18.08.2020, 18:19
Қараулар: 72
ТАБИҒАТ – ТАЛ БЕСІГІҢ, АЯЛАЙ БІЛ!

ТАБИҒАТ – ТАЛ БЕСІГІҢ, АЯЛАЙ БІЛ!

Адамзат баласы өмірге келгеннен бастап қоршаған ортамен тығыз байланыста болады. Денсаулығымыз бен өмір сүруіміздің жүйелі болуына да табиғаттың әсері зор. Сондықтан табиғат – ең басты құндылығымыз.

Бірде әлеуметтік желіден бір суретті көзім шалды. Суретте жас баланың қалдықтардың арасында тұрғаны анық білініп тұр. Ғаламторды ақтарып, қай мемлекет және ол жердегі ахуалдың қандай екеніне назар аудардым. Атын атап, түсін түстемейін кедей мемлекеттердің бірі. Мәліметтерді оқып отырып, біздің мемлекетіміздің жағдайы әлдеқайда жақсы екен ғой деген ой түйдім. Ол жерде халықтың тұрмыс жағдайының нашарлығы, көпшілігінің денсаулығында кінәрат бар екендігі, тіпті қарапайым суға да зар екендігі анық жазылған. Барлығына себеп – жергілікті жердің экологиясы, табиғаттың ластануы.

Елімізде де экология мәселесі сын көтермей тұр. Кейде «Жаңағы мемлекеттің күйін кешсек не болады екенбіз?» деген сауал туындайды. Ал, ондай күйге дейін төмендемеуіміз үшін біз өзіміз әрекет қылуымыз керек. Қазіргі таңда қоршаған ортаның ластануы күн тәртібіндегі басты мәселе. Қаладағы мәселе ретке келер. Ауыл-аймақтағы ахуалды қайтпек керек?! Табиғат байлықтарын тиімді пайдаланып жүрміз бе?! Өз іс-әрекетімізге жауап бере аламыз ба?!

Қазір мемлекетіміз жаңару үстінде. Ауылаймақтарды да жаңғырту бағдарламалары жүріп жатыр. Дегенмен ауыл жұртшылығы сол жаңару үрдісіне үйрене алмай жатқандай. Бұрынғы уақытта малды емін-еркін бағып, қоқыс қора маңына төгілетін. Күнделікті тұтынатын тұрмыстық қалдықтар да көрінген жерде жататын. Көз үйренді. Үйренген нәрсе әдетке айналды. Бірақ сол қалдықтардың денсаулығымызға да кері әсері барын естен шығармағанымыз жөн. Біз тұтас халық болып, ауыл, қала деп бөлінбей, заң жүзінде әрекет жасап, қоршаған ортаны қорғауды мақсат қылуымыз қажет. Қоршаған орта дегенде көз алдымызға аң-құстар, өсімдіктер, табиғат құбылыстары елестейді. Табиғи апаттардан бөлек адамның іс-әрекеті арқылы да тірі ағзалар зардап шегуде. Мәселен, 2016 жылы өңіріміздегі Ембулатовка өзенінде балықтардың жаппай қырылуы орын алған болатын. Бастапқыда мұнай қалдықтарының салдарынан деп қорытқанымен, кейінгі сараптама қорытындылары бойынша тұрмыстық қалдықтардың әсерінен осындай жағдай орын алғандығы белгілі болған. Ашып айтқанда, шомылу маусымында өзен жағасында демалғанды жақсы көреміз. Дегенмен көпшілігіміз шомылу кезінде сабын, сусабын секілді тұрмыстық заттарды пайдаланамыз. Оның құрамындағы химиялық элементтер су астындағы тіршілік иелеріне зиянын тигізетіні назарымыздан тыс қалуда.

Қоршаған ортаның ластануына бейжай қарамайтын қоғам белсенділері де бар. Солардың бірі Казталов ауданының тумасы, қоғам белсендісі Нұрлан Құсайынов ағамызды да әңгімеге тарттық. Ағамыз: «Мені балаларым мен немерелерімнің болашағы алаңдатады. Мына мәселе назар аударатын дүние. Күнделікті өмірде, қоғамдық орындарда қоқыс жәшіктері болса да, оны пайдалануға келгенде салғырттық танытатындарды көріп жүрміз. Біз мұнымызбен кімді алдаймыз? Ал, оның зияны жайлы білеміз бе? Жоқ. «Болашағымыз үшін алаңдаймыз» деп бәйек болатындар да бар. Егер шын мәнінде ұрпағымыздың жақсы өмір сүргенін қаласақ, әрекетімізді алдымен қоршаған ортаны күтіп ұстаудан бастағанымыз жөн. Ауамыз таза болмаса, өзен-көліміз шытынаған шыны мен қалдықтарға толы болса, айналамыз күл-қоқыс болса, біз қайтіп болашағымызға жағдай жасамақпыз?! Сондықтан қазірден бастап табиғатты қорғауда белсенділік танытқанымыз жөн» деп қоғамға жанашырлық танытты.

Айналаға зер салып қарасақ, жер-жерден тұрмыстық қалдықтарды байқаймыз. Ал, тұрмыстық заттарды тұтынушы өзіміз. Өзіміздің іс-әрекетіміз осындай бола тұра келер ұрпаққа қандай тәрбие бермекпіз?! Ұл-қызымызға «Балам, кәмпиттің қағазын қоқыс жәшігіне сал» деудің орынына қағазын сол жерге тастай саламыз. Оны көрген бала қандай тәрбие алмақ?! Бала ата-анасына, айналасындағы адамдарға қарап өседі. «Олар да солай жасап жатыр ғой, мен неге олай жасамаймын» деген оймен теріс әрекеттер де жасап жатады. Біз, шын мәнінде келешегімізді, ұрпағымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін ойлаған болсақ, бүгіннен әрекетке көшкеніміз жөн.

Сыр елінің тумасы, қазаққа есімі мәшһүр күріш өсіруші Ыбырай Жақаев: «Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан-ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттердің бірі», – деп өсиет қалдырған. Сондықтан табиғатты қорғау, оны аялау – баршамызға ортақ міндет.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ