23.06.2020, 19:40
Қараулар: 59
Тілімізге ерекше құрметпен қарауымыз керек

Тілімізге ерекше құрметпен қарауымыз керек

Қазіргі уақытта ең күрделі, сонымен қатар ерекше демеу мен құрметті қажет ететін мәселенің бірі — ол тіл мәселесі болып табылады. Себебі, тіліміз – ол халқымыздың даналығын, оның әркезде де танымы мен талғамын білдіретін, өзіндік таңдау мен шыншылдықтың белгісі, сонау ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жетелеп келе жатқан асыл қазынамыз, еліміздің тәуелсіздігін білдіретін факторлардың бірі.

Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстаннның болашағы-қазақ тілінде» деген қағиданы үнемі айтып, әрбір арнаған жолдауларынан тіл мәселесін тыс қалдырмайды. Тілімізді одан әрі дамыту, оны еркін меңгеру дәрежесіне жеткізу — әрбір қазақ елінде өмір сүріп жатқан адамзат баласының қасиетті борышына айналу керек. Сонда ғана қазақ тілі елімізбен бірге қатарлас дамиды.

Өз ана тіліңді дамыту, қорғау дегеніміз — өз ана тіліңде таза сөйлеу және оны нақты меңгеріп, туған анаңдай сүюмен тең.

Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғанына отыз жылға жуықтап қалса да тілді дамыту, оның қолдану аясын мейлінше кеңейту мақсатында атқарылып жатқан шаралар да жеткілікті. Ана тілімізді үйрену, оны әрі қарай жетелей беру ең әуелі адамның өз отбасыңнан, кейін тәрбие мен білім алатын ордалардан, өзіңнің қызмет істеу барысында, қала берсе өмір жолыңда сөз алмасу құралына айналып, жетелеуі қажет.

Егеменді еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен бірге оның ұлы рухани құндылықтары — тіл, мәдениет, білім мен ғылым жыл сайын жаңа сатыларға көтерілуде. Бүгінгі таңда қазақ тілі ел халқын біріктіруші басты фактор ретінде қазақстандық қоғамда өзінің мемлекеттік мәртебесіне сай қолданыла бастады. Елбасымыз айтқандай, «Қазақ тілі-тұтас ұлыстың ортақ тіліне айналды» дегенінің өзі, ата-бабамыз ғасырлар бойы мұрат еткен құндылығының өшпегені, одан әрі дами түскенінің белгісі деп сезінуіміз қажет. Алайда тілді одан әрі дамыту бағытындағы атқарылар жұмыстар әлі алда. Ендігі біздің міндетіміз — қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қоғамда толық қалыптасып, орнығуына жағдай жасап, тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым, бірлестіктер арасындағы ортақ жұмысты жандандырып, жаңа сапалық деңгейге көтеру, қолданылу аясын кеңейту.
Осы бағытта жұмыстану — әрбір мемлекеттік орган, еліне қызмет істеп отырған әрбір тұлғаның қасиетті борышы болып табылады.

Эльмира Кайсагалиева,

Казталов ауданаралық Әділет басқармасының басшысы