15.06.2020, 9:52
Қараулар: 65
ҚОЙДЫҢ ЖҮНІН КӘДЕГЕ ЖАРАТТЫ

ҚОЙДЫҢ ЖҮНІН КӘДЕГЕ ЖАРАТТЫ

Мал баққан ата-бабамыз тұрмыс-тіршілігінде, әсіресе, қойдың терісі мен жүнін көбірек пайдаланып, киім қылып, төсеніш қылып, баспанасын сонымен жауып, барлық керегіне жарата білген. Бүгінде сол жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, қай жер болса сол жерде құрттап, шіріп жатыр. Жайлауы малға, қорасы қойға толы қазақ атамыздың жүнді  қашан да қажетіне жаратып отырған. Мән бермедік пе, көңіл қойылмады ма, соңғы жылдары ауыл арасында жүнге деген көзқарастың өзгергені анық. Тіпті, қазіргі қазақ әйелдері қара базардағы «китайский» дүниеге әуес. Бірақ ақпәтерлік Ақгүл нағыз қолөнер шебері десе де болады. Ол шашылған жүндерді пайдаға асырып, кәсібінің кәдесіне жаратуда.

Ақгүл Харесова кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының II бағыты шеңберінде қайтарымсыз 530,2 мың теңге грант алып, ойланбастан ойда жүрген кәсібін қолға алды. Гранттың қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, түрлі қолөнер бұйымдарын жасауда. Бүгінде қыздың жасауына оюлы, сырылған көрпелерді арнайы тапсырыспен тігеді.

-Шетелдік фирманың арзан тауарын алып тұтынды. Ал оның бағасы шарықтап тұр. Төсеніш те осы өнімнен жасалынады. Бір сөзбен айтқанда, жүн – табиғи өнім, қазақтың тұрмыстыққа қажетін толығымен өтейді. Экологиялық жағынан да адам денсаулығына пайдалы. Соңғы кездері тұрғындардан да тапсырыстар жиі түсуде. Әлбетте біз қанымызға сіңген қазақы дүниелерді жасауды ұмытпауымыз керек. Біз өз тарапымыздан жеке кәсібімді ашып, жұмыссыздықпен күресемін деген жанға қолдау білдіретінімізді жеткізгіміз келеді, -дейді қолөнер шебері.

Шебердің дүниелерін қарап әлі де малдың жүнінің құны жоғалмағанының дәлелі деп білеміз. Ендеше, еңбекқор Акгүл апайдың қолөнерге деген құлшынысын бағалай отырып, кәсібінің кеңге жаюына тілекшіміз.

Ақгүл Харесованың көздің жауын алатын бұйымдары сізді қызықтырса, 8705-461-25-68 нөміріне хабарласыңыз.

Жұлдыз АСҚАР