12.10.2020, 16:00
Қараулар: 40
АУДАНДАҒЫ ІЛКІМДІ ІСТЕР

АУДАНДАҒЫ ІЛКІМДІ ІСТЕР

2020 жылда Казталов ауданында көгілдір отын тарту, таза ауыз су жүйесін іске қосу, тұрғын үй салу, жолдарды күрделі жөндеу, мектеп құрылысы секілді ірі жобалар жүзеге асуда. Жобалардың негізіне «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаражат бөлінген. 18 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен ауданға келіп, нәтижелі жобалардың орындалуымен танысты.

Сапарын Жалпақтал ауылынан бастаған облыс әкіміне Бейстерек, Талдықұдық, Кіші Талдықұдық, Кішкенешал ауылдарын ауылішілік газбен жабдықтау және Талдыапан ауылындағы әлеуметтік нысандарын газдандыру жұмыстарының жобасына бағдар жасап, мердігер компания өкілдерімен жүздесті. Бұл бағыттардағы газдандыру жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында іске асуда. Тапсырыс беруші облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы. Мердігер «Алия Сервис» ЖШС. Бейстерек, Талдықұдық, Кіші Талдықұдық, Кішкенешал ауылдары бағытындағы тартылатын газ құбырының ұзындығы – 96 шақырым. Құрылыс монтаждау жұмыстарының аяқталу мерзімі 2020 жылдың желтоқсан айы. Газ тарту жұмыстарына Талдықұдық ауылының тұрғыны Айсұлу Иманғалиева өңір басшысына ауылдастары атынан алғыс білдірсе, Ғали Нәжімеденұлы мердігер компания өкілдеріне ауылдарды көгілдір отынға уақытында қосуды тапсырды.

Бұдан кейін облыс басшысы Жалпақтал ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының басына барды. Кешен құрылысна «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қаражат құюда. Құрылысқа жауапты мердігер «Наурыз» ЖШС қазіргі таңда кешеннің қабырғасын көтеруде. Нысан биылғы жылдың аяғында уақтылы және сапалы аяқталған жағдайда ауыл халқы спортпен шұғылданып, әртүрлі деңгейдегі спорттық жарыстарды тамашалайтын болады.

Жалпақталдық тұрғын үйге мұқтаж жандар үшін биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында екі қабатты 12 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мердігер ұйым «Design Shool» ЖШС. Құрылысы жүріп жатқан үйді аралаған өңір басшысы құрылыс сапасына көңіл бөлу керектігін тоқталды. Ол үшін жобалық-сметалық құжатта көрсетілген заманауи, сапалы жергілікті өндірушілердің материалдардын пайдаланып, қателіктерге бой алдырмау үшін қоғамдық бақылауды күшейту қажеттілігі туралы тілге тиек етті.

Сонымен бірге биылғы жылы Жалпақтал ауылында 4,1 шақырымды құрайтын 7 көшенің көрделі жөндеу жұмыстары бастау алған. Жалпақталдағы Д.Нүрпейісова, М.Мәметова, А.Құсайынов, Д.Фурманов, Жалпақтал, Сламахин, Ғ.Әнесов көшелеріне қатқыл табанды жолмен қатар 3,5 шақырым жаяу жүргінші жолдың да құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Айдана» ЖШС ұтып алған. Қазіргі таңда жұмыстар 55 пайызға аяқталып отыр. Ауылішілік жолдардың жөндеу жұмыстарына назар аударған Ғали Нәжімеденұлы көше бойында ауыл белсенділерімен де сұхбаттасты. Ауыл тұрғындары Жалпақтал ауылындағы ауыз су туралы мәселе көтеріп, судың уақытпен беретінін баяндап берді. Облыс әкімі бұл мәселені де қадағалауға алып, оңтайлы шешуге жұмыстануды тапсырды.

Жалпақтал ауылында жаңа шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылуда. Ауданның инвест-жобалары картасына енген балық дүкен, құрылыс материалдар дүкені және қымызхана. Дүкен кешенінің иесі «Сартаев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Әлібек Сартаев. Ол облыс орталығы мен аудан орталығы Казталов ауылында да осындай балық дүкендерін ашуда. Биылғы жылы «АсылМирас» шаруа қожалығы күре жолдың бойынан бие байлап, қымыз сауып, тұрғындарға сатып жатыр. Алдағы жылы қымызхана салуды да жоспарлап отыр. Шаруашылық жетекшісі Болат Есмағұловтың айтуынша, қасиетті жануардың сүтіне деген сұраныс көп. Облыс басшысы аталмыш кәсіпкерлік нысандарына арнайы барып, кәсіпкерлермен тілдесті.

Сонымен бірге облыс әкімі Жаңажол ауылында болып, «Бақытжан» шаруа қожалығы салып жатқан фельдшерлік-акушерлік пукттің құрылысын көрді. Шаруашылық жетекшісі Рауан Есенғалиев «Рухани жаңғыру» аясында бұл нысанды жеке қаражатына салып, тұрғындар игілігіне табыстамақшы.

Осындай нәтижелі істердің куәсі болған облыс әкімі сапарын Бостандық ауылдық округінде жалғап, жол бойында орналасқан «Муслим» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Ауданымызда іргелі шаруа қожалықтардың қатарына кіретін шаруашылықтың жетекшісі белгілі кәсіпкер – Махамбет Тайгарин. Бұл шаруашылық «Ақбас» асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен шұғылданады. Қазіргі күнде асыл тұқымды мал саны 471-ге жеткен. Шаруашылық қарамағындағы 8050 гектар жерді тиімді пайдаланып, өз қаражат есебінен 11 шақырым техникалық су құбырын тартқан.

Шаруашылық жұмысымен танысқаннан кейін өңір басшысы Бостандық ауылына жол тартты. Сарыөзен бойында орналасқан Бостандық ауылдық округі жаңа нарықтық қатынасқа көшіп, елдегі жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыруда аудандағы округтер арасында көш бастап келеді. Округте шағын және орта кәсіп жақсы дамыған. Округ орталығында 9 дүкен, тойхана, сұлулық салоны, шаштараз, тігін цехы және фитнес орталық жұмыс істеп тұр. Бұл да ауылдың дамып, жаңа заман көшіне бейімделгенінің белгісі. Ауылда жаңадан сауда кешені бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан болашақ кешен ішінен асхана, дүкен, қонақүй ашылмақ. Кешен құрылысын «Наурыз-97» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Ибатов өз қаражатына салып жатыр.

Бостандықтар үшін тағы қуанарлық жағдай ауылда жаяу жүргіншілер жолдарының құрылыс жұмыстары басталуда. Құрылыс жұмыстарын «Батыс Котло Монтаж» ЖШС жүргізеді. Осындай жобалардың құрылысымен танысқан облыс әкімі Бостандық ауылында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған бокс залы ғимаратына да бас сұқты. Жөндеу жұмыстары Бостандық ауылының жеке кәсіпкерлерінің есебінен жүргізілуде. Ынтымағы бекем ауылдастардың басын біріктіріп, бокс залы ғимаратын күрделі жөндеуіне мұрындық болған, бокс үйірмесінің жетекшісі – Асланбек Сармалаев. Бұған дейін ауылдан байрақты бәсекелерге қатысқан біраз чемпионды баптаған Асланбектің бастамасына тәнті болған Ғали Нәжімеденұлы ризашылығын білдірді.

Бостандық ауылында Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 10 жылдықтар 2 млн. теңгеге «STREET WORKOUD» алаңын, 20 жылдықтар 1 млн. теңге қаражатқа субұрқақ, 30 жыл толған түлектер 2,5 млн. теңгеге округ орталығына заманауи сахна орнатып, ауылдың ажарлануына үлес қосуда.

Өңір басшысының жұмыссапары аудан орталығы Казталов аулында жалғасын тапты. Ғали Нәжімеденұлының аудан орталығындағы аралаған алғашқы нысаны 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы болды. Құрылыс жұмыстарын «ТасқалаТрансГаз» ЖШС атқарып жатқан болашақ кешен сыйымдылығы 320 орын. Аяқталу мерзімі 2021 жыл.

Мұнан кейін облыс әкімі А.Оразбаева атындағы 600 оқушыға арналған білім ордасының құрылысымен танысты. А.Оразбаева атындағы жаңа мектептің құрылысын жүргізу Александр Қарағойшин басқарып отырған «Жиенбай» ЖШС-нің еншісінде. Мектептің қазіргі жағдайына тоқталсақ, биылғы жылға бөлінген қаражат толығымен игеріліп, мектептің қоршау мен іргетасы құйылып біткен. Құрылысы басталған мектеп аудан орталығының шығыс бөлігінен орын тепкен. Мектептің жалпы аумағы 3,64 гектар. Типтік жобадағы 600 орындық мектепте 3 оқу корпусы, спорт алаңдары, арнайы шара өткізетін алаң, ойын алаңы, автотұрақ орналасқан. Мектеп құрылысы сапалы және уақытында аяқталатын болса алдағы жылдары балаларымыз жаңа мектепте білім алатын болады.

Мұнымен қоса аудан орталығында 20 жыл жөндеу көрмеген аудандық ауруханаға жаңа стандартқа сай күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бұл тек ақ халаттылар үшін емес, тұрғындарға да қуанышты жағдай. Бұл нысанның жөндеу жұмыстарын да «Жиенбай» ЖШС атқаруда. Облыс басшысы мердігер мекеме басшысына жөндеу жұмыстарын уақытында бітіруді тапсырып, арнайы дайындалған стендтан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған Серік, Хайруш елді мекендерінде медициналық пукттері туралы ақпарат алды.

Казталов ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасымен екі қабатты 12 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталуда. Тапсырыс беруші аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Мердігер ұйым «Нұр Құрылыс-Болашақ» ЖШС. Құрылыс монтаждау жұмыстары 2021 жылдың шілде айында аяқталады деп күтілуде.

Жұмыс сапары кезінде Ғали Нәжімеденұлы Казталовтағы ауылішілік жолдардың қайта жаңғырту жұмыстарының барысын бақылап, ауыл азаматтарымен кездесіп, ашық-жарқын әңгімелесті. Биылғы жылы аудан орталығында 6,5 шақырымды құрайтын 9 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, қара жамылғы төселді. Бұдан басқа аталмыш көшелердің кейбір бөлігінің 3,8 шақырымына жаяу жүргінші жолы да жасалып жатыр. Сонымен қатар үнемделген қаржыға Құрманғазы, М.Өтемісов, Ә.Молдағұлова көшелерінің жолдары қара жамылғы төселуге дайындық жасалуда. Барлық құрылыс жұмыстарын «Орал жолдары» акционерлік қоғамы мен «Ануш-Құрылыс» ЖШС ұтып алған.

Қайрат ЖАҚЫП