16.06.2020, 16:30
Қараулар: 172
ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚТЫҢ ТҰРАҒЫ ҚАЙДА?

ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚТЫҢ ТҰРАҒЫ ҚАЙДА?

Жылкелдінің бәйбішесі алты Алашқа танымал болған Төле бидің Ұланбике атты қызы екен. Ұланбике анамыз ұзатылғаннан араға бірер жыл салып, әкесі Төле бидің ауылына төркіндеп барады. Мал ішінде Кертаған деген өгіз жүр екен. Құрбыларымен, шешесімен сырласқанда Ұланбике сол өгіздің басына жерік екенін білдіреді. Мұны естіген Төле би «Кертаған-малымның құты мен берекесі еді, менің дәулетім қызыма аусайын деген екен», -деп өтінішін орындатады, қызының құрбы жеңгелерін шақырып: «Өгіздің басын тұтас асыңдар, қай жерін қалап жейді екен, байқап отырыңдар», -дейді. Бірақ Ұланбике бас пісіріп алдына келгенде, құрбы жеңгелеріне: «Мені оңаша қалдырыңдар», -деген тілек айтады. Әйткенмен бір-екі женгесі жабықтан сығалап қарап тұрады. Жерік қыз бастың тілін ғана кесіп алып, жеген екен. Мұны жақсылыққа жорыған Төле би: «Алла қаласа қызым ұл туады екен, ол қызыл тілдің шешені, өз елінің көсемі болады екен», -деп жақсылыққа жорыған. Қызы төркінінен еліне қайтқан соң аман есен босанып, ұл туады. Жылкелді қайын атасына ат шаптырып сүйінші сұрағанда, Төле би: «Тілекті Алла ескерді, Жалайыр еліне ес келді, баланың есімі Ескелді аталсын. Елінің есін жиғызып, халқының қамын ойлайтын азамат болып өсер ме екен», -деп, шілдеханасына арнайы ақ боз ат шалдырып, дүбірлі той жасаған екен. Бірде Ескелді Нағашы атасына қыдырып барады. Ер жетіп келе жатқан жиенін Төле би сынамақ болып. Ақыл-есінің қаншалықты толысқанын байқау үшін: Досың қайда? Дұшпаның қайда? -деп сұрағағанда, Ескелді сұқ саусағымен жүрек тұсын нұқыпты да, аузын ашып тілін көрсетіпті.

Жақсылық пен Жамандықтың тұрағы қайда? -деп сұрағанда, Ескелді оң иығы мен сол иығын көрсетіпті. Білікті адам қандай? Ақымақ адам қандай? -деп сұрағанда Ескелді күн көзіне күн салып қарап, алысқа үңіліпті, содан кейін көзін жұмып, төмен қарапты. Сонда қарт би «түсіндім» дегендей басын изеп, қолынды жай балам батамды берейін депті. Қонақтар бой жазып сыртқа шыққанда, жолдастары не нәрсені меңзедін деп сұрағанда, Ескелді: қас та, дұшпан да, дос та адамның өзінен. Жүрегін жұмсақ, пейілің кең болса, дос көп. Жүрек адамның төрешісі. Төреші әділ болса, жұрт айналаңа жиналады, сондықтан достықтың діңгегі деп, жүрек тұсын көрсеттім. Тіл адамның әрі досы, әрі дұшпаны. Парасатты сөз айтсаң, біреуге жақсылық тілесең, жан-жағын жарқырап жүреді, байқамай, ағат сөз айтсаң жан-жағын жабыла шағатын жылан шаянға толады. Мен соны мензедім.

Жақсылық пен Жамандықтың тұрағы қайда дегенімде атам әжем айтатын Кариман, Катибин деген екі періште адам баласының жақсылығы мен жамандығын екі иығын да отырып, үнемі жазып отырады екен. Бұл жай сөз емес, әрбір пенде адамдықтан асып кетпесін деген тілектен туған.

Қадірлі ағайын бұл біздің би шешендеріміздің дінді жеткізуде өзіндік әдіс-тәсілін көріп отырмыз. Әдіс-тәсіл қарапайым. Атасының баласына жасаған дұғасы шығар, осынды мәнді де үйлесімді ой қозғауы. Бізде осы Төле би атамыз сияқты кейінгі ұрпағымызға әрқашан дұға етіп жүрейік.

Мақсат РЫСҚАЛИЕВ,
ауданның теолог маманы