12.10.2020, 15:41
Қараулар: 39
МАЛ ҰРЛЫҒЫ ТОҚТАЛСЫН ДЕСЕК

МАЛ ҰРЛЫҒЫ ТОҚТАЛСЫН ДЕСЕК

Күз мезгілі басталғанымен, бағымдағы мал қораға байланғанша далада жүретіні белгілі. Осы мезгіл ішінде жұрт жаппай соғымын әзірлеп, соя бастайды. Бұл жергілікті жердегі мал ұрлығының  етек алатын тұсы. Осыған орай Казталов аудандық Жалпақтал полиция бөлімі ауыл тұрғындарына жайылымдағы малдары мен аулаға кірген малды қараусыз қалдырмай, үнемі бақылауда ұстау керектігін ресми тұрғыда ескертеді.
Ол үшін ауыл тұрғындары мүмкіндігіне қарай өріске шығатын малды қарайтын арнайы адам жалдап, өз малдарына сырға тағып, таңбалар салуға  және мал қораларын үнемі бекітіп (кілттеп) ұстауға кеңес береді.  Мал ұрлығына тосқауыл қою мақса­тында Жалпақтал полиция бөлімі жыл сайын тұрақты түрде алдын алу шараларын өткізеді.
Әлбетте, өрісте қараусыз жайылып, түн мезгілінде далада қалып қоятыны болмаса ауыл ішінде қора-жайға қамалмай бос жүретін малдар ұрланатыны белгілі. Осындай келеңсіздіктер болмас үшін жергілікті полиция өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесулер ұйым­дастырып, арнайы жедел топтар құрды. Олар мал базарлары мен мал сойылатын жерлерді аралап, ұрланған малдарды тасымалдауға тосқауыл қою үшін жүк машиналарына тексерістер жүргізеді. Осындай жедел алдын алу шаралары барысында  бірқатар мал ұрлықтарының жолдары уақытында кесіліп, қолды болған ұрлық мал иелеріне қайтарылған жағдайлар да болды.
Сондықтан алдағы уақытта мал ұрлығы болмас үшін полиция бөлімінің қызметкерлері «жергілікті әкімшілік пен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен жылжымалы топ құрылып, ветеринарлық нормалар сақталып, мал ұрлау фактілеріне тосқауыл қойылса және иесіз жүрген малдарды анықтау бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр» деген ұсыныстарын ортаға салудан тартынған жоқ.
Олар соңғы уақытта өңірдегі ауыл-аймақтарда мал ұрлы­ғына қатысты қылмыстардың азайып келе жатқанын тілге тиек етуде. Жергілікті тұрғындар атқарып жатқан нәтижелі жұ­мыстары мен ұрланған малдарын тауып, өздеріне қайтарып берген полиция қызметкерлеріне алғыс айтады.
-Біздер, күз мезгілінің келіп, соғым уақытының жақындап қалға­нын, базардағы ет өнімдері бағасының қым­баттауын ескере отырып, полиция орган­дарының қызметкерлері ретінде ауылдық жердегі тұрғын­дарды жеке малдарына иелік етіп, ұры-қаралардан сақ болуға шақырамыз, -дейді Жалпақтал полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Мейрамбек Құспанов.
Болашақта мал ұрлығы тоқталсын десек, бақылау мен сақтық шараларын жан-жақтан күшейтейік, ағайын!

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ