15.06.2020, 11:24
Қараулар: 70
ДЫБЫС-БЕЙНЕЖАЗБА – АШЫҚТЫҚ КЕПІЛІ

ДЫБЫС-БЕЙНЕЖАЗБА – АШЫҚТЫҚ КЕПІЛІ

Сот процестерінің ашықтығы бүкіл әлемдегі маңызды мәселелердің бірі екені баршаға мәлім. Сондықтан, қазіргі таңда соттарда қолданылып жүрген сот процестерінің дыбыс және бейне тіркеуінің жетілдірілген жүйесін сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз етудің басты тетігіне айналды. Ұлт жоспарының 100 қадам бағдарламасында сот отырыстарын дыбыс-бейнежазба арқылы өткізуге мән берілген. Қазіргі кезде сот залдары толықтай осындай құрылғылармен жабдықталып отыр. Оның сот іс жүргізуінде қолданылуы әділ сот төрелігі мен қолжетімділігіне, судьялар мен сот отырысына қатысушылардың процессуальдық нормаларын сақталуына ықпал етеді.

Сот төрелігінің басты мақсаты — әділеттілікке қол жеткізіп, аталған технологиялар азаматтарға сот төрелігіне деген қолжетімділікті кеңейтіп, оның ашықтығын арттырады, бюрократиялық кедергілердің алдын кесіп, уақыт пен қаржыны үнемдейді. Қазіргі кезде, аудандық сотта сот отырысының барысында дыбыс-бейнежазу құралдарын қолдану үздіксіз жүзеге асырылуда. Сот отырысында дыбыс-бейнежазу қолданған кезде жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасалып, дыбыс-бейнежазба таспасымен қоса іс құжаттарына тіркеледі.

Бейнежазба қағазға түскен жазбаға қарағанда тиімді, әрі сенімді. Сот отырыстарындағы барлық қатысушылардың сөздерін ғана емес, олардың сөз мәнерін, қимыл әрекеттерін түсіріп, іс бойынша позицияларына әділ баға беруге, сот тәртібін сақтауға септігін тигізеді.

Дыбыс-бейнежазба қондырғыларын пайдалануға мүмкін болмаған жағдайда, сот отырысының хаттамасы толық қағаз жүзінде жүргізіледі. Сот отырысының хаттамасының қысқаша түрде әзірлеу сот хатшыларына жүктелген міндеттерді жеңілдетуге жағдай жасайды. Бірінші кезекте азаматтар құқығының тез әрі толық жүзеге асырылуына ықпалын тигізеді.

Сот процестерінде дыбыс-бейнежазу жүйесін міндетті түрде енгізу және бейнежазуды тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндіктің болмауы – азаматтық қоғамның сот төрелігінің заңдылығына, әділдігіне, сапасына, қолжетімділігіне және ашықтығына сенімін одан әрі арттырып, сот процестерінің ашық және жариялы түрде өтуін қамтамасыз етудің ізгі қадамы болып табылады.

 Аида КАТИМОВА,

аудандық соттың жетекші маманы