9.10.2020, 22:26
Қараулар: 26
FameLab Kazakhstan жеңімпаздары

FameLab Kazakhstan жеңімпаздары

Алматылық дәрігер 750 мың теңге жеңіп алып,
Қазақстанның атынан халықаралық байқауға қатысады.

Бүгін FameLab Kazakhstan ғылыми коммуникациялық байқауы финалының трансляциясы өтті, оған қазақстандық 10 жас ғалым қатысты, оның ішінде сегізі Nazarbayev University өкілдері.

Байқау жеңімпазы атанған Нұрлан Сүлейменов 750 000 теңге сыйлыққа ие болып, халықаралық FameLab-2020 байқауына Қазақстанның атынан қатысу мәртебесіне лайық деп танылды. Екінші және үшінші жүлделерге ие болған Шохиста Исмаилжанова мен Әсел Ахметоваға 350 000 теңгеден тапсырылды. Көрермендердің таңдауы бойынша Ш. Исмаилжанова үздік спикер атанып, байқау ұйымдастырушыларының Kindle электронды кітап сыйлығына ие болды.

«Ішімді қуаныш кернеп тұр! Негізі, FameLab байқауына қатысу туралы шешімді тапсырыс қабылданатын соңғы күні жасадым, ал видеоны тура соңғы сәтте жібердім, сондықтан финалға өтемін деп күтпедім. Мастер-класс қатты ұнады! Бізге өз стилімізді табуға көмектесіп, ғылым туралы қарапайым тілмен, әрі өте қызықты қылып жеткізуге болатынын көрсетті. Бұрын маған тек биология қызықты секілді болып көрінетін, бірақ енді қолыңнан келсе – барлығын қызықты жеткізе білуге болатынын көрдім. FameLab байқауының арқасында соны үйренгім келетінін түсіндім. Осындай тамаша тәжірибе сыйлағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін!», – дейді байқау жеңімпазы Н. Сүлейменов.

FameLab байқауы 2005 жылдан бері өткізіліп келеді және ғылыми коммуникация саласындағы әлемдік көшбасшы байқау саналады. Қазақстанда  FameLab байқауын «Шеврон» компаниясының қолдауымен British Council (Британ Кеңесі) бесінші жыл қатарынан өткізіп келеді, оған 100-ден астам жас ғалым қатысып үлгерді. Биылғы жылы байқаудың өтуіне OYLA ғылыми-көпшілік журналы да қолдау көрсетті.

Байқаудың мақсаты – ғылымды насихаттау және оны зерттеуге деген қызығушылықты арттыру. FameLab дарынды жас ғалымдарды анықтауға көмектесіп, олардың коммуникациялық машықтарын жетілдіруге ықпал етеді.

Байқау финалының қазылар алқасына Ұлыбританияның Қазақстандағы елші   орынбасары Джонатан Лэйфилд, Causaly Inc техникалық директоры және негізін қаласушы Артур Саудабаев және The Village Kazakhstan негізін қалаушысы Айсана Ашим кірді.

«FameLab – керемет іс-шара! Британ Кеңесі FameLab байқауын 25 елде өткізеді. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар жиналып, ғылым жайлы сөйлесіп, ойлары бір тұстан шығатын тұлғалар тың идеяларымен бөлісіп, өзара пікір алмасады. Жеңімпаз өзінің ғылыми коммуникациялық машығын жетілдіруге, сондай-ақ тәжірибелі халықаралық тренерлер өткізетін мастер-класқа қатысуға мүмкіндік алады, – дейді Британ Кеңесі Орталық Азия бойынша Серіктестік бөлімінің басшысы Бен Грей.

«Біз STEM бағытқа ерекше көңіл бөлеміз, сондықтан да  FameLab байқауына қолдау көрсетеміз деп шештік, өйткені бұл күрделі ғылыми идеялармен бөлісудің қарапайым әрі қызықты тәсілі. Байқауға қатысушылардың барлығын құттықтаймын! Олар байқаудың арқасында болашақта ғылыми жұмыстарына қажет болатын машықтарды игерді. Төрешілер мен барлық көрерменге үлкен рақмет!» – деп алғысын білдірді «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің координаторы Жанар Қошпанова.

 

Сұрақтарыңыз бойынша сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін +7 (727) 222 13 20 телефоны арқылы немесе famelab@oyla.xyz электронды поштасымен жоба координаторы Дәурен Әділбековке хабарласа аласыздар.

 

«Шеврон» корпорациясы – әлемнің жетекші біріктірілген энергетикалық компанияларының бірі. Біздің жетістігіміз қызметкерлерімізге, олардың нәтижеге тиімді тәсілдерді қолдану арқылы жетсек деген ұстанымына, жұмысқа жауапкершілікпен қарауға және оны мінсіз атқаруға, инновациялық технологияларды қолданып, оңтайлы даму жолында жаңа мүмкіндіктерді ескеруге негізделген. Біз энергетикалық өнеркәсіптің барлық дерлік саласында жұмыс жасаймыз. Геологиялық барлауды, шикі мұнай мен табиғи газды өндіруді және тасымалдауды; көлік отыны мен майлау материалдардын өңдеуді, алуды және таратуды; мұнай-химиялық өнімдерді өндіруді және сатуды; электрлі және геотермалды энергияны өндіруді жүзеге асырып, энергияның жаңартылатын қайнарлары және энергияны тиімді тұтыну салалары бойынша техникалық шешімдер шығарумен айналысып,  сондай-ақ болашақтың энергетикалық қорын, соның ішінде био-отынды игеруді қолға алып келеміз.

«Шеврон» – Қазақстандағы жетекші мұнай өндіретін жекеменшік компания, сондай-ақ ол еліміздегі Теңіз және Қарашығанақ секілді екі ірі кен орны акцияларының қомақты пакетіне ие. Корпорация сонымен қатар Каспий Құбыржол Консорциумында ірі жекеменшік акционер саналады.

 

British Council (Британ Кеңесі) – Біріккен Корольдіктің мәдени байланыстар және білім беру саласындағы халықаралық ұйымы. Біз Біріккен Корольдік пен өзге елдер арасында ынтымақтастық құрып, өзара түсіністікті нығайта түсу мақсатында достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етеміз. Сондай-ақ Біріккен Корольдік пен өзге елдердің дамуына өз үлесімізді қосып, байланыстар орнатып, сенімді қарым-қатынасты одан сайын жетілдіріп, мүмкіншіліктер ұсыну арқылы адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге тырысамыз. Біз әлемнің 100-ден астам елінде өнер және мәдениет, ағылшын тілі, білім беру және азаматтық қоғамды құру салалары бойынша жұмыс істейміз. Жыл сайын түрлі іс-шаралар арқылы 20 миллионнан астам адамды және онлайн-каналдар мен БАҚ арқылы 500 миллионнан астам адамды жұмылдырамыз.

 

OYLA журналы – Қазақстанда қазақ, орыс және ағылшын тілінде, Аустралия, Жаңа Зеландия, Үндістан, Оңтүстік Корея және Еуропа елдерінде басқа да тілдерде ай сайын шығатын, оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған ғылыми-көпшілік журнал. Біздің контент STEM пәндеріне (ғылым, технология, инженерия және математика) негізделген және балаларды сыни ойлауға үйретуге бағытталған.