17.09.2020, 10:35
Қараулар: 37
«АҚБҰЛАҚҚА» ҚУАНҒАН ҚАРАСУЛЫҚТАР

«АҚБҰЛАҚҚА» ҚУАНҒАН ҚАРАСУЛЫҚТАР

8 қыркүйек күні Қарасу ауылдық округінде қуанышты оқиға орын алды. Округ орталығы Қарасу ауылының тұрғындары «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз суға қосылып, игілігін көрді.

Былтырғы жылы Қарасуда республикалық «Ақбұлақ» бағдарламасы іске асып, су жүйесінің қайта жаңғыру жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарын «Жолаушы – жол» ЖШС ұтып алып, жүргізген болатын. Жоба бойынша таза ауыз суды Қараөзен өзенінен тазарту әдісі арқылы тарту жоспары тұрды. Соңғы жылдары жоғары жақтан келетін судың аздығынан өзен суын тазарту мүмкін болмай қалды. Түйткілді мәселеге бас ауыртқан құрылысқа жауапты азаматтар суды Жаңақала ауданынан тартуға шешім қабылдайды. Нәтижесінен 13 шақырым жердегі Искра топтық су құбырынан қосылуға келісім алынған. Бұл құбыр жерасты суынан нәр алып жатқанын айта кетуіміз керек.

Қазіргі таңда су жүйесінің қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталып, ауылдағы 174 үй ауыз суға қосылып отыр. Ауыл тұрғындарына тәулігіне 30 текше метр су жеткізілуде.

Нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова қарасулықтарды қуанышты сәтпен құттықтап, құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтаған «Жолаушы – жол» ЖШС директоры Саламат Сертековке округ тұрғындары атынан алғыс білдіріп, аудан әкімінің алғысхатын табыстады. Салтанатты шарада мердігер мекеме ұжымы атынан ауыл тұрғыны Мақпал Ескендіроваға кір жуатын мәшине сыйға тартылды. Тағы бір тілге тиек ететіні, Қарасу ауылдық округінен аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Ерболат Бекмулдин қарасулық аз қамтылған және көпбалалы төрт отбасының үйіне ауыз су тартуға демеушілік жасаған.

Таза ауыз су іске қосылғанына ауыл тұрғындары дән риза.

Сейфолла НҰФТУЛЛИН, Қарасу ауылдық округі ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы:

— 2005 жылы ауылымызға «Таза су» бағдарламасымен ауыз су тартылған еді. Бірақ, өкінішке орай өзен деңгейінің тартылуына байланысты бұл су жүйесі жие істен шығып қалатын. Енді міне «Ақбұлақ» бағдарламасымен жерасты суынан тартылған су жүйесі іске қосылуда. Осы бағдарламаны жүзеге асырып, халықты таза ауыз сумен қамтуда жұмыстанған облыс, аудан басшыларына, мердігер мекеменің ұжымына округ тұрғындары атынан алғыс айтамын, -деп қуанышын бөлісті.

Ауыз су жүйесіне қол жеткізген Жасқалам Ислямғалиевтің жанұясы. Осы шаңыраққа әдейі ат басын бұрған аудан әкімінің орынбасарына үй иелері таза су үшін алғысын жаудырды.

Міне, ауыз суға қосылған тағы бір ауылдың қуанышты сәтіне куә болдық. Бірге қуандық. Осындай қуанышты күндеріміз көп болсын!

 

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар