіндік сара жолы мен менмұндалап тұратын естеліктер қалды. Оның жасаған еңбегін азаматтық даңқпен өлшеп, арнайы марапат берсе де артық етпес еді. Себебі, болашағы бұлыңғыр болған кішкене ғана ауыл түтінінің түзу шығып, ұрпақтың білім алуы жолында ұзақ жылдар еңбек етті. Бұған бір ғана себеп, халыққа деген адалдық, отансүйгіштік!

Халық аузында ұстаз есімі мәңгі сақталары хақ. Себебі, ауылдың келбетінің өзі ұстаздан қалған естелік. Ағайдың Әбіш ауылындағы еңбек жолы сонау жетпісінші жылдардың ортасына тұспа-тұс келеді. Жолдасы Уәсила анамыз екеуі шағын ғана ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып, бастапқы білім қалыптастырды. Олар өмірлерін мұғалімдікпен, ауылмен байланыстырып, көші-қонсыз тұрақтап қала берді. Ауылдың көркеюіне ағайымыздың қосқан еңбегінің зор екендігін халық аузынан естіп, біліп жүрміз. Дегенмен, жолдасының жанын жарынан артық ешкім білмейтін шығар деген желеумен, ауыр да болса қара жамылған отбасына арнайы барып, көңіл айтып, Уәсила анамызды әңгімеге тарттым.

-Біз ауылға алғаш 1975 жылы келдік. Ол уақытта ауылдың сәні қашқан, мектептің негізі қаланғанымен білім беретін ұстаз жоқ. Әйтеуір сыбанып, Ыбырайша айтсақ «қойға шапқан қасқырдай» белсене кірістік. Алғашында үш сыныпты оқыттық. Кейіннен оқушылар саны арта берді. Содан кейін Серік ұстаздың ауылдың ажарын кіргізуді мақсат қылып, Жаңажол ауылынан арнайы талдар әкеліп, әр үйге таратып берген болатын. Артылғанын үйге емес, көшеге отырғызды. «Үйге әкелмейсің бе?» дегенімде «Үйді қоя бер, кейін де алармыз. Ал ауылдың сәні кірсе келген қонаққа да, ауыл адамдарына да жақсы емес пе?» деп тыйып тастайтын. Міне, қазір сол отырған талдар әр үйдің маңында жайқалып өсіп, жанға сая, ауылға сән беріп тұр, — деп ауыр күрсінді. Аяулы жарының көзіне жас алғандығын байқап, әңгіме желісін бұрмалап отырдым.

Иә, жайқалып тамырланып өскен ағаштардың ауыл ажарын кіргізіп тұрғаны рас. Мүмкін ағайдың бастамасы болмаса бұлай болмас па еді кім білсін?.. Ұстаздың тағы бір бастамасы халыққа бау-бақшасына нәр берсін, төрт-түліктің шөлі қансын, өрт болған жағдайда қиындық көрмесін деп арық қазу жұмыстарын жүргізу болды. Ауыл азаматтары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қолға күрек алып, арық қазу жұмыстарын жүргізді. Ал, ұстаз болса бастаманы көтеріп қана қоймай, игі істің басы-қасында болып бір кісідей жабылып, бұл істі де тындырды. Қазіргі уақытта аптасына екі мәрте су жіберіліп тұрады. Көз көріп, көңіл сүйсінді. Бұның бәрі жары Уәсила анамыздың әңгімесі желісімен жазылды.

Қарапайым азамат табиғатпен де тілдесіп, өзіндік қалың ойға шомып кететін. Онысын екеуара әңгімеден ұққаным бар. Елдің қалаулы азаматы болып, талайға жан бағуға атсалысып жұмыспен де қамтамасыз етті. Олардың қатарында анам да, әжем де, әкем де бар еді. Ұстаздың қызмет жылдарындағы соңғы уақыты болса керек, анамды шақыртып алып, «шиттей бала-шағаңды өсіріп жетілдіріп келесіңдер, әйтсе де мектепте қызмет жаса, тым құрыса шәй пұлыңа жетер» деп жұмысқа алыпты. Анам: — Мені де, әжеңді де, әкеңді де басымызға іс түскен уақыттарда жұмысқа алып, жан бағып, нан табуымызға себепкер болған Серік ағайың еді, -деп жиі айтып отыратын. Ауыл балаларының сапалы білім алуы үшін жас мамандарды да шақыртып, үймен де қамтамасыз етті. Кішкентай балалардың қарайып қалмай, тәрбиеленіп өссін деген ниетпен балабақша да салынды. Бұған ауыл азаматтарының да қосқан үлесі зор, дейтұрғанмен ұстаздың бастамашыл болғандығы мәлім. Елге қылған жақсылығы ешқашан ұмыт қалмақ емес. Шәкірт ретінде көңіліме медеу болатыны ақтық сапарға аттанар алдында, көзі тірі ұстазымды соңғы рет көргенім. Жоғарыда айтқанымдай ауылдың келбеті ұстаздың бейнесін еске салып тұрады. Бұны келер ұрпақтың да білгені ләзім. Аллам ұстаздың жанын жәннаттан қылып, отбасына сабырлық нәсіп еткей.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ