2.06.2020, 11:02
Қараулар: 52
ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫЛДЫРҒАН «ЖАСЫЛ ЕЛ»

ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫЛДЫРҒАН «ЖАСЫЛ ЕЛ»

«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз мақсатынан тайған емес. Қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, туған жерлеріне қызмет жасауда. Бiр жағынан елiмiздi гүлдендiруге, көгалдандыруға атсалысса, екiншiден әрбiр жас өзiнiң бос уақытын игі іске жаратып жатқаны қуантарлық жәйт болып отыр.
Жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жатқан жастар жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» жастар жинағы құрамында еңбек етеді. Ауданымызда да бұл бағдарлама жыл сайын іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде биыл да ауданымыз бойынша 80 сарбаз жұмысқа тартылуда. Сарбаздар шілде мен тамыз айларында кезекпен жұмыс жасамақшы.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова орталық саябақта «Жасыл ел» сарбаздарымен жүздесті. -Туған жерді түлету – әрбір кіндік қаны тамған адамның борышы деп білеміз. Мұндағы сіздердің басты жұмыстарыңыз өсіп тұрған тал-теректерді күтімге алып, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау. Бастаған істеріңізді жауапкершілікпен атқарады деп сенеміз, -деді өз сөзінде.

Мәриям РАХИМ