26.08.2020, 10:30
Қараулар: 56
НАР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ ЕДІ

НАР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ ЕДІ

Дәрігер – халықтың денсаулығын сақтау жолында өз өмірін арнай білетін ардақты мамандық. Олар таңдаған кәсібіне байланысты адам баласының өмірін өз міндеттеріне алады. Сондықтан тұла бойынан адамгершілік қасиетті талап ететін дәрігерлік мамандықты таңдау екі кісінің бірінің қолынан келе бермейді.

«Дәрігер мамандығын меңгерген адам қандай қасиеттерге ие болуы керек?» деген сұрақ туындай қалса, олар ең алдымен адамдарды жақсы көретінін дәлелдеуі тиіс. Күрделі жағдайда махаббат пен мейірімділікті ту еткен жан өз саласының жілігін шағып, майын ішкен майталман маманға айналады. Қайсар мінез – дәрігердің басты қаруы. Олар адам өмірін арашалар тұста соңғы шешімді тез қабылдап, жауапкершіліктен жалтармауы керек. Осындай қадаммен сансыз адамның жанын сақтап қалған мейірімді жандар әлбетте, барлық құрметке ие бола алады. Бүгінгі біздің әңгімеміз Жалпақтал ауруханасында ұзақ жыл дәрігер болып, халықтың ықылас- пейілі мен шексіз алғысына бөленген танымал хирург, білікті басшы Нариман Абуғалиев хақында өрбитін болады. Қарапайым ауылдан түлеп ұшып, туған жерінде ұзақ жыл мінсіз қызмет атқарған Нариман Абуғалиұлының дүниеге келгеніне биыл 80 жыл толмақ. Осыған орай ауылдастары нар тұлғалы перзентін сағынышпен еске алып, оның көпке үлгі болар азаматтық ұстанымы мен ерен еңбегін жастардың санасына сіңіруді мақсат етпекші.

Нариман Абуғалиев 1940 жылы 15 тамызда Батыс Қазақстан облысы бұрынғы Фурманов ауданы (қазіргі Казталов) Ащысай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Абуғали Қобыланов сол кездегі «Калинин» ұжымшарында есепшісанақшы болып еңбек етсе, анасы Бибі Қобыланова да сол ауылда әр түрлі жұмыстарды атқарған. Сұрапыл соғыс басталған 1941 жылы әкесі Абуғали көппен бірге майданға алынып, сол жақтан хабарсыз кеткен. Ал Нариман болса 1947 жылы мектеп табалдырығын аттап, алдымен Қарасу жетіжылдық мектебін, кейін Фурманов орта мектебін 1957 жылы аяқтап, орта білім алады. Мектеп бітіргеннен кейін туған ауылында қой бағып, 1959 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылады. 1962 жылы азаматтық борышын аман-есен өтеп келген ол өз болашағын жоспарлап, 1963 жылы Ақтөбе медициналық институтына оқуға түседі де 1969 жылы институтты үздік аяқтап шығады. Үлкен өмірге талпынысы мол жас маман ретінде ауылға келген Нариман сол жылы үйленіп, отбасын құрады. Сөйтіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен сол кездегі Фурманов аудандық ауруханасына дәрігер болып орналасып, бар ғұмырын осы аурухана ұжымында өткізді. Алғашқы еңбек жолын терапевт дәрігер болып бастаған ол сол ұжымға біржола сіңіп, қызметіне деген адалдығы мен біліктілігінің арқасында бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер қызметтерін ұзақ жылдар бойына абыроймен атқарады.

-Нариман Абуғалиұлының алдындағы қабылдау бөлмесінде мейірбике болып жұмыс жасадым. Өмірде ол кісі өте қарапайым жан еді. Мейірімді жүзімен алдына келген пациенттердің көңілдеріне нұр сыйлаушы еді. Әріптестеріне әзілін айтып, жас мамандарға ақыл кеңесін де аямайтын көпшіл жан болатын, — дейді бірге қызметтес болған әріптесі Қазира Қалмурзина.

-Мен де Нариман ағаймен невропатолг дәрігер болған кезінде емханада мейірбике болып бірге қызмет жасадым. Сонда аз уақыттың ішінде пациенттермен сөйлесіп, олардың сеніміне кіру бағытында ол кісіден көп нәрселер үйрендім, — дейді шәкірті атанған әріптесі Ұлданай Неталиева.

Міне, адам жанына араша болып, Гиппократ антын берік ұстанған ақ халатты абзал жан Нариман Абуғалиұлының бойына біткен кісілігі мен кішілігі арадан қанша жылдар өтсе де оны білетін әрі құрметтеп сыйлайтын ауылдастары мен әріптестерінің санасынан ешқашан өшпек емес. Ел құрметіне бөленген абзал азамат 1992 жылы 29 тамызда өмірден өтіп, бақилық болды. Одан кейін де арада жиырма сегіз жыл зырғып өткен екен. Тұрлаусыз уақытқа шара бар ма? «Жақсының аты өлмейді» деген қағиданы естен шығармайық.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ