26.08.2020, 10:20
Қараулар: 43
ОҚУШЫНЫҢ СӨМКЕСІ НЕГЕ АУЫР?

ОҚУШЫНЫҢ СӨМКЕСІ НЕГЕ АУЫР?

1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күн ресми мереке болмаса да, ата-аналар мен балалар үшін үлкен мейрам. Себебі, алтын күздің алғашқы күнінде білім ошақтары есіктерін айқара ашып, оқушыларды қабылдайды. Ата-әжелері де мектеп табалдырығын алғаш аттаған немерелерін жетектеп, қолдарына гүлдерін ұстап, қуанышты жүзбен мектепке асығады. Оқушылар жазғы демалыстан кейін алтын ұя мектебіне сағыныш әсерімен келеді. Иә, бұл бұрынғы жағдай.

Биыл әлемді шарпыған індетке байланысты бірінші рет Білім күнінде оқушыларды сабаққа шақырған қоңырау соғылмай, салтанатты жиын ұйымдастырылмай, қашықтан өткізу жоспарланып отыр. Балалар денсаулығы әрқашан қымбат. Бұл түсінікті. Өткен оқу жылын аудан оқушылары үлкен көрсеткішпен аяқтап, жақсы нәтижелерге жеткенін білеміз. Аяқталған оқу жылында 5156 оқушы білім алып шықса, 242 түлек ҰБТға қатысты. Ұстаздардың тынымсыз еңбегі нәтижесінде оқушылар сапалы білім алып, күні кеше мектеп бітірген 293 түлек жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл ауданның білім саласы қызметкерлері үшін үлкен табыс. Білім ордаларына 36 жас маман тұрақты қызметке орналасып, өздерінің алғашқы еңбек жолын бастағалы тұр. Биылғы оқу жылы үлкен жетістіктермен басталды. Ауданымыздағы А.Оразбаева орта мектебі және Сарықұдық негізгі мектебінің жаңадан іргетасы қалануда. А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде.

Барлығымызға белгілі, еліміздегі білім жүйесіне егемендік алған жылдардан бері түрлі реформалар жасалып, өзгерді. Сол реформалардың кейбірі нәтиже берсе, енді біреулерінің нәтиже бермегенін жақсы білеміз. Әсіресе, мектеп оқулығынан «Әліппенің» алынып тасталуы қалың көпшіліктің наразылығын тудырды. Мектеп табалдырығын аттаған бала ананың ақ сүтіне, уызына жарып өсетіні секілді білім нәрін «Әліппеден» алмаса, ол баланың бойында білім негізі қалыптаспайды. Көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов: «Әліппені, ана тілін оқымау баланың кемтар болуына әсер етеді» деп атап көрсеткен. Міне, осы олқылықты жою үшін халықтық министр атанған Асхат Аймағамбетов мектепке «Әліппені» қайта енгізуді қолға алды. Дұрыс шешім. Жаһандану үрдісі кезінде мектеп жасындағы оқушылар қандай ма нәрседен болса да ақпарат ала алады. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Дегенмен, көпшілікті толғандырып жүрген мына бір мәселені де назардан тыс қалдыруға болмас.

Өткен оқу жылында еліміздің бір мектебінде бастауыш сынып оқушысының сөмкенің ауырлығынан теңселіп құлап кете жаздағаны әлеужеліде жарияланды. Шындығы керек, қазіргі күні мектеп оқушыларында оқулықтар көп екені рас. Мәселен, өзіміз байқағандай, 9-сынып оқушыларында оқулық саны 26 болса, ал 1-сыныпқа барған оқушыда 13 оқулық бар екен. Апталық оқу бес күн екенін ескерсек, күніне 5-6 оқулықты мектепке апарады екен. Оның үстіне оқушының дәптерлері, қосымша көмек құралдары, қала берді екі аяқ киіммен баруды тағы қосыңыз. Сонда дене бітімі әлі жетіліп болмаған балаға ауыр салмақтың қандай әсер ететінін бағамдауға болады.

Ауылдық жерлерде қаладағыдай емес, күннің лайсаң кездерінде қосымша аяқ киіммен бару қиынақ. Осындай жағдайлар балалардың шаршауына, қалыпты режимнен ауытқуына әсер етеді. Осы мәселені Білім министрлігі шешудің жолдарын қарастыруда екенін оқып, естіп жатырмыз. Шешімін тапса игі.

Дәрігер-мамандар да бұл пікірді мақұлдап отыр. Неге? Өйткені, дәрігерлер бастауыш сынып оқушыларының күнделікті мектепке ауыр сөмке тасуы оның бойын тежеуден бөлек, қимыл-қозғалыс жүйесі мен омыртқасын зақымдайтынын алға тартады. Майтабандыққа әкелер қаупі де бар екенін жасырмайды. Одан бөлек, үнемі бас айналуы, жүрек айнуы, арқа мен аяқ аурулары көбейе бастайды делінген.

Оқушыларға арналған оқулықтың көп болуы жөнінде әңгіме қозғалса мына бір жәйт еске түседі. Көнекөздер, ата-аналарымыз былай дейді: «Балаларымыздың кітаптары өте көп. Сонау Кеңес өкіметі кезінде білім алған біздер бастауышты 4 кітаппен, 10-сыныпты 10 кітаппен оқып шықтық. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Білім алдық, жоғары оқу орнын тәмамдадық, өз жөнімізді таптық».

Сол кезде білім алудың жүйесі солай болған шығар. Жоғарыда айтқандай, сан түрлі реформалардан балалаға жүктелер салмақтың көбейгені анық. Бұны да алдағы уақытта Білім министрлігі шешу жолдарын қарастыруда. Қалай деген күнде де оқшуылар заман талабына сай білім алып, Отанымыздың білікті азаматы болып шығуы тиіс. Болашағымыз білімге тірелген заманда қандай ма озық үрдістерден қалмауымыз қажет. Күні ертең елді алаңдатқан індет жойылып, мектептерде штаттық режимде сабақ қайтадан басталады. Сол кезде шәкірттер де, ұстаздар да өздерінің алтын ұяларымен қауышып, қайнаған мектеп өмірінің көрінісі басталары сөзсіз.

Әсем БОЛАТ