26.08.2020, 9:32
Қараулар: 48
ЖҮЙЕЛЕЙТІН ЖҰМЫС НЕМЕСЕ ЦИФРЛЫҚ САУАТСЫЗДЫҚ

ЖҮЙЕЛЕЙТІН ЖҰМЫС НЕМЕСЕ ЦИФРЛЫҚ САУАТСЫЗДЫҚ

Кезекті карантин режимі жарияланған уақыт. Бір шаруамен «Қазпошта» бөлімшесіне бардық. Бөлімше алды кезегін күткен жандарға лық толы. Әдеппен барып кезегімізді жаздырып, күттік. Алайда мені мынадай жағдайда халықтың шоғырлануы алаңдатты. Себебін білмек болып ем, басшыларының жоқ екендігін алға тартып мекеме қызметкерлері ешқандай мәлімет бере алмайтындарын жеткізді. Десе де күнде осы көрініс. Кезекте тұрғандардың дені зейнеткерлер мен орта жастан асқандар.

Тіпті, күннің ыстығына қарамастан самайларына ақ түскен ақ жаулықты аналарымыз таңғы 8-ден «Қазпошта» мекемесінің есігін торуылдап, кезегі жеткесін шаруасын бітіріп, мекемені жауып бір-ақ шығады. Сондағысы зейнетақысын алып, несие мен коммуналдық төлемдерді төлеу. Ал олар осы зейнетақысын кезекке тұрмай банкоматтан алып, «Қазпошта» мекемесінің ішінде тұрған терминал арқылы уақытын үнемдеп, төлей салуға болатынына бас қатырған емес. Ащы да болса шындық бұл – цифрлық сауатсыздық. Әттеген-ай, терминалдың тілін келген халыққа түсіндіріп жатқан қызметкер де жоқ. Өкінішті.

Кейін басшысы ауысқанын естіп, «Құтты болсын!» айтудың орнына арыз-шағымымызды жеткіздік. Кезектің ұзақтығынан бастап, кейбір мекеме қызметкерлерінің жұмысының сапасыздығына дейін біраз сауал қойдық. «Қазпошта» АҚ аудандық байланыс торабына жаңадан тағайындалған басшы Айжан Айтқалиева сөзімізді аяғына дейін асықпай тыңдап, орын алған ахуалдың жай-жапсарын түсіндірді.

-Бұл жағдайды көзіммен көріп жүрмін. Қазіргі таңда мекеме қызметкерлері жұмысының сапалылығын бақылауда ұстап отырмын. Дегенмен, кезектің ұзақтығына қызметкерлердің көпшілігінің еңбек демалысына шығуы және кей өңірлерде маманның тапшылығы себеп болып отыр. Мәселен, Қараоба, Казталов ауылдық округтерінде қызметкерлер кезекті еңбек демалысына шыққан болса, Нұрсай, Қошанкөл ауылдық округтерінде маманның жоқтығы басты мәселе. Осының салдарынан аталған ауылдық округтердегі халық тиісті қызмет алу үшін Казталов аудандық бөлімшесіне келуде. Тұтынушыларға карантиндік режимді сақтау керектігін ескерткенімізбен, құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Орталықтағы бөлімшеде екі қызмет көрсету терезесінде екі операторымыз жұмыс атқаруда. Тағы да бір себеп, көпшілігінің онлайн форматта қызмет алу жүйесін білмейтіндігі. Кейбір қызметтерді «post.kz» электронды қосымшасы арқылы жүзеге асыруға болады. Осы мақсатта әкімгеріміз халыққа электронды қосымша және терминал арқылы қандай қызметтерді жүзеге асыруға болатындығы жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта барлық орын алған оқылықтар шешімін тауып, халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарады деген сенімдемін, — деді Айжан Оралбайқызы.

Қызметкерлердің еңбек демалысын ретке келтіру керектігі жөніндегі сауалымызға ол:

— Қызметкерлердің кезекті демалысқа шығу жөніндегі бұйрық жылдың басында қабылданады және өзгертілмейді, -деп жауап қайтарды.

Иә, «Қазпошта» байланыс торабының басшысы Айжан Оралбайқызының берген жауабына көңіліміз толғандай. Бірақ, ала таңнан кешке дейін кезекке тұрған ауыл тұрғындарының легін азайтудың жолдарын қарастырған жөн емес пе? Ол үшін болашақта екі емес барлық «терезелер» жедел түрде қызмет көрсетсе дейміз. Бұл мәселе жазылып, жауыр болғалы қашан? Жас басшының алдағы қызметіне сәттілік тілейміз және осындай қордаланған түйткілдерді оңтайлы бағытта шешеді деп сенеміз.

Электронды қызметтерге тоқталсақ, бұл тұрғыда халықтың цифрлық сауатсыздығын тілге тиек еттік. Көпке топырақ шашпаймыз. Дейтұрғанмен, сол жерде көзімізбен көріп, құлағымызбен естігеніміз: — Электронды қызметке сенбейміз, ақшамыз далаға кете ме деп қорқамыз, — дейді біраз адам. Оған дәлел ауыл тұрғыны Болат Халенов есімді азаматтың пікірі.

-Терминал дегеннің тілін білмеймін. Әйтсе де, бір азамат қалай жұмыс істейтіндігін көрсетіп, түсіндіріп берді. Айтарлықтай қиын емес. Бірақ, «Ақшамыз түсті ме?!» деген ойлар қайта-қайта мазалайды, — деді ағамыз.

Айтып-айтпай не керек, болашақта амалы таусылғанның күйін кешпеу үшін жұмыс барысын жүйеге келтіріп, кез келген тығырықтан шығудың жолын қарастыра білсек деген қорытынды жасағымыз келеді.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ