8.09.2020, 9:35
Қараулар: 44
АЖАРЫ АЙШЫҚТАЛҒАН АҚПӘТЕР АУЫЛЫ

АЖАРЫ АЙШЫҚТАЛҒАН АҚПӘТЕР АУЫЛЫ

Ауданымыз бойынша мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаукөмекті мейлінше сезініп, даму қарқынын алдыңғы лекпен жүзеге асырып жүрген Ақпәтер ауылдық округінің тыныстіршілігін газетіміздің қалың оқырманына таныстыруды жөн санадық.

Жер аумағы 117656 гектарды (Ақпәтер – 91557 га, Кіші Талдықұдық – 26099 га) құрайтын ауылдық округте 258 аула бар. Оның 241-і Ақпәтер ауылында орналасқан. Халқының саны – 1152.

Округте 25 шаруа қожалығы, 29 кәсіпкер, 5 дүкен, 1 тойхана, 1000 бас ірі қараға арналған бордақылау кешені («Барыс» шаруа қожалығы) жұмыс істейді. Бағымдағы ірі қара шаруа қожалықтырында – 6217, жеке тұрғындарда – 1555, қой шаруа қожалықтырында – 17323, жеке тұрғындарда – 3894, ешкі шаруа қожалықтырында – 308, жеке тұрғындарда – 830, жылқы шаруа қожалықтырында – 1404, жеке тұрғындарда – 281, түйе «Қамқор» шаруа қожалығында 48-ді құрайды. Оның сыртында «Қамқор», «Бейназар Б», «Асхат», «Перизат», «Қанат», «Бірлік», «Талиғат» шаруа қожалықтары 940 герефорд, ақ бас асыл тұқымды ірі қара мен 360 көшім жылқысын және 3100 еділбай қойын өсіруде.

Ақпәтер ауылынан түлеп ұшқан перзенттер «Түлектер форумы» аясында мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай «АҚПӘТЕР», 20 жыл толғандар «Алтын ұя – мектебім» атты жарық диодты композицияларын, 30 жыл толған түлектер мектеп ауласына 10 жарықшам, 40 жыл толғандар 400 мың теңгеге техникалық суға жөндеу жұмыстарын, биыл 30 жыл толған түлектер 1 млн. 200 мың теңге қаражатқа орталық алаңға «STRET WORKAUD» орнатып, ауыл ажарын көркейтіге мейлінше үлес қосты.

Ауылдағы халықтың тұрмысын жақсарту жолында Ақпәтер ауылдық округінің әкімдігі жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, бірқатар игі істі жүзеге асырды. Олар сан салалы жұмыстарды тоғыстырған еңбек тынысында ауылшаруашылық бағытын басты меже қылып, алдыңғы шепке шығарды. Жаңа жүйемен енген өзінөзі басқару, қазынаға түскен қолма-қол ақшаны бақылау – уақыт талабы. Осы орайда жергілікті қауымдастық мүшелері келелі отырыстар үстінде қажетті қаражаттар бөлуді қарастырды. Салық түсімдері жеке кәсіпкерлерден, шаруа қожалықтарынан, көлік пен жер, мүлік салықтары есебінен толығуда.

Округте 25 шаруа қожалығы, бір агроөнеркәсіп кешені, екі ЖШС, бір несие серіктестігі, 24 жеке кәсіпкер бар. Оның сыртында ауылда бір тойхана, бес дүкен, бір наубайхана, бір дөңгелек жөндеу шеберханасы жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетеді.

Аудан бойынша «Бейназар» шаруа қожалығы жетекшісі Бейбіт Утегулов «Ең үздік жұмыс беруші», «Ақпәтер Құрылыс Жол» ЖШС жетекшісі Орал Дүйсенғалиев «Ең үздік салық түсіруші» атанып, үздіктер қатарынан табылса, «ЕрҚожа» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Самат Хасанов Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы бойынша желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен жиында «Туған өлке» номинациясымен марапатталып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз – 2019» республикалық конкурсына қатысып келді. Сол сияқты асыл тұқымды малдың сапасын арттырудағы үлесі үшін «Перизат» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Қабденов облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Агробизнес – 2020» салалық бағдарламасына округтің ауылшаруашылық құрылымдары белсене қатысып, ауыл-аймақтың дамуына өз үлестерін қосып келеді. «Асхат», «Бейназар-Б», «Қамқор» шаруа қожалықтары 453 бас асыл тұқымды ірі қара, «Бейназар-Б», «Қамқор» 360 бас көшім жылқысын, «Қамқор», «Перизат» 2650 бас еділбай қойын өсірумен айналысса, «Бірлік» шаруа қожалығы – 120, «Асхат» шаруа қожалығы – 200, «Қанат» шаруа қожалығы – 100 асыл тұқымды герефорд, «Перизат» шаруа қожалығы 60 бас қазақтың ақ бас және «Талиғат» шаруа қожалығы 60 ангус тұқымды қашарларын алып, асыл тұқымды мал өсіру бағытында жұмыстануда.

2019 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы «Данияр», «Жасұлан», «Бейназар-Б» шаруа қожалықтары лизингке ауылшаруашылық техникаларын алуға қол жеткізді. «Қамқор», «Нұр-Сер» шаруа қожалықтары қыстақтарға мал ұстауға арнап жалпы сомасы 5 миллион теңгені құрайтын ангар салып алды.

– Мемлекетіміздің үнемі назарда ұстап отырған басты бағыттарының бірі – денсаулық сақтау саласы. Округ бойынша бұл салада фельдшерлік-акушерлік пункт тұрақты жұмыс істейді.

Орта жалпы білім беретін мектеп 2020-2021 оқу жылын 240 оқушымен бастағалы отыр. Онда 1-сыныпқа – 21, даярлық сыныбына 27 бүлдіршін қабылданады. Оқушылар штаттық режимде оқиды деп жоспарлап отырмыз. Ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсету бойынша Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі мен мәдениет үйі және модульдік кітапхана тұрақты жұмыс жасайды. Ауылдағы «Ақырыс» әжелер ансамблі, «Оң сапар» әйелдер қоғамдық бірлестігі, «Әсем қоңыр» халықтық фольклорлық ансамблі мен «Хасановтар» отбасылық ансамблі, «Жас толқын» бишілер тобы тұрғындар көңілінен шығып жүр. Алдағы күндер арманды сәттерге жетелейтін болса, ақпәтерліктердің тасы өрге домалауға әзір. Округ орталығының инфрақұрылымы жан-жақты жетілген. Жақында Кішкене шал ауылы арқылы Кіші Талдықұдық ауылына табиғи газ құбыры тартылып, көгілдір отынға қосылмақшы. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін үлкен жаңалық, – дейді біз қойған сауалдарға мейлінше тұшымды жауап беруге тырысқан Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Нұрхат Болаев.

Ынтымағы мен ауызбірлігі жарасқан ел қашан да алдыңғы қатардан табылатыны белгілі. Бұл тұрғыда ақпәтерліктердің жұлдызы әрдайым биіктен жанатынына куә болып келеміз. Олар қай салада да көш басынан табылып, еліміз бойынша ауданымыздың мерейін үстем етуде. Біз оларды сонысымен мақтан тұтамыз.

Ауыл келбеті ажарлана берсін!

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ