18.08.2020, 18:09
Қараулар: 67
ТІРЛІГІ ТӨРГЕ ОЗҒАН ТУҒАН ӨЛКЕМ

ТІРЛІГІ ТӨРГЕ ОЗҒАН ТУҒАН ӨЛКЕМ

Асау аттай тулаған уақыт, шіркін, неткен жылдам десеңізші?! Өткен күннің естелігі кейде еріксіз есте жаңғырып, көзге жас, қолға қалам алдырмай қоймайды. Мұндай шақта перзент жүректің толқуы да өзгеше болады. Һәм, асыл жақұттай тізбектелген туған жердің көз тоймас көрікті бейнесі тұла бойыңдағы бар махаббатты оятқандай. Балалық шақты бақытты сәттермен қанықтырған қасиетті өлкенің тұғыры құстай қанат қаққан әр түлек үшін қашан да биік. Әлемді шарлап, алыстанжүрсе де туған жер перзентінің сағым желдей ескен сағынышы ешқашан толастамақ емес. Менің жүрегімде, ойымда іргесі сөгілмеген, татулық туын өз биігінен түсірмеген бір ғана қасиетті өлке бар. Ол – Жұлдыз ауылы. Бұл қастерлі жерде адал еңбек жолында шыңдалған нағыз шаруа да, қолына қаламын алып, ұрпақты ұлылар жолына жетелеген ардақты ұстаз да, науқастың дертіне дауа тапқан абзал жан мен өз ісін өзгеге үлгі ете алған кәсіпкер де, тентегін тыйып, әр ошақ түтінінің түзу шығуына атсалысқан үлкендер де бар.

Тынымсыз тіршілігі еш толастамаған Жұлдыз ауылының бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай өзіндік тірлігіне куәміз. Дамудың даңғыл жолына түскен туған өлкемнің қазіргі көрінісі көңілге қуаныш ұялатады. Ауылымның ақжарқын адамдары бірлік пен татулықты қашан да ту етіп ұстанады. Туған өлкесін жан-жүрегімен жақсы көретін ел азаматтары алысқа кетпеді. Елге келіп, еңбек етті. Қара жұмыстың қазанында қайнаған қарапайым ауыл баласы қолына балға-шегесін алып үй салды. Туған жердің ауасын жұтып, топырағын иіскеген әр тұрғын елден жырақтағысы келмеді. Өйткені жұлдыздықтар кемел келешегін осы ауылмен байланыстырады. Ауылдың кіреберісінен бастап зәулім үйлерге толы көшелер алыстан көз тартады. Кейбір ауылдық округ орталығымен тең келетін Жұлдыздың уақыт көшіне иек артып, көркейіп, өркендегенін көз көріп, көңіл қуанды. Ендеше, толайымды тірліктің тетігін ағытсақ. Жаңа үйлер, балалар ойын алаңдары, жастар саябағы. Бұлар – ауыл адамдарының жұмылуымен жасалып жатқан игі істер. Ауылдан ала жаз бойы сенделіп жүрген бір жанды көрмейсің. Карантинге қарамастан ауыл ағайындары құрылысты бастап кетті. Екі қолға бір күрек тапқан жастар заманауи үйлер тұрғызып, қайнаған еңбектің бел ортасында жүр. Бір емес, 10 үй бой көтеруде. Тамаша жаңалық! Мұндай жаңалық естіген жұртты селт еткізбей қоймайды. Тіпті аудандағы бүкіл округті алып қарасақ та, ешқайсысында бұлай құрылыс жүріп жатқан жоқ. Ал алақандай ауылдағы жұлдыздықтар қалалықтардан қалыс қалмақ емес.

Ауылдастар жарықтың, таза судың, интернет, жылу жүйесінің қызығын көруде. Игі істеріне қуандық. Лайым, осы қатарға басқа ауылдар да қосылса, қандай ғанибет.?! Шындығы керек, бір жылдары Сарыөзеннің жағасында орналасқан осы Жұлдыз болашағы жоқ ауылдар қатарына ілігіп кеткен болатын. Иә, бүгінгі күнде ауылдардың, соның ішінде шағын ауылдардың жағдайы күшті деуге келмейді. Іссапармен округтерге шығып, шағын ауылдарға ат басын тірегенде иесіз қалған үйлер мен құлаған қораларды жиі кездестіреміз. Алысқа бармай-ақ Жұлдыз ауылына тиіп тұрған Қарасу ауылдық округінің орталығын тілге тиек етсек. Қос қабатты мектебі мен балабақшасы бар ауылдың бүгінгі жағдайы мәз емес. Қарасулықтар қазір қалаға қарай қоныс аударып жатыр. Сол себепті халық саны азайып, бос қалған үйлердің тозығы жеткен. Тіпті сол ауылдардағы мәдени орындар ғимаратының өзі әбден ескірген. Жері шүйгін, шөбі шалғын, Сарыөзеннен нәр алған Жұлдыз ауылының болашағы жоқ болса, басқаларға не айтуға болады?

Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз ауылы – жыл санап көркейіп, халық саны артып келе жатқан үлкен елді мекеннің бірі. Сонау Кеңес дәуірінде мұнда училище, мектеп жанындағы интернат, Төртпішен фермасының орталығы, 1967 жылға дейін орта мектепте орыс-қазақ сыныптары болған. 1986 жылы бұл мектепке Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайыновтың есімі берілген. Жұлдыздықтарды алаңдататын басты мәселе осы мектепке қатысты. Егемен елдің ертеңі саналатын ұл-қыздар апатты жағдайдағы білім ордасында оқып жатыр. Оқу ордасының қабырғалары сөгіліп, іргетасы қирағалы қай заман? Батыр ағаның атындағы орта мектеп 1991 жылы салынған. Екі пәтерлі төрт үйдің есебінде саман таспен, сырты ақ таспен қаланыпты. Акт залы, алғашқы әскери дайындық бөлмесі, музыка, технология, медбике кабинеттері, биология, химия, физика кабинеттерінің зертханалық бөлмелері атымен жоқ. Ауыл ағайындарының мұңы да осы болып отыр.

– Жұлдыз ауылы – кіндік қаным тамған жер. Осы ауылдың орысша-қазақша аралас мектебінің орыс сыныбын тәмамдадым. Біз өзі ұйымшыл, бауырмал, қонақжай халықпыз. Сонау тоқырау кезінде де ешкім ешқайда көшпей, бірбіріне қолдау көрсетіп, ауылда тұрақтап қалды. Қазіргі уақытта заманға сай үйлер тұрғызылып, әр жылғы түлектер түрлі нысандар салып жатыр. Ендігі арманымыз – ауылымызға жаңа жобадағы мектеп, жасанды жамылғы спорт алаңы, Шәкен көпірі салынса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді «Жұлдыз-ай» әжелер ансамблінің жетекшісі Рая Мыңбаева (суретте).

Ауылда он саусағынан өнер тамған шебер жандар да жеткілікті. Бірі етік тіксе, бірі шаш қиып, енді бірі тіл үйіретін тәттілер пісіреді. Әрқайсысының өз арманмақсаттары бар. Тек кәсіп ашуға орынның жоқтығы қынжылтады. Әйтпесе, болашаққа бағытталған жоспар жетерлік.

Күндер өтіп, жылдар жылжып, өмір – өзен өз арнасымен аға берері анық. Десе де бала кезіңде топырағына аунап, шаңын жұтқан жер, асыр салып ойнаған көше адамның есінде мәңгі қалады. Есейіп, ес жиған сайын туған ауылың көз алдыңа келіп, қол бұлғап шақырып, сағыныштан жүрек тұсың шымырлайды екен.

Жұлдыз АСҚАР