18.08.2020, 16:38
Қараулар: 84
КҮРЕ ЖОЛ ЖЕТТІ

КҮРЕ ЖОЛ ЖЕТТІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген кезде Казталов, Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салу мәселесін айтып, тапсырма берген болатын. Жалпы осы аудандар бағытындағы 500 шақырымдай жолдың 250 шақырымы ғана тас жол. Жол негізі үш бағытта – Чапаев-ЖалпақталКазталов, КазталовЖәнібек және ӨнегеБисен-Сайқын бағытында салынып жатыр.

Біздің аудан үшін ең маңыздысы – Чапаев-Жалпақтал-КазталовЖәнібек бағытындағы күре жол. Аудан тұрғындары жылдар бойы осы жолдың бітуін асыға күтіп жүр. «Сақалды» құрылысқа айналған күре жол биыл аудан орталығы – Казталов ауылына жетпек. Жолдың күрделі жөндеуін бәрімізге белгілі «Юнисерв» ЖШС атқарып жатыр. Дұрысын айтқанда, жолдың 157-192 шақырым аралығындағы 35 шақырым жол көтеріліп, қара жамылғы төселуде. Биылдың өзінде 13,7 шақырым жол жөнделіп, бітуі қажет. Әлеуметтік желідегі оқырмандарымыздың өзі: «Мына жол қашан бітеді?» – деп, алаңдаулы. Қалаға немесе Ақжайық ауданы бағытына көлікпен шыққан сайын құрылысы аяқтала келген жолға қарап, болашаққа қиялмен жетіп барамыз. Алла қаласа, біздің де аяғымызды шалшық пен батпаққа малмай, қалаға асфальтпен зыр етіп баратынымыз анық. Алайда осы жолмен жүрген кезде Жалпақталдан бері қарай тиісті жол белгілері мен жолақтарды көзіміз шалмады. Сонымен бірге уақытша жүруге берілген айналма жолдағы шоқалақтан көлігіңізді айтпағанда, өзіңіздің іш құрылысыңыз ақтарылғандай күй кешесіз. Осындай мәселелерге қатысты Қоныс ауылының қасында орналасқан «Юнисерв» ЖШС-нің көшпелі қалашығына арнайы барып қайттық. Біздің барлық сұрағымызға «Юнисерв» ЖШС-нің учаске бастығы Ермек Хайырсапиев жауап берді.

– Чапаев-Жалпақтал-Казталов жолының 157-192 шақырымы аралығына жүргізген күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Осы жол учаскесінде 80 адам еңбек етеді. Жергілікті жерден 10 адамды жұмыспен қамтыдық. Ай сайын алатын еңбекақылары да жоғары. Қазір қатқыл қара жамылғының төменгі бірінші қабатын төсеп бітірдік. Енді 8,3 шақырым екінші қабатын төсеуді бастаймыз. Бұл аралықтағы 35 шақырым жолды біз алдағы қазан айында тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Сол уақытта жолдың жолақтары сызылып, белгілер орнатылатын болады. Аудан тұрғындарының көтеріп жүрген айналма жол мәселесі жуық арада шешіледі. Ол жолды біз қайта көтеріп, жөндеп жатырмыз. Өзіңізге белгілі, бұл уақытша жол және оның үстінен әртүрлі ауыр, артық салмақтағы жүк тиеген көліктер өтеді. Соның салдарынан бүгін көтеріп, қырған жол екі жұмадан кейін ойылып, отырып кетеді. Айналма жолға шағыл тас (шебень) пен құм төсеудің өзі біраз қаражатты талап етеді. Сонымен қатар біздің мекеме КазталовЖәнібек бағытындағы 4-53 шақырым аралығындағы күре жолдың жөндеу жұмыстарын атқаруда, – дейді учаске бастығы.

Иә, күре жол аудан орталығына жақын арада жетіп, мұнымен қоса Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына дейін қатқыл табанды жол төселсе, біраз қиындық артта қалмақ. Бұрынғы жауын-шашынды, лайсаң күндері «Уаз» автокөлігімен 12 сағаттап азап көрген кез келмеске кетпек. Ендігі кезекте күре жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Жол бойынан жолаушылар тоқтап, тынығатын қонақ үй, тамақтанатын асхана, жанар-жағармай бекеттерін салып, іске кіріссек, ауданға инвестиция тартуға зор мүмкіндік туады. Яғни қаражатпен қоса жол бойында орналасқан елді мекен тұрғындарының әл-ауқаты артатыны сөзсіз. Алдағы уақытта Чапаев-Жалпақтал-КазталовЖәнібек бағытындағы жол құрылысы аяқталса, Ресейдің Волгоград облысына тікелей баруға жол ашылады. Арғы жағында Кавказ, Түркияға жол шығып тұр. Міне, ауданымыз арқылы өтіп жатқан жолдың осындай халықаралық маңызы бар. Тек жол құрылысының сапасы түспесін дейік!

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар