25.06.2020, 18:33
Қараулар: 57
ОҢТАЙЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР – ЗАМАН ТАЛАБЫ

ОҢТАЙЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Ағымдағы жылдың 10 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінде соттар жұмысының заманауи форматын қолдану, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Жаңа Заңның негізгі міндеттері – соттардың азаматтық істерді шешу, процестің жарыспалылығы қағидаттарын ұстану тәсілдерін өзгерту, азаматтық сот ісін жүргізуде татуластыру рәсімдерін қолдануды кеңейту, артық процестік әрекеттер мен сот актілерін қысқарту, сот ісін жүргізуде электронды сервистер мен техникалық құралдарды қолдануды кеңейтуді қамтамасыз ету. Құжатта соттың күрделі емес мәселелерді тараптарды шақырусыз қарауымен байланысты процестік әрекеттерді оңтайландыруға бағытталған нормалар қамтылған.

Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібіндегі істерді электронды форматта қарау ұсынылады. Сондай-ақ электронды хаттамаға, процеске қашықтан қатысуға, процеске қатысушылардың электронды гаджеттерді және басқа техникалық құралдарды пайдалануына қатысты басқа жаңалықтарды да қарастырады.

Заңның тиімді тұстарына тоқталсақ, Судьяның өзі шығарған шешімін тараптарға қарапайым тілмен түсіндіруі де заңмен бекітілді. Бұл қадамның дұрыстығын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Өйткені, азаматтардың судьяның шешімін дұрыс түсінбегендіктен, өзінің неден қателік жібергенін ұғынбағандықтан жоғары сатыларға шағымданатыны ешкімге жасырын емес. Шешімді түсіндіру сот саласын халыққа бір табан жақындатты. Әрі осы жаңашылдықтың арқасында жоғары сатыларға шағымдану саны азайғаны да байқалады. Ендеше, бұл тетіктің заңдастырылуы орынды. Тағы бір жаңашылдық – азаматтық процесті оңтайландыру. Жаңа заң бойынша тараптар сот отырысына қатысқысы келмесе және сот төрелігінің мүддесі болмаса, тараптарды шақыру міндеттелмейді. Бұл тәжірибе көптеген дамыған елдерде сот отырысына қатысудың орнына тараптар жазбаша түсініктеме немесе айыптау бере алады. Жалпақ тілмен айтқанда істі жеңілдетілген түрде қарау. Мәселен, Казталов аудандық сотында жыл басынан бері 20 азаматтық істі жеңілдетілген бағытта қарап, сот шешімін шығарған. Заңда жеңілдетілген істердің шегін көбейту ұсынылды. Жаңа заң жобасы бойынша жеке тұлғалар үшін шекті сома 200 АЕК-тен, 1000 АЕК-ке дейін, заңды тұлғалар үшін 700 АЕК-тен, 2000 АЕК-ке көтеру қарастырылған.

Жаңа Заң аясында Азаматтық процестік кодекс жаңа баптармен толықтырылып, судьяның процестік рөлі нақтыланды. Қазыларға құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау үшін қосымша өкілеттіктер беріліп отыр. Ендігі жерде процестегі судьяның белсенділігі артады. Қазының өз бастамасымен істің мән-жайын анықтауға, шындықты ашуға көмектесетін құжаттарды сұратуына, қосымша сауалдар қоюына енді еш кедергі жоқ. Бұл өз кезегінде істердің жан-жақты зерделенуіне, заңдық аспектілердің назардан тыс қалмауына көмектеседі.

Жаңа Заңдағы тағы бір өзгерістер – медиацияның да қолданысын кеңейтуге көмектеседі. Жаңа өзгерістер бойынша медиациялық келісімге келтірудің уақыты ұтымды шешіліп отыр. Бұрын медиативтік келісімге келу үшін тараптарға бар-жоғы бес күн берілетін. Дауласып отырған, бір-бірінің кемшілігін тізіп, керісіп жүрген азаматтарды бес күн ішінде пәтуаға келтіріп, ортақ мәмілеге ұйыстыру мүмкін емес. Мұндай кемшіліктің барын судьялар да, медиаторлар да жиі мәселе етіп көтеретін. Ендігі жерде тараптар істі медиация арқылы өткізуге келіссе, қарау мерзімі 10 күнге дейін ұзартылды. Дауды шешу туралы келісімге қол жеткізілсе, судья талап арызды қабылдайды және келісімді мақұлдауды қарастырады.

«Заң – қоғамның тоғыз қабат, тор көзді сауыты» дейді қазақтың біртуар жазушысы Шерхан Мұртаза. Бұл заң да халықты тоғыз қабатты сауыттай заңсыздықтан қорғайды деп сенеміз.

Ұмсын МҰХАНҒАЛИЕВА,
аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар