12.10.2020, 15:34
Қараулар: 32
АТАУЛАР НЕГЕ ҚАЗАҚШАЛАНБАЙДЫ?

АТАУЛАР НЕГЕ ҚАЗАҚШАЛАНБАЙДЫ?

Көшеге шыға қалсақ саябақтардан көрі дүкендер мен мейрамханалардан аяқ талып, көз сүрінеді. Сауда орындары мен бас қосатын орындардың болғаны жақсы әрине. Дегенмен, кәсіпкерлер өз нысандарының атауы мен мағынасына сәл болса да мән берсе дейміз!

Кәсіпкерлік нысандар тұрғындардың, әсіресе, балалардың назарын аударатыны анық. Бірақ, атауы жағынан келгенде «Оның мағынасы қандай?, Қалай жазылуы керек?» деген сұрақтарға ешкім бас қатырып жатпаған сияқты. Бірнеше дүкен атауы мен мейрамхана желісін желеу қылып, мәселенің басын ашпақ ниетпен аудандық әділет басқармасына бас сұқтық. Басқарма басшысы Эльмира Қайсағалиева сөзімізге құлақ түріп, байыппен тыңдады.

-Кәсіпкерлік нысан атауларын арнайы жергілікті атқарушы орган бақылауға алады. Оның құзіретіне кіретін міндеттері заңмен бекітілген. Қазақстан Республикасы Тіл туралы Заңында облыстық жергілікті атқарушы органның құзіреті «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар береді, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады». Ал, аудандық жергілікті атқарушы орган құзіреті «Облыстардың атқарушы органдарына ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi» және «жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады». Демек, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган өкілдері «Тіл туралы» заңның 21-бабының бұзылғандығын алға тартып, тиісті шараларды қолдана алады, -деп заң тұрғысында тиісті жауабын берді.

Шыны керек, ауданымызда кейбір кәсіпкерлік нысан атауларының орыс тілінде ғана жазылып тұрғандығы шымбайыңа батады. Мәселен, «YANTAR», «Муслим», «Нурбек», «Бико», «Бибок», «Даулет» сынды нысандар атауымен-ақ менмұндалап тұрады. Тіпті, атауы жоқ кейбір кәсіпкерлік нысан да саудасын жүргізіп жатыр. Жұмыстары жүйелі, өнімдері де сапалы. Десе де, атауы жағынан ақсаңдап тұр. Бұл балаларымыздың үйреншікті сөздеріне айналып отырғаны тағы бар. Жабулы қазанды жабуымен қалдырып, тіс жарып сөйлемей қалуға тағы болмады. Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңын алға тартып, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Алмагүл Әлібаевамен де сұқбаттастық. Кезекті еңбек демалысына қарамастан, ретін тауып сұқбаттасуға келісімін беріп, төмендегідей ақпаратқа қанық болдық.

-Бөлімнің бұл тұрғыда атқаратын қызметі, кәсіпкерлерге «Тір туралы» заң талаптарын ескерте отырып, әдістемелік көмек көрсету болып табылады. Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу аясында тілдік норманың сақталуы жөнінде мобильді топ құрылып, мониторинг жүргізіліп тұрады. Егер кәсіпкерлік нысан атауына байланысты заңбұзушылық тіркелсе, кәсіпкерге алдымен заң бойынша ескерту беріледі. Ал, бір жыл ішінде ескерту еленбеген жағдайда тиісті органдар арқылы әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Сонымен бірге ауданда ономастикалық атауларды ретке келтіру мен біріздендіру бойынша жұмыс тобы қызмет атқарады. Ал, ономастикада кәсіпкерлік нысан атаулары көрнекі ақпараттарға жатқызылады. Атаулардың орфографиялық нормасы жөнінде Тіл комтитетіне де хабарласып, «қазіргі таңда орфографиялық норманың сақталуы жөнінде заң жобасының әзірленіп жатырғандығынан» хабардар болдық. Аз да болса көңілге медеу. Тілдік норма сақталып, барлық нысан атаулары қазақ тілінде бекітілсе дейміз. Ауылшаруашылық кооператив төрайымы, ауыл тұрғыны Нұрлы Айтмағанбетова былай деп үн қатты.

-Аудан орталығында бірнеше дүкеннің атауы мен мейрамхана атауы орыс тілінде мағынаға ие екендігі көрініп-ақ тұр. Балаларымыздың бойына қазақ тілін дәріптеп жүргенімізбен, ойын баласы сол маңнан өткенде «анау дүкен атауы осылай жазылып тұр ғой, дұрыс айтып тұрмын ғой» деп дүкеннің атауын айтқанда сөз таппай қалатынымыз анық. Балаға қазақшасы «Нұрбек» болады десең, көзіне ап-анық «Нурбек» жазылуы көрініп тұр. Бұл біріншіден кәсіпкерлердің тілді құрметтемегені, екіншіден халықтың да бұған салғырт  қарауы деп білемін. Егер халық ескертсе, мүмкін кәсіпкер ойланатын ба еді кім білсін. Дегенмен, ана ретінде айтарым тіл мәртебесі жоғары тұрып, тілдік норма сақталса, -деді.

Мақсатымыз кәсіпкерлерді сынап, көпке топырақ шашу емес. Аудандағы кәсіпкерлеріміздің ел басына күн туғанда және ауданішілік, облыстық, республикалық шараларға демеушілік етіп отырғаны көпке аян. Дегенмен, заң бар. Ал заң талаптарын ескеру мен орындау жалпыға ортақ.  Нысан атауларына да пәлен деуге болмайды. Әйтсе де тіл мәртебесі ұмыт қалмай, өзге де кәсіпкерлер мұндай олқылықтарға жол бермесе екен деген ниеттеміз.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ