21.05.2020, 11:39
Қараулар: 23
ТУЛЯРЕМИЯ АУРУЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

ТУЛЯРЕМИЯ АУРУЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!


 

 

 

Туляремия қандай ауру, одан қалай сақтануға болады? Соған тоқталып өтелік: туляремия табиғи ордалы тышқандар арасында болатын адам үшін өте жұқпалы ауру. Бұл аурумен бұрын ауырмаған ересек те, бала да ауырады. Оның микробтары даладағы тышқан, қоян, тиын және басқа да хайуандар денесінде өсіп өнеді.
Бұл аурудың ерекше өзгешелігі ауру көбінесе ауылды — селолы жердегі ел арасынан басталады, өйткені бұлардың күнделік кәсібі мал бағу, шөп шабу, егін егу, жинау, аң, балық аулау болғандықтан сырқат микробтары адаммен кездеседі. Тышқандар ішінде көбінесе туляремиямен сулы жерді мекендейтін қара тышқандар (водная крыса) ондатор т.б. сондай-ақ шөлдегі егін, шөп, сабан маяларды мекендейтін көптеген ұсақ дала тышқандары мен қоян, аламан сияқты кеміргіштер ауырады. Туляремия микробтарын жұқтырып алған үй тышқандары арқылы бұл сырқат үй малдарына жұғуы мүмкін.
Түрлі себептермен ауру мал сойылса малдың қаны арқылы сойған, мүшелеп бөлген адамға микроб жұғады. Бұл жағдай бойындағы қасапшылар арасында кездеседі.
Туляремия микробы жай көзге көрінбейтін өте ұсақ болғандықтан қолдың, аяқтың,  дененің болмашы жарақат сызаттары кейде бүтін тері арқылы да өтіп қан арқылы микроб тез көбейіп өседі. Туляремиямен ауырып жүрген тышқандардың құмалағы, несібі, құсығы, мекендеген іні арқылы микроб сау тышқандарға жұғып одан әрі тарайды.
Аурудың етек жайып кетуіне қан сорғыштар: маса, сона, шыбындар да себепкер болады. Бұлар ауру тышқандардың қанын сорып алып барып сау тышқанды, адамды шақса шаққан жері ісіп бөртіп, аяғы жараға айналады да жараның уытынан таяу жердегі бездері ісінеді.
Қансорғыштар дененің кеуде жағының бір жерін шақса тамақ, мойын, қолтық бездері іседі, белден төменгі жақты шақса көбінесе шап бездері іседі. Аурудың аз уақытта көпке тарап кетуіне осы аурудың микробымен былғанған су себепкер болады. Мұндай суды ішкенде, жуынғанда түрлі шаруашылыққа пайдаланғанда, шомылғанда, балалар сумен ойнағанда микроб сау адамға жұғуы мүмкін. Тышқандар арасында індет болған кезде қандай жолмен болса да адам микробқа кездесіп қалмай тұрмайды. Бұл аурудың тағы бір ерекшелігі сырқат ауру адамнан сау адамға жұқпайды.
Туляремия ауруынан сақтану жолдары. Ауру тышқандар мен қан сорғыштар арқылы тарайтындықтан ең алдымен тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Тышқандар тым көбейіп өсіп кетпеуіне қарсы шаралар қолданып үй маңы,  қора, сарай, қоймаларды уақтылы, тазалап дәрілеп тұру шарт. Азық-түлік сақтайтын қоймалары түрлі қалдықтардан тазартып, тышқандар мекендеп жүрген шөп, қоқыр-соқырларды жағып өртеп жіберу керек. Ел су ішетін құдықтарды тышқан түспейтіндей етіп шеңберлеп, аузын биіктетіп қақпақпен жабылатын болсын. Ауру микробтарына қарсы химиялық жолмен: хлорофос ертіндісі, дуст тағы басқа дезинфекциялық заттар қолданудың арқасында ауру микробын таратушылар азайды. Кеміргіштер арасында туляремия індеті басталған кезде жұртшылыққа қауіпсіз болу үшін алдын ала жоспарлы түрде туляремия вакцинасы егіледі.
Дәрі егілген адамның денесінде иммунитет (ауруға қарсы тұратын күш) пайда болады да, егілген күннен бастап бес жылға дейін қандай қауіпті жағдай да болса да туляремиямен ауырмайды.
Егу жұмысының аурудан сақтануға зор пайдасы бар екені көпшілікке белгілі болса да осы өте пайдалы қамқорлықты түсінбеушіліктің салдарынан егу жұмысына салақ қарап, бас тартатын адамдар әлі де болса кездеседі. Туляремия ауруының қауіпті жиі болып тұратын жерлердің адамдары бес жыл сайын қайталанып егіліп тұрулары керек. Бұл жұмысты қадағалау міндеті жергілікті дәрігерлер, үй иелері, ата-аналар мен мұғалімдерге жүктеледі.

 

Марина Мұхамбетқалиева,

аудандық тауарлар мен көрсетілетін
қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы