15.06.2020, 11:35
Қараулар: 79
СІБІР ЖАРАСЫ

СІБІР ЖАРАСЫ

Сібір жарасы – бактериалды, зоонозды-антропургиялық аса қауіпті, қоздырғышы қарым-қатынас (жанасу) механизмі арқылы берілетін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалуымен, ауқымды ісікпен, ауыр интоксикациямен, сепсистің дамуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Сібір жарасы қоздырғыштарының споралары топырақта (өлген мал денесінде) 50 жылдан аса өмірін сақтайды. Кейіннен уақыт өте келе түрлі факторлардың салдарынан (су тасқыны, дала кеміргіштерінің ін қазуы, құрылыс үшін, жер қазу, карьерлер және т.б) аталған споралар жер бетіне шығады. Жер бетіне шыққан споралар жануарлардың ағзасына түсіп малға жұғуы мүмкін. Кейіннен малдан адамға жұғады.

Қазіргі күні Казталов ауданы аумағында сібір жарасынан өлген мал көмілген 14 орын бар. Бұл жерлердің бәрі санитарлық-карантиндік аймақ болып табылады. Сібір жарасы жұқпасының көзі — ауру ірі мүйізді қара малмен ұсақ мүйізді қара мал. Адамға сібір жарасының жұғу жолдары: ауырған жануарды сою және мүшесін бөлшектеген кезде; мал өнімдерімен қатынаста болғанда (ет, тері, жүн); термиялық өңдеуден дұрыс өтпеген етті дайындау және қолдану кезінде; мал өнімдерін сатып алу, тасымалдау және өңдеу кезінде; ауыл шаруашылық малдары тұрған бөлме мен аймақты жинастыру кезінде; топырақпен байланысты жер қазу және тағы да басқа жұмыстарға қатысу кезінде; сібір жарасының қоздырғышы (спорасы) бар шаңды жұту кезінде; қансорғыш жәндіктер шаққан кезде; жұқтырған уақытынан бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болу сатысы көбінесе 1 күннен 12 күн, орташа 2-3 күн, сирек 6-7 күнге созылады.

Көбінесе сібір жарасының өте жиі кездесетін клиникалық түрі – терілік (жаралық) түрі, сирек ішек (абдоминальды) пневмониялық (өкпелік, медиастиналды) орофарингиалды (ауызжұтқыншақ, ангинозды). Аурудың негізгі клиникалық белгілері: Сібір жарасының терілік түрінде – лимфа түйіндерінің ұлғаюы, жергілікті терінің қабынуы, ісінумен, кейін ауырсынусыз жараның түбінде тығыз құрғақ қара түстес қабыршақтың болуы. Ішек түрінде: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, құсу және қанды іш өту, іш аймағында қатты ауырсыну. Пневмониялық түрінде: қызба қалтырау, әлсіздік, құрғақ жөтел, ентікпе, кеуде аймағында ауырсыну және қатты тершеңдік. Орофарингальды түрі: қызба, тамақта ауырсыну, фарингит, мойынның ісінуі. Аталған аса қауіпті жұқпаның алдын алу мақсатында келесі ережелерді есте ұстаған жөн: ветеринарлық маманның рұқсатынсыз кенеттен мал сою мен өлген жануардың терісін сыпыруды өткізбеу. Жануармен қарым-қатынасқа түскен кезде арнайы киімді пайданалып, қауіпсіздік шараларын сақтау. Міндетті түрде ветеринарлық мамандарға кенеттен өлген және ауыл шаруашылық малдарының ауырғандығы жөнінде хабарлау. Базарда және жеке тұлғадан ветеринарлық куәландырмаған етті қолданбау.

Айсұлу АСҚАР, 

аудандық ТКҚСҚБ басқармасының бас маманы