8.09.2020, 9:40
Қараулар: 40
ТАРИХТЫҢ ТЕРЕҢ ІЗІ ҚАЛҒАН

ТАРИХТЫҢ ТЕРЕҢ ІЗІ ҚАЛҒАН

Ел өмірі мен туған жерін көркейту жолында із қалдырған аға буын ардагерлердің еңбектері кейінгі өскелең ұрпаққа мақтаныш. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, туған өлкемізге деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында 2013 жылы Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі жасақталып, өз жұмысын бастаған еді. 2014 жылдың 2 ақпанында сол кездегі өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен музейдің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді.

Ақпәтер музейін ашу жолында ізденіске толы көптеген жұмыстар іске асырылды. Жергілікті жердің тарихы жөнінде көп жасаған көнекөз қариялардан, ел басқарған басшылардан ауызша, жазбаша мәліметтер алынып, аудан, облыс архивтерінен нақты деректер жинақталды. Онда 1932 жылы құрылған Красный партизан кеңшарының құрылымын айқындай түсетін, дәлелдейтін, ауылдың жер-су атауларын, оның өзгерістерін анықтайтын құжаттық деректер жинақталды. Бұл жұмыстар 1986 жылдан бастау алып, музей ашылғанға дейін тоқтаусыз, тынымсыз жүргізілген қажырлы еңбектің нәтижесі.

Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушы, осы ауылдың байырғы тұрғыны әрі жергілікті ардагерлер ұйымының төрағасы Кәрім Тәжмағанбетұлы Өтеғұлов ағамыз. Ол кісі жалпы құны 10 миллион теңгеге жуық өз қаражатын осы музейге жұмсап, музей толық жасақталғаннан кейін оны ақысыз, пұлсыз мемлекетке тегін өткізу жөніндегі ұсыныспен облыс әкіміне хат жазған болатын. Қолдауға тұратын ақсақалдың ұсынысын қуана қабылдаған сол кездегі өңір басшысы тиісті орындарға тапсырма беріп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы есебінде Ақпәтер музейін ашты. Бүгінде сол музейде штаттық кестемен 14 адам тұрақты еңбек етіп келеді. Ақпәтер тарихи-өлкетану музейіне қойылған жәдігерлер мен құжаттар күн санап артып, олардың жалпы саны 3200 данаға жетті. Мұнда Қараөзен бойын жайлаған қалың елдің кешегісі мен бүгінгісінен, археологиялық ерекшеліктерінен, өткен ғасырлардағы этнографиялық салт-дәстүрлерінен мол мағлұматтар алуға болады. Музейде өткен тарихымызға қатысты терең сыр шертетін экспонаттар, ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін кезеңінің салған лаңдары мен зардаптары және Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын көз алдыңа әкелетін жәдігерлер жинақталған. Алдағы уақытта ашық аспан астына музей жәдігерлерін жасақтап, соғыстан кейінгі жылдарда халқымыз тұтынған әр түрлі тұрмыстық және өндірістік құрал-жабдықтар, темір ұсталарының аспаптары, сол кездегі шөп жинайтын техниканың сирек түрлері, диірмен тасы, тағы сол секілді бүгінде көзге өте сирек ұшырасатын құнды жәдігерлер қойылады. Оның сыртында ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бері қарай шығарылған ауыл шаруашылығы техникаларынан ашық аспан астындағы музей жасақталып, аула ішіне жеміс ағаштары мен декоративті ағаштардың түрлерін көптеп егу көзделуде. Қазірдің өзінде аулада 300-ге тарта әр түрлі ағаштар егіліп, күтімге алынып отыр. Музей ғимараты жанында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерімізге тұрғызылған, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағындағы «Ана мен бала» ескерткіші күрделі жөндеуден өткізіліп, Ұлы Отан соғысынан елге оралған жауынгерлердің және тылда еңбек еткен азаматтардың есімдері толықтырылып, 2016 жылдың маусым айында салтанатты түрде қайта ашылды.

Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі жұмыс жасағалы бері музей экспозициясын тамашалауға жылына 1200- 1300-дей астам, Қазақстан, Ресей жерлерінен көптеген туристер мен қонақтар келеді. Олардың қатарында өңір басшылары, депутаттар, ақын, жазушылар, спортшылар, көркемөнерпаздар, ұстаздар, дәрігерлер, оқушылар және ауыл тұрғындары мен ауыл қонақтары бар.

Қыдыр АБДРАХМАНОВ