26.08.2020, 10:25
Қараулар: 61
АУЫЛДАСТАР ЖҮРЕГІНЕН ОРЫН АЛҒАН

АУЫЛДАСТАР ЖҮРЕГІНЕН ОРЫН АЛҒАН

Жаңажол ауылдық округіне қарасты Әбіш елді мекенінің тұрғыны болған алып тұлға, асқар таудай әке, ұлағатты ұстазымыз Серік Жұбанұлы Сарсеновты сағынып еске аламыз. Оның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда қалды.

Бала күнімізде тарихтан берген тәлімін ұйып тыңдаушы ек. Үйден жалғастырып оқымай, өзі айтқанын өзіне айтып беруші ек. Сол кездері күлетін де қоятын. Аудан орталығына оқушыларды олимпиадаларға, өзге де шараларға өз көлігімен апаратұғын. Мектепке басшылық еткен жылдары қалаға үдере көшкен кезеңде халықтың тұрақты отыруына ықпал етіп, бала санының көбеюіне үлес қосып, сол бастауыш мектепті негізгі мектеп дәрежесіне дейін көтерді. Мектеп жанынан шағын орталық та ашты. Осы орталыққа ауылдың жұмыссыз тұрғындары жұмысқа орналасып, тұрақты еңбекке араласуының өзі сол кісінің көп еңбегінің бір бөлігі десек болады.

Мектептегі әр мереке Серік ағайсыз өтпейтін. Сегіз қырлы бір сырлы жан кештерде орындалатын әр әнді баянмен сүйемелдеуші еді. Біздің сынып арамызда ол кісінің қызы болғандықтан ба әбден еркелеуші едік. Аса бір қорқып саспаушы ек. Шындығында, біздің тұста, жалпы барлығымыз ұстаз атаулыдан қашып жүретінбіз. Неге екенін білмейміз, бұл кісінің сабағының өзін ебін тауып, ән сабағына айналдырған сәттеріміз де болған. Әлі есімізде:

Атам да сыйлайтын ауылдың ұстазы.

Әкем де сыйлайтын әкемнің тұстасы.

Қамқоры ұл-қыздың,

Мұғалім ол біздің, — деп ұран ғып айтып жүруші едік.

Ағай өте тартымды, түр тұлғасы келіскен, ұзын бойлы, қалың қасты, өн бойында өнердің бәрі бар жан болатын. Ауылдың әр адамы оның кеңесінсіз ештеңе шешпеуші еді. Әзілі әзір тұратын ұстаз еді. Бірақ, ол сыныпқа кіргенде шыбынның ызыңы білінбеуші еді. Түзу тұрып амандасатынбыз, алдынан кесіп өтпейтінбіз. Өзгелерге ол кісіні мектеп директоры, бізге сабақ береді деп мақтанышпен айтып қалуға тырысатынбыз. Мектептің барлық шараларына белсене қатысатынбыз. Білімге де, өнерге де, спортқа да бізді баулыған жан. Бұл жерде ұстазымыздың зор еңбегі бар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаса керек. Жақсының жақсылығы ешқашан ұмытылмақ емес.

Әбіш негізгі мектебінің 9 сыныбын 2002 жылы бітірген 1986-1987 жылдары туған түлектер