15.06.2020, 9:46
Қараулар: 164
ӨЗЕННЕН СУ АЙДАЛУДА

ӨЗЕННЕН СУ АЙДАЛУДА

Биылғы жылы жауын-шашын мөлшерінің аз түсуі ауданымызда су тапшылығына әсер етуде. Бұның салдарынан қысқы мал азығын дайындау және төрт түлікті суаратын судың өзі тапшы болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында ауданның атқамінер азаматтары Қараөзен мен Сарыөзенге жоғарыдан келген өзен суын көлдіктер мен бөгетте шығаруын ұйымдастыруда.

Күні бүгінде Сарыөзен жағасына жақын орналасқан Қоныс елді мекеніндегі бөгет пен сайға су айдау жұмыстары жүріп жатыр. Су айдау жұмыстарына «КазСуШар» мекемесі тартылған. Тәулігіне 300-400 куб өзен суы канал арқылы Қоныс ауылының бөгетіне айдалуда.


Темірболат ЕРЕКЕШОВ,

Қоныс ауылының тұрғыны:

-Ауылдағы бөгет пен сайға өзеннен су айдау жұмыстары қалыпты жүріп жатыр. Осы мәселені шешіп берген аудан, ауыл әкіміне алғыс білдіреміз. Басшылар су айдауға қажетті жанар-жағармайды тауып берді. Ал жетпегенін ауылдағы қожалық жетекшілері мен ауыл тұрғындарынан қаражат жинап шешетін боламыз.


Мұнымен қоса Казталов ауылына қарасты Солдат көліне де су айдау жүргізілуде. Бұл шаруамен аудандағы коммуналдық шаруашылық мекемесінің мамандары шұғылданып жатыр.
— Ендігі кезекте көлге шыққан суды тиімді пайдаланып, шабындыққа мал түсірмеу қажет. Себебі, біздің аудан Сарыөзенге келетін суды Ресейден қыруар қаржыға сатып алуда,- дейді Казталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов.


Иә, әкімнің сөзінің жаны бар. Биылғы жылы әр тамшы суды мақсатты пайдалану — су тапшылығы мәселесін түбегейлі шешпесе де ауыл халқына біраз көмек болмақ.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар