26.05.2020, 17:17
Қараулар: 48
Конго-Қырым Геморагиялық қызбасы қауіпті ауру

Конго-Қырым Геморагиялық қызбасы қауіпті ауру

Конго-Қырым Геморагиялық қызбасы (КҚГҚ) — кенеден жұғатын жіті вирустық табиғи ошақтық жұқпалы ауру, көктем, жаз мезгілдерінде орын алады. Вирус адамға кенеден жұғады. Ауру белгілері: дене қызуының көтерілуі, бұлшық еттердің ауыруы, бастың ауруы, жүрек айну, қан кету (мұрыннан, өкпеден, асқазан-ішек жолдарынан) инфекция орнының қанталауымен байқалады. Инкубациялық кезеңінің ұзақтығы 1-ден 14 күнге дейін. Көктемгі, жазғы маусымның басталуымен, тұрғындардың жаппай саяжай учаскелеріне, саябақ, ауыл сыртындағы өзендердің, көлдердің және басқа да тоғандардың жағасындағы демалыс орындарына жаппай шығуы басталады. Табиғат аясына шыққан кезде кенелерден сақтану шараларын ұмытпаған жөн. Демалу, саяжай учаскелеріне жұмыс істеу немесе табиғат аясында жай қыдыруды жоспарлаған кезде кенелерден сақтану шаралары өте маңызды болып табылады. Табиғат аясына шыққан кезде кенелер шақпайтындай, киімдердің ішіне кіріп кетпейтіндей дененің ашық жерлерін жабатын жабық киімдер киген дұрыс. Шалбардың балағын тығыз резеңкесі бар шұлыққа салу қажет. Ашық түсті киімдерде кенелер көбірек байқалады. Кенелер төменнен жоғары қарай жорғалайтынын ұмытпаған жөн. Шөпті жерлер кенелер үшін күннің көзінен қорғануға жақсы орта болып табылады және өзінің олжасын кездестіруге мүмкіншілігі көбірек болады. Әрбір 1,5-2 сағат сайын жабысқан кенелерді анықтап алып тастау үшін өзіңіз және бір-біріңізді мұқият тексеріп қарауды ұмытпаңыз. Олар терінің жұқа және нәзік жерлеріне жабысады: құлақ астына, мойынға, қолтық астына, бастың шаш бөлігіне. Жиі оларды дененің басқа да бөліктерінен кездестіруге болады. Кейде адамдар кездейсоқ гүлдер, ағаштар, киім арқылы әкелінген кенелерден жапа шегеді. Иксодты кенелердің шабуылынан қорғанатын құралдар, яғни акарицидтер(кенелерді өлтіретін дәрілер) бар. Даладан келгеннен кейін денеңізді, киімдеріңіздерді міндетті түрде қараңыз, гүлшоқтарын, сөмкелерді және де егер бірге ілестірген болсаңыз мысықтар мен иттерді де тексеруді ұмытпаңыз. Кенелердің санын азайту үшін ұсақ кеміргіштерді, кенелердің алғашқы даму сатысындағы тамағы болып саналатын – тышқандарды, егеуқұйрықтарды жою бағытында жұмыс жүргізудің маңызы зор. Кене қадалып қалса, кенені денеден алу үшін міндетті түрде дәрігерге көмекке жүгініңіз!

Кенені алып тастау шаралар:

1.Денеге қадалған кенені езгілеуге немесе маймен майлауға болмайды.

2.Орнын иод тұнбасына су араластырып өңдеу.

3.Мықты жіптен жасалған ілмекті кененің тұмсығына іліп, оны терінің үстіңгі жағынан тартады.

4.Сақтықпен, бір жақтан екінші жаққа тербелтіп қозғау арқылы кенені суырып алады.

5.Кенені алғаннан кейін орнын йодпен өңдейді. Кенені қаншалықты жұқпалы екенін анықтау үшін кенені обаға қарсы стансының зертханасына тапсырады, онда вирустың бар, жоқтығын анықтауға зерттеу жүргізіледі. Егер сізді кене тістеп алса және сіз оны үй жағдайында шығара алмасаңыз дереу тұрғылықты жеріңіз бойынша медициналық көмекке жүгіну қажет.

Асқар Айсұлу, 
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы