26.08.2020, 9:47
Қараулар: 45
САЙ СУҒА ТОЛДЫ

САЙ СУҒА ТОЛДЫ

Қошанкөл ауылы тұрғындары көтеріп жүрген мәселенің бірі – малға да, жанға да керек техникалық су. Соңғы жылдары жауыншашынның аз болуына байланысты ауылға нәр беріп тұрған Медетсай биыл кеуіп қалған еді.

Табиғаты сұлу, жасыл желекке бөленген Көктерек тоғайы да апатқа ұшыраудың аз-ақ алдында болатын. Осы мәселеге қатысты ауыл тұрғындары дабыл қағып, ел басқарып отырған азаматтарға Медетсайға іргедегі Сарыөзеннен су айдату туралы сауал жолдады. Аудан әкімі мәселені жан-жақты зерделеп, сайға су айдауға қаражат бөлгізген болатын. Ағымдағы жылдың 27 маусымынан бастап Медетсайға Сарыөзеннен су айдау жұмыстары басталып кетті. Ол үшін арнайы сусорғы қойылды. Мәселе оңтайлы шешілгесін ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары да аянып қалмай, су айдау жұмыстарына жетпеген қаражатты өз қалталарынан қосты. Нәтижесінде сайға 45 күн бойы су айдалып, Кіндіксай, Медетсай, Көктерек тоғайына 855 360 текше метр су түсті. Ауыл халқы дән риза.

Өз тілшіміз