12.10.2020, 16:16
Қараулар: 44
САРЫП САРСАҢҒА САЛМАСЫН

САРЫП САРСАҢҒА САЛМАСЫН

Бүгінгі күнде ауыл халқының негізгі тіршілік көзі төрт түлік болып табылады. Төрт түлік тек ауыл халқын асырап қана қоймай, қалалықтарды да азық-түлікпен қамтамасыз жасайды. Қала базарларына бара қалсаңыз, сөрелерде тұрған етті және сүттен жасалған түрлі өнімдерді көреміз. Адамдар қазіргі күнде экспортпен келген етке ынталылық танытпайды, керісінше өз өнімдерімізге деген сұраныс күшейе түсуде. Осы тұрғыдан алғанда асырап отырған малдың түрлі індеттерден аман болуы ең маңызды мәселе болып отыр. Малдың арасында таралатын негізгі індеттің бірі – сарып ауруы екенін жақсы білеміз. Сарып  (бруцеллез) ауруын  жою үшін осыдан он шақты жыл бұрын үкімет арнайы бағдарлама да қабылдады. Он жыл бұрын елімізде, соның ішінде ауданда да малдардың сарып ауруымен ауру фактілері көп тіркеліп, індеттің алдын алу үшін ветеринария саласы ауқымды жұмыстарды атқарды. Бүгінде мал індетінің алдын алу үшін аудандық ветеринариялық станциясы  директорының орынбасары Жасұлан Дүйсеновке жолығып, тілдестік.

-Ауданымызда төрт түлік арасында кездесетін сарып ауруының алдын алу, оны анықтау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді, -деп бастады әңгімесін Жасұлан аға.

-Жылдық жоспарға сәйкес жұмыстар жүргіземіз. Ауданымызда аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Сарып ауруына ірі қара, жылқы, қойдан қан аламыз. Бірінші кезең ақпан айынан 1 шілдеге дейін, екінші кезең 1 тамыздан қарашаның 30-ына дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Бірінші жарты жылдықта 46900 ірі қарадан қан алынып, 604-і сарып ауруына шалдығып, арнайы ет комбинаттарына тапсырылды. 128694 ұсақ қарадан (қой) қан алынып, 46 қой сарыпқа шалдықты.

Қан алу тәртібіне тоқталсақ, қан сарысуын компьютерлік базаға салып, тізімдеп, зертханаға тапсырамыз. 3-5 күн аралығында қан сарысуынан  сарыпты анықтайды. Бекітілген округ мамандарына тізімді беріп, 15 күн ішінде аудандық аумақтық инспекциясы мамандары нұсқаманы мал иесіне жеткізеді. Нұсқамамен танысқан бойда малды оқшаулап, бөлек ұстайды. Камаз автокөлігімен ет өндеу комбинаттарына тасымалдап, комбинат иелері малды сойып, салмағына қарай иелеріне қаржы төленеді. Мәселен, сәуір айында  Бостандық  ауылдық округінен 21, Қайыңды ауылынан 4 ірі қара сарып аурына шалдығып, уақытында комбинатқа тапсырылды. Ауру шыққан мал қоралары дезинфекцияланып, қазір шүкір, шаруалары алға басуда. Өткен жылдармен салыстырсақ, күні бүгінде  668  ірі қара сарып ауруына шалдықса, 2019 жылы 630 ірі қара, 2018 жылы 146 ірі қара тіркелген.

49 ұсақ қара (қой) осы аурумен тіркелсе, 2019 жылы 26, 2018 жылы 197 ұсақ қарадан шығып, барлығы да тапсырылды. Ал жылқы малында соңғы  3 жылда сарып ауруы тіркелмеген.  Егер де бұл ауру түрі адамға жұқса, әсіресе, төрт түлік өнімін пайдаланғанда  аса қауіпті. Ал сарыпты жұқтырған адамға емделу қиынға түседі, -деп әңгімесін аяқтады.

Иә, мал дәрігерінің әңгімесіне құлақ түрсек, індетті жоюда біршама жұмыстардың атқарылғанын байқаймыз. Айтқандай сарып ауруына шалдыққан малдарды дер кезінде анықтап, арнайы орынға тапсырып, тиісті профилактикалық шаралар жүргізілсе бұл аурумен адамдардың да ауырмауына септігін тигізеді. Қазіргі күнде түрлі індеттердің өршіп, адамзатқа қауіп төндіріп тұрған кезде қандайма жағдайдың да алдын алу қажет. «Ветеринария — адамзатты емдейді» демекші, негізгі байлық көзі  саналатын төрт түлік малдың түрлі індеттерден аман болуы үшін мал дәрігерлік талаптарды сақтау, олардың нұсқауларына сәйкес егу жұмыстарын уақтылы жүргізу шаруа қуған адамдардың міндеті болып қала бермек.

Әсем БОЛАТ